Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) шыққан тегі мен әулеті
7:17, 01 мая 2020

Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) шыққан тегі мен әулеті


Аллаһ тағала жаратқандардың ең асылы, Оның елшілерінің ең абзалы әрі пайғамбарлар күмбезінің соңғы кірпіші, қасиетті кітаптардың мөрі Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) шыққан тегі арғы атасы Аднанға дейін анық белгілі. Пайғамбардың (с.а.с.) осы аралықтағы ата-тегіне оның өмір жолын зерттеген ғалымдар мен шежірешілер бірауыздан келіскен. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) Аднаннан бергі аталарын өрбітсек: арабтанған арабтардың түп аталарының бірі Аднаннан Мағд, Мағдтен Низар, Низардан Мудар, Мудардан Илияс, Илиястан Мудрика (шын есімі Амир), Мудрикадан Хузайма, Хузаймадан Кинәнә, Кинәнәдан Надр (шын есімі Қайс), Надрден Мәлик, Мәликтен Фиһр (лақап аты – Құрайыш, құрайыш тайпасы осы аталарының есімімен аталған), Фиһрден Ғалиб, Ғалибтен Луәй, Луәйден Кағб, Кағбтен Мурра, Муррадан Киләб, Киләбтан Қусай (шын есімі Зәйд), Қусайдан Абдуманаф (шын есімі Муғира), Абдуманафтан Һашим (шын есімі Амр), Һашимнен Абдулмутталиб (шын есімі Шәйбә), Абдулмутталибтен Абдуллаһ, Абдуллаһтан Мұхаммед (с.а.с.) тараған.

Ал Пайғамбардың (с.а.с.) Аднаннан Ибраһимге дейінгі аталары жайында ғалымдардың арасында пікір қайшылықтары бар. Аднанның Ибраһим пайғамбардың ұлы Исмаилдің үрім-бұтақтарының бірі екендігі белгілі. Алайда Аднан мен Исмаилдің шежіресі қанша атадан кейін қосылатыны, Аднанның аталарының нақты аты-жөндері кесіп айтарлықтай анық емес.

Аллаһ елшісінің (с.а.с.) анасы Әминаның ата-тегі мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шежіресі Киләбта жолығады. Демек, Киләб – Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) әкесі жағынан алтыншы буындағы, ал анасы жағынан бесінші буындағы атасы. Осы Киләбтан Зуһра, Зуһрадан Абдуманаф, Абдуманафтан Уаһб, ал Уаһбтен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) анасы Әмина тарайды.

«Мұхаммед пайғамбар өмірбаяны»
кітабынан


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2020 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.