Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Тәураттағы хабарлар
22:02, 15 қазан 2016

Тәураттағы хабарлар


Жоғарыда айтылғандай, хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығы мен түр-түсі, іс-әрекеті туралы Тәурат пен Інжілде көп мағлұматтар болған. Алайда Аллаһ Елшісі пайғамбар болып келгенде екі кітаптың аманатшылары ол хақындағы мағлұматтарды өз мүдделері үшін өзгертулеріне тура келген. Бірақ қанша өзгертсе де әлі де талай хабарлар сақталып қалған.  Мысалы, алысқа бармай-ақ 1944 жылы Лондонда арабша аударылған Тәураттың бір жолына көз салайық. «Аллаһ Тағала адамзатқа Синада жақындады. Сайрда шағылып көрінді. Фаран тауларында көрініп, өзінің біртұтас толықтығын жария етті». (Сифр, Тәсния, баб: 33:2). Синада жақындауы – Аллаһ Тағала адамзатқа деген рақымдылығын хазіреті Мұса (а.с.) арқылы көрсетуі. Яғни, бұл – оған берілген пайғамбарлық. Сайрға келсек, ол – Палестина жері. Хазіреті Исаға (а.с.) берілген пайғамбарлық. Ол Хақ тағаланың нұрын сол аймаққа жайған. Фаран – Мекке қаласы. Өйткені, Тәураттың басқа бір жолында хазіреті Ибраһим баласы Исмайылды Фаранға тастап кеткені хақында айтылады. Ендеше, Тәураттағы Фаран – қазіргі Мекке қаласы. Тәурат жолының жалғасында: «Оның жанында мыңдаған жарқыраған асыл тастай достары һәм оң қолында оттан айбалта болады» дейді. Хазіреті Исаның (а.с.) он бір хауари–серіктерінен басқа достары болмаған. «Асыл тастай достар» әлбетте хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) сахабалары. «Оттан айбалта» болуы дінін тарату үшін жиһатқа шығуы[1]. Ал аталмыш жолда айтылғандай «Фаран тауларында көрінуі» – хазіреті Мұхаммедке (с.а.с.) Мекке тауының Һира үңгірінде уахи келуінің басталуы. Демек, Аллаһ Тағала  «Өзінің біртұтас толықтығын» яғни, жаратылыстан пәк, жалғыздығы мен даралығын Құран арқылы танытты. Тәураттың басқа бір аятында Хақ Тағала хазіреті Мұсаға былай дейді: «Олар үшін (Израйл ұрпақтары) бауырларының арасынан сен секілді бір пайғамбар шығарамын да, сөздерімді оның аузына саламын. Ол әмірлерімнің барлығын оларға айтып жеткізеді» (Сифр, Тәсния, 18:18). Осы аяттағы «Израйл ұрпақтарының бауыры» деген сөз тіркесі хазіреті Исмайылдың ұрпағынан келетін пайғамбарды меңзейді. Оның нәсілінен келгені білінген жалғыз пайғамбар – хазіреті Мұхаммед (с.а.с.). Сөзді аузына салуы – оның умми болуы. Аталмыш аяттағы пайғамбар-дың хазіреті Иса (а.с.) мен хазіреті Юша (а.с.) болу ықтималына келсек, бұл ақылға симайтын нәрсе. Өйткені, біріншіден бұл екеуі де Израйл ұрпақтары. Екіншіден, хазіреті Юша шариғатпен келмеген. Хазіреті Исаға кітап түссе де, ол Мұса пайғамбардың шариғатына ілескен.

Әрі «Әшиә» кітабының қырық екінші бабында мынандай аят бар: «Хақ Тағала ақырзаманда өзінің таңдалған құлын пайғамбар етіп жібереді. Оған Жебрейіл арқылы илаһи дінін үйретеді. Ол одан үйренгендерін толықтай халыққа үйретіп, ел арасында хақпен үкім береді. Ол бір нұр. Халықты зұлыматтан құтқарады. Раббының маған алдын ала білдірген хабарын сендерге жеткіземін»[2]. Міне, осында хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) сипатын анық баян еткен.

