Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Құран хақында жалпы түсінік
23:10, 16 қыркүйек 2016

Құран хақында жалпы түсінік


Адамды жаратып, оның әлсіздігі мен мұқтаждықтарын білетін Аллаһ Тағала оны мына дүниеде қараусыз қалдырмады. Адамзаттың атасы хазіреті Адамнан бастап ақыр заманның үмбетіне дейін әр дәуірде адамзаттың қажеттілігі мен сана деңгейіне қарай илаһи (құдайлық) хабарды сол қауым ішіндегі арнайы таңдалған пайғамбарлар арқылы жіберді. Адам¬заттың санасы бұрынғыдан гөрі дамып, толысқан уақытта ақырғы пайғамбар хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) арқылы 23 жыл бойы уахи етіп, Құранды түсірді.

Құран – адамзатты қараңғылыққа көмілген заманда қапастан құтқарып, нұрға бөлеген нұр мен рақымға толы кітап. Құранда Аллаһ Тағала былай дейді: «Ол сендерді қараңғылықтан жарыққа шығару үшін құлына ап-ашық аяттар түсірді. Сөзсіз Аллаһ сендерге тым мейірімді, аса рақымды». «Біз мұсылмандарға Құраннан шипа мен рақым түсіреміз. Бұл залымдардың зиянын ғана арттырады».

Құран – тарихтағы өзіне дейінгі адамдардың қолымен бұрмаланған өзге илаһи кітаптарға ұқсамаған жалғыз уахилық кітап. Осы жағынан Құран өзге кітап пен діндерді бағалауда жалғыз құқылы кітап. Оның нақты мәнісі – Тәурат, Інжіл, Зәбур және Құранның бір бастаудан келуінде. Себеп – Тәурат пен Інжіл ғасырлар бойы адамдардың бұрмалауына ұшырап, Құранның әлі күнге дейін бір әрпі де өзгертілмей сақталуында.

Құран – жоқтан жаратылған жеті қат әлем атты алып кітаптың шексіз тәржімесі. Ұлы Жаратушы әлемді Өзінің ұлылығы мен құдіреттілігін таныту үшін жа¬ратқан. Қасиетті хадисте Аллаһ Тағала: «Мен құпия қазына едім. Мені танып білсін деп, әлемді жараттым», – дейді. Әлем-кітабын адамзатқа арнайы ұсынып, сол кітабы арқылы бізбен тілдеседі. Ендеше, адам ба¬ласы алып кітапты оқып, оның тылсым-сырын ақтарып, негізгі мақсатты табуы шарт. Әлемнің мән-мағынасын ұғынуы керек. Бірақ адам пендесінің санасы өлшеулі. Сансыз болмыстың құпия сырын адамзат Ұлы Жаратушының пайғамбары арқылы жіберген кітап кілтімен ғана аша алады. Ол – Ұлы Жаратушының әлемді көз алдымызға елестетіп бізге танытқан Құран кітабы.

Құран адамзаттың сан ғасырлар бойы санасы дамып, кемелдік деңгейге жеткен сәтте түскен. Ол осыдан он бес ғасыр бұрын түссе де, қазір де, қияметке дейін де адамзаттың барлық мәселелерін шешуге жетіп артылады. Құранда Аллаһ Тағала: «Болашақта дәлелдерімізді ғаламзат және өз жаратылыстарында көрсетеміз. Сол кезде олар оның (Құранның) ақиқат екендігіне анық көздері жетеді», — дейді. Яғни, келешекте адамзаттың күллі болмысы мен Құран арасындағы тылсым байланысты түгел зерттеп, ақыр соңында Құранның Ұлы Жаратушының кітабы екендігіне нағыз ақыл иелерінің көздері жетеді.

Құранның бұрынғы кітаптардан тағы бір ерекшелігі – алғашқы түскен парақтар мен барлық кітаптардың мазмұнын қамтуында.

Құранның түсуі аса қажет еді. Адамзат — жеті қат алып сарайдың аса қадірлі қонағы. Бүкіл әлем тек адамға арналып жаратылған. Адамзат дүниеге Ұлы Жаратушының жарлығын орындап, ғаламат сарайын тамашалай жүріп, Оған ғибадат етіп, хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.): «Адамның жақсысы – адамға пайдалысы» дегеніндей, ізгілік жасап, халыққа пайдасын тигізіп, кейінгі ұрпаққа өшпестей жақсы із қалдырып, жасаған жақсылығының қарымтасына алдағы ақырет әлемінен мәңгілік бақыт мекенін сатып алуға келген. Егер ақырет әлемі мен ондағы мәңгілік өмір болмаса, бұл өмір мен жаратылыстың ешбір мән-мағынасы қалмас еді. Адам баласы бұ дүниеге текке келіп, құр қол кеткен болар еді. Алайда әлемнің жаратылыс мақсаты – Адам. Әлем – алып ағаш, адам соның жемісі мен мәнісі. Адамның жемісі мен мәнісі – мәңгілік бақытты ғұмыр кешу. Ендеше, ақырет болмаса, бұл ғұмыр босқа жаратылды деген мағына шықпай ма?! Адамзатты бұл фәниге қастерлеп әкелген Ұлы Жаратушының онымен тілдеспеуі, сынақ-әлеміне нендей мақсатпен шақырғанынан хабар бермеуі мүмкін емес. Сөзсіз, елшісі арқылы хабар беруі тиіс еді. Сол хабардың ақырғысы осы Құран. Егер Құран болмаса бұл ғұмырға неге келгенін ұға алмай, сахарада сағым қуған жанға ұқсар еді. Бұдан бұрынғы түскен кітаптар түгелдей адам қолымен бұрмаланғандықтан, Ұлы Жаратушыдан толық мәлімет ала алмай санасы сарсаңға түсері хақ. Әрі бұрынғы кітаптар сол заманның санасынан аса алмаған еді.

