Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Бизнесін ойлаған балгер әйел
13:41, 21 қараша 2016

Бизнесін ойлаған балгер әйел


Білім қақпасы атанған әзіреті Әлидің(р.а) халифа болып тұрғанында мынандай бір оқиға орын алады. Әзіреті Әли (р.а) сарбаздарымен жорыққа шыққалы тұрғанда Ибн Ауф атты көріпкел халифаға келіп: «Тап қазір жолға шықпа, үш сағаттан соң шық. Сонда жеңіспен ораласың, ал қазір шықсаң жеңіліп қайтасың», — дейді.

Әлгінің сөзін тыңдаған әзіреті Әли (р.а): «Біз көріпкелдерге жүгінбейміз, Аллаға ғана тәуекел етеміз! Құранда: «Кімде-кім көріпкелдің сөзіне сенсе, Алланың сөзіне сенбегені, кәпір болғаны»,- делінген. Сондықтан, біз тап қазір сәтсіздік жорылып тұрған кезде шығамыз», — дейді. Сосын адамдарға қарап: «Уа, мұсылмандар! Көріпкелдердің айтқандарына сенбеңдер! Себебі көріпкелдер – сиқыршылардың бір түрі. Ал сиқыршылар құдайсыздардың бір түрі. Құдайсыздардың барлығы да тозаққа тасталатынын сендер білесіздер!» — деп, сол сағатта жорыққа аттанады. Алланың қалауымен бұл сапардан жеңіспен сәтті оралады. Міне, бізден бұрынғы иманға келгендер көріпкелге емес, Аллаға тәуекел еткен. Оларда тәуекелшіл жүрек, толағай сенім болды.

Ел іші «кризис, кредит» деген тығырықтан шыға алмай жатыр. Көп адамдар иман әлсіздігінен психологиялық демеуге мұқтаж деуге болады. Жаз, қыс демей, көшелерде, базарларда, жүргінші көп жүретін жерлерде құмалақ ашып, көріпкелмін деп көлгірсіп отырғандар жеткілікті. Көрінгеннің қабағына қарап, соқыр тиынға телміргендерге кейде аянышпен қараймын. Алладан алғыс емес, қарғыс алғандардың аузынан қандай жөні түзу сөз шығады.

Ақша кімге керек емес? Тіртінектеп жиған тиын адал жолмен табылса, құба-құп. Ал, керісінше болса ше? Жүрдек пойызға мінген бір сапарымда орта жастағы әйелді көрдім. Жолаушылар арасында жүріп әлгі апамыз: «Құмалақ аштырамыз, құмалақ ашамыз»,-деп жүр. Бұл бизнесін ойлаған балгер. Сол әйел өз қолымен бәліш істеп сатса, әлдеқайда дұрыс болар еді. Себебі, құмалақшы мен көріпкел сенің тағдырыңды түзете алмасы анық. Тіпті картамен, адамның суретіне қарау арқылы да сөйлейтіндерге барушылар аз емес сияқты. Осыған қарап, ел ішінде алаяқтарға сенетіндер әлі де бар болғаны ғой деген ойға қаласың. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде: «Біз, Құранды шипа, мүміндерге рахмет етіп түсірдік»,деген («Исра» сүресі, 82-аят). Демек, ауырсаңыз да, басыңызға сынақ келсе де, Жаратушыдан ғана сұрай аласыз. Құран Кәрімде: «Көктегі және жердегі құпияны Алладан басқа ешкім білмейді. Халайық қашан тірілетінін де білмейді»,-деген («Нәміл» сүресі, 65-аят).

Дінімізде балгерлік, көріпкелдік, құмалақ ашу күпірлікке апаратын жолдар. Ібілістің әскеріне болысып, балгер, құмалақшы, көріпкелге сену сенімге селкеу түсіреді.  Қасиетті Құран Кәрімде: «Шайтандар кімге түседі, сендерге хабар берейін бе? Олар әрбір өтірікші, күнәһарға түседі»,- делінген («Шұғара» сүресі, 221-222 аяттар). «Расында шайтандар сендермен тартысу үшін, өз сыбайластарына сыбырлайды. Егер оларға бой ұсынсаңдар, серік қосушылардан боласыңдар»,- делінген («Әнғам» сүресі, 121-аят).

Пайғамбарымыз (ﷺ) да жамағатты балгер, көріпкел, құмалақ ашатын және сол сияқтыларға барудан қайтарған. Кімде-кім ондай адамдарға барып, олардың ісін дұрыс десе, діннен шығып, кәпір болады. Сенбегеннің өзінде барғаны үшін қырық күндік ғибадаты қабыл болмайды. «Шайтан адамдардың арасына от салуды қалайды»,- деген («Мәида» сүресі, 91-аят).

Расулулла (ﷺ): «Барша адам баласының серігі (шайтаны) бар»,-деді. Сахабалар: «Я, Расулулла, Сізде де бар ма?»-деп сұрады. Расулулла (ﷺ): «Менде де бар еді. Алла Тағала мені одан сақтады. Сөйтіп мен одан аман қалдым»,- деп жауап берді.

P.S. Менің туған ауылымда әп-әдемі мешіт бар. Жасы алпысқа келген ақсақалдар анда-санда ғана бас сұғады. Ал, апаларымыз қит етсе, бал аштырып, болашағын болжатып, не бәле келді деп білуге құштар, тіпті «түшкіртіп» алғанды жақсы көреді. Сонда деймін, Аллаға сенім қайда қалды?

Алла тағала бізді және ұрпақтарымызды тура жолда болушылардан етсін. Мұндай жамандықтан сақтасын деп тілейміз.

Гүлнұр Қаржаубайқызы


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2020 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.