Және «Миһайл» кітабының төртінші бабында: «Ақырзаманда бір рақымды үммет шығып, Хаққа ғибадат ету үшін мүбарак тауды таңдайды. Барлық аймақтан сол жерге көптеген халық жиналып, Жалғыз Раббына құлшылық етеді. Оған ортақ, шірік қоспайды»[3]. Міне, осы жерде қасиетті тау Арафат тауы аталып, сол жерге әлемнің түкпір-түкпірінен қажылыққа келіп, Ұлы Жаратушыға ғибадат ететін «рақымды үммет» аталған хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) үмметі ап–анық баян етілген.

Інжілде: «Егер мені жақсы көрсеңдер, әмірлерімді орындаңдар. Мен Раббыма жалбарынамын. Ол сендерге үнемі өздеріңмен бірге болу үшін менен басқа бір жұбатушы, ақиқат рухын (Фарақлитты) береді». (14: 15–16). Фарақлит – хақтың рухы, ақиқат пен жалғанды бір–бірінен тұтастай айырған деген мағынаға саяды. Басқа Інжілдің аятында  хазіреті Иса: «Фарақлит келу үшін мен кетемін»,–дейді. «Фарақлит келген кезде барлық әлемді жасаған қателіктері үшін кінәлап, оларды тәрбие етеді» (Иохан, баб:16–8). Осы жерде тарихқа көз салып қарасақ, хазіреті Исадан кейін кім ақиқат пен жалғанды айырып, ғаламзатқа жан бітірді?! Құран келмей тұрғанда күллі әлем қараңғылықта еді. Оның нұрымен ғалам қарық болып, адамзат ақиқат пен жалғанды таныды. Алайда христиандар хазіреті Мұхаммедті (с.а.с.) таныса да мойындамады. Хазіреті Исаның да кеткеніне екі мың жылдан астам уақыт өтті. Бірақ олар әлі сол бір Фарақлитты күтуде. «Фарақлит келу үшін мен кетемін» деген хазіреті Исаның сөзі дұрыс болмағаны ма? Олардың ұғымы бойынша екі мың жылда келмеген Фарақлит сонда қашан келмек? Негізінде, алғашқы еврейлер мен христиандар хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбар екенін білгенмен, оның ұлты араб болғандығынан яки саяси мақсаттармен қабыл етпеген. Бірақ оның пайғамбар екенін амалсыз мойындаған. Мысалы, Рим императоры мойындап: «Иә, Иса Мұхаммедтің келетіні жайлы хабар берген»,–дейді[4]. Еврейлердің атақты ғұламаларынан Ибни Сурия, Ибни Ахтаб және оның бауыры Каб ибн Әсад және Зубәйр ибн Батия секілді адамдар мұсылман болмағанмен хазіреті Мұхаммедті (с.а.с.) мойындап: «Иә, кітаптарымызда оның сипаттары мен басқа да көптеген хабарлар бар»,–деп мақұлдаған[5]. Эфиопиялық несториан және Эфиопияның сол замандағы басшысы хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) сипаттарын кітаптарында көрген-діктен мойындап иман еткен[6]. Және сол заманның христиан басшыларының бірі Харис ибн Әби Шумәрил Ғасани және Шамдық Сахиби Илба, Рим императоры, Ибни Натур, Жаруд секілді дін басылары мен басшылары ақырғы Пайғамбарды кітаптары арқылы танып, иман келтірген. Бірақ Рим императоры тағынан айырылып қалмау үшін иманын елден жасырған деседі[7]. Пайғамбарлықтан бұрын да оның келетінін біліп, сырттай иман етіп, өмірден өткен Шамул, Йеменнің сол кездегі басшысы Тубба секілді еврейлер мен христиандар болған[8]. Тіпті, олар ақырғы пайғамбардың Мәдинаға һижрат ететінін де білетін. Бірде жүрегі Ұлы Жаратушыға деген мағрипатқа толы Ибни Хәйәбан атты кісі Мадинаға келіп, Бәни Надыр тайпасына қонақ болады. Ол әңгіме үстінде: «Пайғамбардың шығуына өте аз қалды. Осы жер оның һижрат ететін жері»,–дейді[9]. Кейіннен Бәни Надыр тайпасы хазіреті Мұхаммедпен (с.а.с.) айқасуға бел буған шақта сол тайпадағы Сайә деген кісінің екі баласы елге жар салып: «Бұл баяғы Ибн Хәйәбанның бізге айтып кеткен адамы ғой. Онымен соғыспаңдар»,– деп араша түседі[10]. Әрі Рим империясы-ның беделді христиан ғалымы Дағатыр деген адам Пайғамбардың сипатын анықтап, иман етіп, ел ішінде жар салған. Сол үшін де ол ұсталып, өлтірілген[11]. Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) «Салман менің әһли бәйтімнен» деп, өзіне өте жақын санаған атақты сахаба Салман Парыс та бұрын христиан еді[12]. Тіпті, ол бұрын отқа табынушы болған. Бірақ ол ұзақ уақыт ақиқат дінді іздеп кейіннен христиан болып, христиандықты жақсы білетін поптардан дәріс алады. Ақырында, соңғы кездескен ұстазы өлер алдында келетін пайғамбардан хабар беріп, оның негізгі белгілерін айтып, соған жет деп өсиет айтып кеткен. Кейіннен Салман Мәдинадан Пайғамбарымызбен кездесіп, оның ұстазы айтқан бұлтартпас белгілерін көріп, иман келтірген[13].

Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.с.) жас кезінде сауда жасау мақсатымен Сирияға және Йеменге барғаны белгілі. Ал, Сириядағы Ғассанилер мен Йеменнің Нәжран аймағында тұратын Харис ұрпақтары христиан дініне кірген еді. Голдциер және басқа да шығыстанушылары хазіреті Мұхаммедке (с.а.с.) сол араб христиандарының діни әдет–ғұрыптары мен мәдениеті әсер етуі ықтимал деген пікірлер айтады. Осылайша жаңа пікір арқылы қараңғылықта қалған елін ояту үшін оны пайдаланған болуы мүмкін дейді. Алайда тарихи деректер оның Йемендегі Ғураш жәрмеңкесінен ары аспағанын баяндайды[14]. Осы жерде бір сәт үшін оның сол замандағы христиандармен байланысқанын мақұлдайық. Бірақ оған олардың тұрмыс салты мен мәдени тіршілігі ұнай қояр ма еді? Ол заманда христиандар қандай күйде болды? Ендеше, христиандардың тарихи деректеріне көз салып көрейік. Дж. Сейл пікірлерін былай баяндайды: Егер шіркеу тарихына терең үңіліп қарасақ, поптардың бос нәрсеге сөз таластырып, араздасу салдарынан христиан әлемінің үшінші ғасырдан бастап бұзыла бастағанын көреміз. Христиандар нәпсіқұмарлықтарына беріліп,  жамандықтар белең алды. Олар қызғану мен қастық жасауда бір-бірімен жарысқандай еді. Христиандықты жөнсіз талдау арқылы сол дінді қоғам өмірінен мүлдем алыстатып жіберді. Осы қараңғылық дәуірде жамандық атаулы қаулап өсіп қана қоймай, тамырын әбден тереңге жайып алды. Изник консулінен кейін ағымдардың өзара бақталастығынан шығыс христиандығы жермен-жексен болды. Батыс христиан-дығы да бұдан артық емес еді. Дін басылары Рим папалығына қол жеткізу үшін өз ара күрес жүргізді. Үкімет басшыларымен қатар поптар арасындағы діни сенімнің бұзылуы жалпы халықтың бұзылуына әсер етті. Барлық халықтың мақсаты – қандай жолмен болсын мал тауып, тапқан дүниесін сән-салтанат пен харам жолдарға жұмсау ғана еді[15]. Христиан әлемінің сол заманда осындай күйге душар болғанын барлық тарихи деректер айғақтайды. Христиан әлемі осындай халде болса, кейіннен христиан дініне өткен арабтар қалай ғана көркем мінезге лайық бола алмақ? Олар тіпті христиан бола тұра, өздерінің бұрынғы пұттарын тастай алмаған еді. Хазіреті Әли Тағлиби христиан арабтардың олардан тек қана шарап ішуден басқа еш нәрсе үйренбегенін айтады. Мінеки, сол дәуірдің христиан әлемінің хал-ахуалы осылай. Олардың салт-санасы мен тұрмыс тіршілігі пұтқа табынушы арабтардан ешқандай айырмашылығы жоқ бола тұра қалай ғана көркем мінездің қазынасы болған Құранға қайнар бола алады?!

