Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Молда дүмше болса, қырық шайтан жабылып несі бар?
19:06, 01 қазан 2016

Молда дүмше болса, қырық шайтан жабылып несі бар?


«Тәртіпсіз кім? Қожа! Оңбаған кім? Қожа!» дегендей, жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда «Дүмше кім? Молда! Арамза кім? Молда!» деген секілді имамдардың имиджіне кір келтіретін, «молда» деген қадірлі ұғымды қор қылатын түсінік кезіп жүр. Мұндай түсінік кейінгі кезде ғана пайда болған жоқ, кеңес үкіметінен бері бар еді. Жалпы, молдалардың мұндай жаманатқа қалатындай не жазығы бар еді? «Мешкей деген жақсы ат емес» деген секілді бүгінде санаға әбден сіңіп қалған теріс түсінік қайдан пайда болды?
Қазақта молда деген кім еді? Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде молдаға «Құранды, діни ғибадатты жақсы білетін, діни рәсімді атқарушы, мұсылмандардың діни қызметкері» деген анықтама беріледі. Яғни, діни білімі жоғары, діндар, тақуа жанды қазақ молда деген. Молда қоғам ішінде сауаттылығымен де ерекшеленіп тұратын болған.
Әдебиетші  Наурызбай Ақбай құрастырған «Дәстүрлі атаулар» кітабында да: «Молда, молла – мұсылманның дәстүр жөн-жосығының білгірі, дін қызметкері, дін мектебінің ұстазы, білімді, оқымысты адам», – делінген.
Махамбет Өтемісұлының: «Хат оқиды молдалар, қаламмен тартқан сиядан», – деген өлеңінен молдалардың сол кезде сауатты тұлға болғанын аңғарамыз.
Ғалым, абайтанушы Омар Жәлел: «Бұрын қазақтың молдалары қандай болған? Олар қисса-дастандарды жатқа сапырған ғой. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Фархат – Шырын» сияқты дастандарды жатқа айтып отырған. Молда – «ғұлама» деген сөз», – дейді. Демек, қазақтың ішіндегі молдалар қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішетін, сөзге шешен, жыр-дастандарды жатқа білетін ағартушы ғалым болған.
Ал араб тілінде «молда» сөзі «мәулә» түбірінен шығып, ғалым, ұстаз, шейх, фақиһ, аса құрметті деген терең ілім иелері мағынасында келеді.
Тіпті, молданы араб тілі сөздігіндегі «мәлә’ә» түбірімен де байланыстырып жатады. «Мәлә’ә» арабша «толған» деген сөзді білдіреді екен. Былайша айтқанда, молда – ғылыммен толысқан тұлға.
Тым болмаса «бір молданың соңынан қырық шайтан ереді» деген мақалдың өзіне ой жүгіртіп көріңізші. Осы мақалдың өзі бізге молданың иман шкаласын көрсетіп тұр емес пе? Яғни, молданы тура жолдан адастыру үшін қырық шайтан күш салған. Демек, қазақта молда ұғымы о бастан дүмшелікті емес, тақуалықты көрсеткен. Молда дүмше болса, оған қырық шайтан жабылып несі бар?
Негізі «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген сөз де молдалардың тақуалығына қатысты айтылған болатын. Себебі, молдалардың рухани кемелдікке жету жолындағы амалдары қарапайым халыққа ауыр соғатындықтан жұрт молданың істегенімен емес, айтқанымен жүруді насихат еткен. Бүгінде, өкінішке қарай, бұл сөзді мүлдем басқа қырынан түсінетін болдық.
Осылардан кейін: «Не себепті осындай діни лауазымды тұлға, үлкен ғұлама, дін мектебінің ұстазы біздің қоғамда арамза, дүмше атанып отыр?», – деген сұрақ туады.
Мұны біз қазақ ұлтына, қазақ дініне қарсы жасалған идеологияның жемісі деп білеміз. Кеңес үкіметі «қазақты ұлтсыздандырудың тәсілі – діні мен тілінен айыру» екенін жақсы білген. Және барлық қитұрқы саясатын осы екі құндылығымыздың аясында жүзеге асырған.
Мәселен, тілден айыру үшін төте жазуымызды алып тастап, кириллицаны енгізді. Бұл саясатты Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің 1914 жылғы бір санында: «Россия қоластында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, үкіметке онан ұнамды іс болмас. …Үкіметке керегі – мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуын сақтау», – деп айқара етеді. Міне, осылайша тіл мен діннен аластату үшін Ресей бізден төте жазуды алып тастайды.