Құран – Аллаһ Тағаланың есімдері мен сипаттарының жер мен көкте жасырылған рухани қазыналарын табушысы. Онсыз Аллаһ Тағаланы тани алмайтын едік. Әлем – Ұлы Жаратушының есімдері мен сипаттарының шағылдары. Құран бізге әлемдегі сол шағылдарға көз тастатып, солардың нағыз иесінің қандайлығын танытады. Көзімізді мысал етейікші. Көру қасиетінің қайнары – Аллаһ Тағаланың Басир (Көруші) сипаты. Басир Жаратушы күллі жаратылысты көреді. Біздікі шектеулі. Әрі бүгін бар, ертең жоқ. Мерзімі біткенде ғайыпқа айналады. Ендеше көру қасиеті тікелей бізге тән емес. Бар болғаны тасқа түскен сәуледей, Аллаһ Тағаланың Басир сипатынан түскен шағыл ғана. Күннің жарығы да Жаратушының Нұр есімін танытқан шағылы ғана. Күнге зер салсақ, оның сөнуге бет алған дене екенін байқаймыз. Ендеше, ондағы сәуле мен қуаттың қайнары – Аллаһтың Нұр есімі. Құран әлемнің таңғажайыптылығынан сөз қозғай келе, олардың қайнар көзі – Ұлы Жаратушының есімдері екендігін айтып, адамзатқа ғибрат береді.

Құран – Исламның рухани кеңістігінің көгінде жарық шашқан нұрлы шырақ. Құран – Исламның негізі мен мәні. Құран – ақырет әлемінің де қасиетті картасы. Ол тек қана бұл ғұмырлық адамдар арасындағы қарым-қатынас емес, сонымен қатар келешек мәңгі әлемді де тамаша түсіндірген кітап. Құран — ақыреттік мекен-жайды, ондағы жәннаттың аса ғажайыптығы мен сұлулығын және жаһаннамның жан шошырлығы мен қорқыныштылығын суреттеп, бізге нендей қам жасауымызды үйреткен кітап. Задында, адам баласының Отаны – жәннат. Адамзаттың ата-анасы сол жерден келген. Бірақ адам баласы сол Отанына жеткенше әлі талай сапар шекпек. Құран осы Отанына асығып, бұл ғұмырдан өтіп бара жатқан жолаушының қолына берілген жол картасы. Құрансыз адамзат күні ертең алдынан не күтіп тұрғанын біле алмай, қатты күйзеліске түсер еді.

Құран – әрі адамзаттың тәрбиешісі. Құранның ба¬сты мақсаты – адам баласының жан-тәнін кірден арылтып, рухына ғайыптық қанат тағып, жәннатқа лайық ету. Асылында, Құраннан тәлім-тәрбие алған адам рухының бұл дүниесі де жәннатқа ұқсас. Өйткені, адамның жан дүниесі мен болмысын тәрбиелеуде ең кемел әдісті адамды жоқтан жаратқан Аллаһ Тағала ғана біледі.. Ендеше, Құран – адамзаттың жалғыз тәрбиешісі.

Құран – күллі адамзаттың заттық және рухани қажеттілігіне сай, кең ауқымға ие, қасиетті дара кітап. Құран адам баласының тән азығы мен жан азығы, бұл фәнилік ғұмыры мен ақыреттік өмірі, адамның жеке басы мен отбасы, экономика, саясат, басқару жүйесіне бірдей жеткілікті кітап. Құран адам өміріне немқұрайдылықпен қарамай, оның барлық қажеттілігін қамтыған кітап. Адам баласы дүрбелең өмірдегі бөгеттер мен асулардан соның көмегімен өтіп, дертінің дауасын, рухының азығын Құраннан ғана табады. Құран – сөзі де, мағынасы да өзіне тән Хақ тағаланың адамзатқа жіберген ақырғы кітабы.

М.Исаұлы, «Мәңгілік мұғжиза» кітабынан.


1. Идрис Шенгүл. Куран үзеріне. Ышык баспа үйі. Измир. 1994. 233 бет.
2. әл-Бақилани, Әбу Бәкр Мухаммәд ибн Тәииб. И’жазул-Қуран.
Дарул-Ма’ариф. Египет. 1963. 3 бет.
3. «Хадид», 54/9.
4. «Исра», 17/82.
5. «Фуссилат», 41\53.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.