Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Әдет-ғұрып және оның пәтуа шығарудағы орны
22:21, 14 желтоқсан 2018

Әдет-ғұрып және оның пәтуа шығарудағы орны


Мухитдинов Рашид Сражович
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтану және
мәдениеттану кафедрасының доценті

Уйсембаев Бейбут Асетович
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтану және
мәдениеттану кафедрасының магистранты

Ислам шариғаты кез келген қоғам мен заманға сай келетін кемел әрі кешенді дін. Ислам дінінің басты қағидаттары мен ұстанымдары Алла тағаланың кітабы Құран мен Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) хадистерінде көрініс тапқан. Ғалымдар осы екі басты дереккөзден болашаққа бағдар болатын, ғылыми талаптарға сай, логикалық сұрақтарға тұщымды жауап бере алатын көптеген ережелер шығарған. Бұл қағидаттар мен ережелердің басты мақсаты – қоғамда әділдік орнатуға, ақиқатты үстем етуге іргетас болу.

Мұсылмандық сенімде, ислам діні – Жаратушы Құдайдың адамзаттың барлығына жіберген соңғы діні. Сондықтан бұл дін, кез келген қоғам мен уақыт талабына жауап бере алатын дін болуы тиіс. Оның ішінде барша халықтардың дүниетанымы, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрілері де бар. Адамның ұлттық, тілдік ерекшеліктерін ескертусіз қалдырмаған ислам шариғаты әдет-ғұрыпты ислам дінінің дереккөздерінің бірі санаған. Бұл тақырыпта талай зерттеулер жүргізіліп, ғылыми еңбектер жазылған.

Өкінішке орай, кейбір адамдар ислам дінінің көп тармақты ғылымдары мен кең ауқымды тақырыптарымен танысудың, үйренудің алдын асығыстық танытып, әдет-ғұрып мәселесінде не асыра сілтеп шектен шығып, не мүлдем мойындамай теріске шығарып жатады. Оның салдарынан көптеген діни мәселелерде ақиқаттан қырын кеткен көзқарастар пайда болады, қарапайым халық дүдәмал жағдайға түседі. Осындай қазіргі қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселе бүгінгі мақаланың тақырыбы ретінде таңдалды.

Бұл мақалада әдет-ғұрыптың тілдік және терминдік мағыналары, шариғаттағы орны мен шариғат көзқарасындағы әдет-ғұрыптың түрлері және оның пәтуа шығарудағы орны сөз болады.

«Әдет» сөзі араб тілінде «таным» деген мағынаны береді [1, 281 б.]. Кейін бұл сөздің қолданыс аясы кеңейіп, адамдар дағдыға айналдырған, жақсы, ыңғайлы деп санаған әрі үнемі жасалынатын іске қолданатын болған. Шариғатта көңіл қош көріп, танып, ақыл жылы қабылдап, күнделікті өмірде дағдыға айналдырылған амал «әдет» деп аталады [2, 281 б.].

Ал «ғұрып» сөзіне келер болсақ тілдік мағынасы «жан дүниенің жақсы деп танығаны» делінсе, шариғаттағы терминдік мағынасы «адам жаны бекітіп, сау ақылы қабыл еткен» нәрсені атайды.

Сонымен қатар ғұламалардың ішінде әдет пен ғұрыпты ажырамас бір түсінік деп танығандар да бар. Мәселен, Ибн Әбидин «Әдет пен ғұрып бір мағынада қолданылады», – деген. Содан да болар, қазақ халқының әдет пен ғұрыпты бөлмей «әдет-ғұрып» деп қосарлама мағынасында қолданғаны.

Әдет пен ғұрып арасындағы айырмашық

Жоғарыда атап өткеніміздей әдет пен ғұрыптың бір мағынада қолданылатынын айтқан ғалымдар бар. Десек, те әдет пен ғұрып арасында өзіндік айырмашылық та жоқ емес. Ғұрып сөзінің мағынасы әдет сөзіне қарағанда ауқымдырақ. Сол себепті, адамдар арасында әдетке айналған нәрсенің бәрі ғұрып деп аталса, дағдыға айналған әрбір әдет ғұрыпқа жата бермейді. Демек, ғұрып ұғымы, бір немесе екі адамның дағдысына айналған қандай да бір әдет үшін қолданылмайды. Ал, әдет ұғымы болса, жекелеген адам мен қоғам ішінде қалыптасқан дағды үшін қолданыла береді.

Шариғатта әдет-ғұрыптарды бірнеше түрлерге бөледі. Мысалы, әдеттің іс немесе сөз екендігіне қарай «сөз түріндегі әдет» және «іс түріндегі әдет» деп екіге бөледі. Сөз түріндегі әдетке белгілі бір аймақтарда немесе жалпы мағынада келген сөзді жалқы мағынасына қолдану жатады. Оған мысал ретінде ұлға да қызға да қолданылуы тиіс «бала» сөзінің көпшіліктің арасында тек ер балаға қолданылу әдетін келтіруге болады. Балықтың етін жалпы еттің қатарына қоспау сияқты әдетті де жатқызуға болады. Ал іс жүзіндегі әдетке Қазақстандағы некені мешітте қидыру амалын, дүкендердегі тауарларды «саттым», «сатып алдым» деген сияқты сөздерді айтпастан, ақшасын төлеп алу әдетін жатқызуға болады.