Ал төте жазу араб қарпінде болғандықтан, ұлтымызды дінге байлап тұрғанын білесіздер. Қазақ төте жазудан айрылған соң Құранның бетін ашудан қалды. Өйткені, араб қарпі қазақ үшін жат бола бастады. Осыған байланысты Ахмет Байтұрсынұлы мынандай аргумет айтады: «Дінмен байласқан жазу дін жоғалмай жоғалмайды». Демек, дінді жоғалту үшін отарлаушы елге жазуды да жоғалту керек болды.
Қазақты діннен айырудың тағы бір тәсілі – қазақ жеріне дүмше молдалар жіберу болды. Ресей империясы қазақтың молданы, жалпы дін ғұламасын қашан да төріне шығарып, сыйлы ететінін жақсы біледі. Сол үшін қазақ даласына арнайы дүмше молдаларды дайындаған. Ол молдалар қазақ даласына себілген шпиондық қызметтің дәнегі болды. Ресейге қазақ туралы ақпараттардың біразы осы молдалар арқылы жетіп тұрған. Уикипедия энциклопедиясында да «молда» сөзін теріп қалсаңыз, «Қазақ жерінде патшалық Ресей билігі тұсында молда қызметін атқарған діни қызметкерлердің міндеттері мемлекеттік қаулылармен белгіленіп, шенеуніктердің бақылауында болды», – деп жазылған. Бұл да жоғарыдағы сөзімізге дәлел бола алады.
Ал нағыз діндар, ғұлама, тақуа молдаларды Ресей қудалауға салған. Молда тапшылығын сезінген соң кейбір ауылдарда «әліпті таяқ деп білетін» біреу болса, соны молда еткен.
Міне, сол кезде, Шәкәрім айтпақшы, «шала молдалар» шыға бастады. Дәл осындай миссиядағы молдалар «молда» атына кір келтіре бастады. Алаш зиялылары ұлтты алға тартуды көздесе, бұл молдалар ескішілдікті көксеп, кері тартты.
Мұндай молдаларды сөгіп Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Құранды молда теріс оқыр, дағарадай сәлдесі» деді. Тағы бір жазбасында: «Дін бояулаған шала молда менен өз баласын шырқыратып мал мен шалға сатқандардың сөзін шариғат деп таласып отырып, сөгісіп кектесетұғын не жөн бар?», – дейді.
Ал Сәбит Дөнентаев: «Білеміз алданып, жалданып, Сопының, молданың қылғанын», – деп сол кездегі молдалардың айласына налиды.
Жамбыл Жабаев та молдаларға «Шағым» айтып:
Оқымаймын молдадан,
Екі иығын қомдаған.
Бала келсе сабаққа,
Жем аңдыған дорбадан.
Ақ сәлдесі басында,
Боз інгендей боздаған.
Қайтіп сабақ береді,
Айтқаны ішке қонбаған, – деп өлеңіне қосады.
Міне, осыдан кейін ел арасында «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді», «Аңқау елге арамза молда», «Молдаларға мал қайғы, момындарға жан қайғы», «Аюға намаз үйреткен таяқ, молдаға намаз үйреткен тамақ», «Ала шапанды молда да бір, ала қанатты сауысқан да бір, екеуі де арам ниет: жығылғанның қасында, өлгеннің басында», «Қожа, молда елді аздырар, тікен, қурай жерді аздырар», «Молданың сәлдесі ақ болғанмен, ниеті қара», «Молда «беремін» деген сөзді білмейді, «аламын» деген сөзді біледі», «Тай жаманы – жорға, адам жаманы – молда», «Шартық қошқар қой бұзар, дүмше молда дін бұзар» деген секілді тізе берсең «молдадан» жиіркендіретін мақалдар шыға бастады.
Енді осыдан кейін ел арасынан сүйкімді молда тауып көр. Өкінішке қарай, сол кездегі саяси жүйенің сызаты әлі күнге дейін өшпей келеді. Қазір де молда дегенде мұрнын тыжырайтатындар аз емес. Тіпті, өскенде «молда боламын» деген баланы көрмейсіз. Ал «молда боламын» дейтін бала болса, оған ата-анасы тыжырына қарайтын болды. Міне, осылайша «молда бол, балам!» деген тамаша батаның да қадірін қашырып алғандаймыз. Біле білсеңіз, сол кезде бала үшін бұдан артық бата болмайтын. Өйткені, ол кезде молда болуы үлкен тұлға болу еді.
Әлі күнге дейін осындай түсініктің ел арасында торуы құлдық санадан арыла алмай келе жатқандығымызды көрсетеді. Яғни, молда дегенде кімнің ойына, ең әуелі, арамза мен дүмше деген түсінік келсе, онда оның санасы әлі де кеңестік отардан арылмағаны. Әйтпесе, осы молда емес пе туғанда азанын шақырып, өлгенде жаназасын шығаратын?
Сондықтан да, бізге мұндай түсініктен санамызды шаятын уақыт жетті. Бүгінгі таңда молдалардың сапасы көтеріліп жатқанда, молдаға қатысты жұрттың да санасы көтерілуі тиіс деп есептейміз.

Салтан САЙРАНҰЛЫ,
журналист,
Астана қаласы


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2019 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.