Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Исламға дейінгі арабтардың моральдық ахуалы
23:11, 17 сәуір 2019

Исламға дейінгі арабтардың моральдық ахуалы


Жәһилият дәуіріндегі арабтардың моральдық төмен қасиеттері, жаман қылықтары, дені дұрыс ақыл құптамайтын, ар-ұждан келіспейтін істері болғаны мәлім. Алайда олардың артықшылыққа ие, таңғаларлық әрі сүйсінерлік мақтаулы қасиеттері де болды. Олардың мақтаулы қасиеттері:

– жомарттық; Арабтар жомарттықта бір-бірімен жарысатын әрі жомарттық істерімен мақтанысатын. Олар жомарттықтарымен мақтанып және біреулердің жомарттығын дәріптеп, өлеңдерінің жартысына жуығын осы тақырыпқа арнаған. Сол кездегі арабтар үйлеріне суық күндерде, ашаршылықта келген қонаққа жомарттықтың жетегімен өзін және отбасын асырап отырған жалғыз түйесін сойып беретін. Жомарттықтарының нәтижесінде олар қантөгісті тоқтату, бір адамды құтқару үшін орасан үлкен құн төлемдерді, ауыр міндеттерді мойындарына алатын және мұнымен өзгелердің, басшылар мен көсемдердің алдында мақтанатын.

Арабтар шарапты жомарттық тудырады, адам жанына кеңпейілдік, жайсаңдық дарытатын ішімдік деп санайтын және жүзім ағашын «жомарттық», ал оның шарабын «жомарттықтың қызы» деп атайтын.

Олар құмар ойынын да жомарттықтың себебіне балайтын және ойыннан ұтқандарын немесе ұтыстан қалып қойған дүниелерді кедей-кепшіктерге тарататын.

– уәдеде тұру; Арабтар уәдесінде тұруға, оны орындауға қатты қарайтын, тіпті уәдесін орындамауға қарағанда туған балаларының өлуі, үйлерінің ойран болуы жеңіл деп санайтын.

– намысқойлық және қорлық пен төмендетуге көнбеушілік; Арабтар намысқойлықтары себепті аса ержүрек, өте қызғаншақ, тез ашуланатын қызба мінезді болып келетін. Олар өздерін кемсіткен, төменсіткен бір сөзді ести салысымен, қылыштары мен найзаларына тұра жүгіріп, толассыз соғыстар тудыратын және осы үшін жандарының құрбан болуларын елең де қылмайтын.

– алған бетінен қайтпайтын қайсарлық; Арабтар өздері абыройлы, даңқты көрген бір іске шешім қабылдаса, оларды бұдан ешкім де, ештеңе де қайтара алмайтын. Олар осы жолда бастарын бәйгеге салып, қатерге тігетін.

– ұстамдылық, төзімділік, байсалдылық; Олар ұстамдылықтарымен мақтанатын. Арабтар асқан батыр, соғысқа тез бой алдыратын халық болғандықтан, олардың арасында ұстамдылық абыройлы қасиет саналатын.

– далалық таза табиғат, қалалық өмірдің былықтары мен қулық-сұмдықтарын білмеу. Осы қасиеттері себепті арабтар шыншыл, аманатшыл болып келетін, алдау-арбау мен қиянатты, опасыздықты жек көретін.

Осы құнды қасиеттер мен Араб жазирасының жер шарындағы жағрафиялық орны арабтардың бүкіл адамзатқа жіберілген діннің жүгін арқалаушылар ретінде таңдалуына себеп болды. Өйткені біз сөз еткен қасиеттердің кейбірі жамандыққа апаратын, қайғылы оқиғалар тудыратын болғанымен, олар негізінде біраз түзетсе, адамзат қоғамына игі пайдаларын тигізетін баға жетпес қасиеттер еді. Ислам дәл осылай жасап, олардың жақсы қасиеттерін ұстартып, тазалап, тамаша үлгіге айналдырды. Уәдеде тұра білу, намысқойлық, қайсарлық сияқты осындай тегеурінді күш-қайрат, зор табандылықсыз, сірә, жамандық пен бүлінуді тойтару, әділдік пен игілік жүйесін құру мүмкін болмас еді.

«Мұхаммед пайғамбар өмірбаяны»
кітабынан


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2019 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.