Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Мүбәрәк күйеу бала
22:49, 15 қазан 2016

Мүбәрәк күйеу бала


Ертеде Мәрв қаласының қазысы қызының бойжетіп, қалыңдық болатын жасқа келгенін ойлап, оған лайық жар іздей бастайды. Хабар ел-елге тарап, есігін қаққан құда түсушілердің саны күннен-күнге арта түседі. Бірақ қазы мырзаның асығатын түрі жоқ. Айттырушыларды әбден сынап, тергеп, олардың арасынан жалғыз қызына күйеу болуға лайық жігіт таппайды. Сөйтіп жүргенде қазы бір күні  түс көреді. Түсінде қызын өзінің қол астындағы Мубәрак деген құлына қосу туралы аян беріледі. Тура сол түсті бірнеше қайтара көреді. Содан қол астындағы құлын ары-бері сынап көреді. Нағыз күйеу бала болатындай сенімді, салиқалы екеніне көз жеткізгеннен кейін қызын соған беруге шешім қабылдайды. Қазының шешімін естіген жора-жолдастары ауқатты, текті жерден басқа да жігіттердің табылатынын айтып, қазыны райынан қайтармақ болады. «Қазының қызы мен  құл тең бе?» –  деп даурығады. Бірақ қазы айтқан сөзінен таймай, қызының да ризашылығын алады. Қыз бен  құлды шақырып, екеуін үйлендіреді.

Арада бір айдан аса уақыт өтеді. Бір күні қазы қызының хал-жағдайын біліп қайтайын деп, жас жұбайлардың үйінде қонақ болады. Әкесімен оңаша отырып әңгімелескенде, қыз күйеуінің өте жақсы адам екенін айтып, бірақ осы уақытқа дейін әлі қасына да жақындамағанын білдіреді. Бұл іске таң қалған қазы, «әлде қызыма жаңылыс адамды таңдадым ба?» – деп ішінен күдіктене бастайды. Дереу күйеу баласын шақыртып, істің мәнісін сұрайды. Жігіттің жауабын естіген қазы көз жасына ерік береді. Қызын нағыз өзі қалағандай жігітке бергеніне көзі жетіп, көңілі шат-шадыман болады. Аллаһқа деген шүкіршілігін мың мәрте қайталайды. Сонда күйеу баласы былай деген екен: «Әке, кешіріңіз! Құдай ақы, сіз туралы жаман ойлайды дей көрмеңіз! Сіз қаланың атақты қазысысыз. Сізге келіп-кетушілер өте көп. Үйіңізге сыйлықтар, сый-сияпаттар алып келушілер де болады. Аллаһ тағаланың аманаты ретінде маған берген қызыңыз бәлкім, білместікпен сол келген сый-сияпаттардан дәм ауыз тиген болар деп қорықтым. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) адамның асқазанына түскен харам нәрсенің әсері қырық күнде бірақ қайтатыны туралы айтқанын естіген едім. Қымбатты жұбайымды алдымен қырық күн өзімнің  маңдай теріммен тапқан адал табысыммен асырайын дедім. Егер одан кейін Аллаһ тағала бізге бала нәсіп етсе, баламыз салиқалы болсын деп тілеп едім».

Ислам елдерінде  аса құрметке ие болған үлкен әулиелердің бірі Абдуллаһ ибн Мубәрак деген кісі осы жанұяда  дүние есігін ашады.

Әрине, бұл жерде ерлі-зайыптылар осылай міндетті түрде қырық күнді ұстану керек деген ойдан аулақпыз. Бұл шариғат бойынша белгіленген нәрсе емес. Тек бұрынғы тақуа мұсылмандардың қайырлы ұрпақ тәрбиелеудегі жол-жосықтарына және отау құрған алғашқы күндерінен-ақ өздеріне аманат ретінде берілетін бала-шағаны ойлап, олардың тәрбиесіне кіріскен алғашқы қадамдарынан үзінді ғана. Бәлкім, осы ғибратты әңгімелер біздің де бала тәрбиесі жайлы ойымызға қанат беріп,санамызды оятар.


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.