Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Ашура күнінде ораза ұстаудың сауабы қандай?
22:30, 06 қазан 2016

Ашура күнінде ораза ұстаудың сауабы қандай?


Ашура күнінің оразасы туралы толығырақ айтып берсеңіз? Бұл күні не үшін ораза ұстауымыз керек? (Жасұлан)

Ассаламуғалайкум уа рахматулла Жасұлан бауырым!
Бұл ораза Мухаррам айының оны күні ұсталады. Ибн Аббас: «Пайғамбар (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келіп түскенде, яһудилер Ашура күнін ораза тұтып жүрген еді. Яһудилер: «Бұл – Алла тағала Мұсаны перғауыннан құтқарып, оған жеңіс сыйлаған күн», – деді. Сонда Пайғамбар (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Яһудилерге қарағанда Мұсаға сендер жақынсыңдар, ораза ұстаңдар!» – деген», – дейді[1].

  • Әбу Қатада Алла елшісінің (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ашура күнгі оразамен Алладан тілейтін сауабым – өткен жылдағы күнәларды жууы», – дегенін риуаят еткен[2].
  • Яһудилер мен христиандарға ұқсамас үшін, Мухаррам айының оныншы күнімен қатар тоғызыншы күнін де ұстау сүннет саналады. Ибн Аббас: «Пайғамбар (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) Ашура күні ораза ұстап, сондай-ақ оны бізге де бұйырғанда сахабалар: «Ей, Алланың елшісі (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын), Расында, бұл – яһудилер мен насаралар ұлықтайтын күн?» – деген еді. Сонда Алланың елшісі (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): «Келесі жылы келгенде тоғызыншы күнін де ұстаймыз», – деді. Алайда Алла елшісі (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) келер жылға жетпей дүниеден озды», – деп айтқан[3].
  • Сүннет оразалардың Ашура оразасы бізде және мәликилерде ең бекітілген саналады. Ибн Аббас: «Пайғамбар (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) оразаларға ниеттенген кезінде олардың ішінен ең артық көргені – осы Ашура күні мен осы рамазан айы екенін ғана білемін», – дегенін жеткізген[4].

Сонымен қатар, аталған Мухаррам айының ішінде ұсталатын ораза туралы Әбу Һурайра жеткізген хадисте, Алла елшісінің (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): «Парыз намаздарынан кейін, ең абзал намаз – түнгі намаз. Рамазаннан кейін, ең абзал ораза – Алланың мухаррам айы!» – деп айтқанын жеткізген[5].

Соңғы сөз. Дәл қазіргі таңда біз Алланың Мухаррам айының ішіндеміз. Мұсылманша жыл санаудың алғашқы айы, мұхаррам айының 10-жұлдызы (биыл – 11 қазанға сәйкес келеді) – «Ашура күні» дінімізде сол қасиетті күндердің бірі болып саналады.
Демек, қазан айының 10-11 күндері ораза ұстауымыз сүннет немесе 11-12 күндері. Алла тағала баршаларымыздың күнәларымызды кешіріп, жарылқасын. Екі дүниеде дәрежелерімізді көтерсін!

________________________
[1]
«Сахих әл-Бухари»: 6/72
[2] «Сунан ат-Тирмизи»: 3/117
[3] «Сунан Әби Дауд»: 2/302
[4] «Сахих әл-Бухари»: 3/44
[5] «Сахих Муслим»: 2/821


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.