М.Исаұлы,
«Құран кімнің сөзі» кітабынан

________________________________________
[1]
М. Фәтхуллаһ, ән-Нурул-Халид, 1 том, 49–50 беттер.

[2] Китаб–ы Мукаддес, Ешиа, Баб: 42, 1–4, 9 аятттар.
[3] Китаб–ы Мукаддес, Миһа, Баб: 4, 12 аят.
[4] Ибну Сәййдин–Нас, Уйунул–Әсәр, 2:26:Қады Иаз, әш–Шифа, 1:364: Али әл–Қари, Шәрхуш–Шифа, 745.
[5] Қады Иаз, әш–Шифа, 1:366; Али әл–Қари, Шәрхуш–Шифа, 1: 744–745; Ибни Кәсир, әл–Бидайә уән–Ниһаиә, 4:80–81; Бәйхақи, Дәләилул–Нубууә, 3:361–362;Уақиди, әл–Мағази, 403–404; Ибни Жәузи, Сифатус–Сафуә, 3:361–362; Әбу Найм,, Дәләилул–Нубууә  1:79, 2:492.
[6] Қады Иаз, әш–Шифа, 1:364: Али әл–Қари, Шәрхуш–Шифа,  1:744.
[7] Бухари, Бәдул– Уахи: 6; Шәһадат: 28; Али әл–Қари Шәрхуш–Шифа, 1: 744; Нәбхани, Хужжәтул– алал–Аламин, 121, 150-151; Қасталани, әл–Мәуәһибул–Ләдунниә, 6:198; Табарани, әл–Мужәмул–Кәбир,  3:2108; Ибни Адии, әл–Кәмил фид–Дуафә, 3:1094; Әбу Найм, Дәләилул–Нубууә  1:101-102.
[8] Бәйхақи, Дәләилул–Нубууә, 3:367, 2:526, 6:20–249; әл–Хинди, Кәнзул–Уммал, 11:401, 12:390–408; Қады Иаз, әш–Шифа, 1:364; Али әл–Қари, Шәрхуш–Шифа, 1: 739–743; Хәйсәми, Мәжмәуз–Зәуаид, 8:240.
[9] Сол беттерде.
[10] Бәйхақи, Дәләилул–Нубууә, 2:80-81, 4:31; Али әл–Қари, Шәрхул–Шифа, 1:744-745; Юсуф Нәбһәни, Хужжәтуллаһ алал–Аламин, 137; Әбу Найм, Дәләилул–Нубууә  1:82; Ибни Жәузи, Сифатус–Сафуә, 1:87.
[11]Бәйхақи, Дәләилул–Нубууә, 367, 2:526, 6:240-249.
[12]әл–Асқалани, Фәтхул–Бәри, 7:222; Бәйхақи, Дәләилул–Нубууә, 2:82; Ибни Кәсир, әл–Бидәйә уән–Ниһәйә, 2:310-316; Муснәд, 5:437; Ибни Хишам, Сиратун–Нәби, 1:233; Әбу Найм,, Дәләилул–Нубууә  1:258-264.
[13] Кеңірек мағлұмат үшін қараңыз: Хикмет Ышык, Ғаламның рақым нұры, 1 том,
[14] Драз, Куранын анлашылмасына доғру, 140 бет.
[15] Сол беттерде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.