Шариғатта әдет-ғұрыпты орындушысына қарай жалқы адамның әдет-ғұрпы және көпшіліктің әдет-ғұрпы деп екіге бөледі. Жеке тұлғалардың әдеттеріне нақты бір адамның немесе бірнеше адамдардың ортақ әдеттерін жатқызуға болады. Мысалы, араб елдерінің арасында «دابة» сөзі Иракта ғана тек жылқы деген мағынада қолданылады. Қазақстанның кейбір аймақтарында «балдыз» сөзі әйелінің інісі мен сіңілісіне қатар қолданылады. Шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында «көке» сөзі әйел адамына қолданылады. Батыс және Орталық аймақтарында «апа» сөзі әпке мағынасында қолданылады.

Сонымен қатар, шариғатта әдет ғұрыпты шарғи дәлел ретінде қолданылуына қарай үшке бөледі [2, 282 б.]. Олар:

1) Шарғи әдет-ғұрып. Әдет-ғұрыптың бұл түріне шариғаттан адамдардың күнделікті өміріне сіңіп, мұсылмадар арасында әдетке айналған амалдар жатады. Бұл істердің асылы, негізі шариғатта болғандықтан ол әдеттер заман мен уақыттың, мекен мен жағдайдың өзгеруіне тәуелді болмайды. Өйткені ол өз бастауын Құран мен сүннеттен алады. Оған мысал ретінде тауафты (қажылық кезіндегі қасиетті Қағбаны айналу) жалаңаш жасамау, әурет жерді жауып жүру, әйел адамның ер кісімен қол беріп амандаспауы сияқты әдеттерді жатқызуға болады. Осы аталған әдеттердің барлығының шариғаттан дәлелі бар. Мұсылмандар бұл амалдарды өздерінің күнделікті әдеттеріне айналдырғанымен олардың асылы шариғаттың үкімі болғандықтан олар заманына қарай не өзгеріп не ұмыт болғанына қарамастан әрбір мұсылманнан талап етілетін амал болып қала береді.

2) Дұрыс әдет-ғұрып. Ислам шариғаты адамдардың жеке әдеттері мен бүтін бір халықтың ата-бабадан дәстүр ретінде орындап келе жатқан әдеттерінің барлығын теріске шығарушы ретінде келген дін емес. Ислам діні кез келген халықтың ислам шариғатына қарсы келмейтін әдеттеріне тыйым салмаған. Бұған Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) заманындағы пұтқа табынған араб халқының кейбір әдеттерімен үкім шығарғандығы дәлел болады. Мысалы, Алла елшісінің (ﷺ) заманында бір кісінің түйесі Барра атты сахабаның құрма бағына кіріп, құрмаларды бүлдіріп кетеді. Содан Барра мен әлгі түйенің иесі дауласып, даудың шешімін іздеп, Алла елшісіне (ﷺ) төрелік етуге жүгінеді. Сонда Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) ол даудың шешімі ретінде сол уақытта арабтардың, нақтырақ айтқанда, Мәдина халқының әдетке айналдырған ісін қолданады. Ол әдет бойынша, егер түйе құрма бағына түнде кіретін болса, шығынды түйенің иесі мойнына алады. Ал егер күндіз кіретін болса құрма бағының иесі шығынды өзі көтереді. Себебі сол уақытта арабтар арасында мынандай әдет бар болатын. Адамдар малдарын күндіз еркін қоя беретін де, түнде тұсап яки арқандап қоятын. Ал егін қожайындары күндіз егістіктерін малдан қоритын, ал түнде қорымайтын. Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) осы ғұрыпқа сай үкім шығарған.

3) Бұрыс әдет-ғұрып. Ислам шариғатының көзқарасы бойынша, мұндай әдет-ғұрып түрін ислам шариғатына қайшы, діни тағылымдармен қабыспайтын, адами түсінік пен ақли санаға томпақ келетін әдет-ғұрыптар жатады. Мұндай әдет-ғұрыптарды шариғат құптамайды және теріске шығарады.

Ислам діні ғылымдарының ең маңыздыларының бірі «Усул әл-фиқһ» ілімінде әдет-ғұрып Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) көрсетіп кеткен сүннет жолына қайшы келмейтін болса және ақида мәселелеріне қатысты болмаса, онымен амал жасауға рұқсат етіледі. Шарғи дәлел жоқ кезде, адамдар арасында жалпы таралған әдет-ғұрып та шариғи дәлел болады. Сауда-саттық тәрізді адамдар арасындағы қарым-қатынаста әдет-ғұрып үлкен орынға ие [3, 21 б.].

Әдет-ғұрыпқа қатысты ислам ғалымдарының көзқарасы

Адамның іс-қимылына қатысты шариғаттың үкімдерін зерттейтін фиқһ ғылымында қоғамда қалыптасқан әдет‑ғұрыпқа, салт-дәстүрге негізделген бірнеше «фиқһ қағидалары» пайда болды. Солардың бірі ретінде «Әдет-ғұрыпқа төрелікке жүгініледі» [4, 219 б.]  деген фиқһ қағидасын айта білеміз. Ислам ғұламалары шариғаттың Құран аяты немесе Пайғамбар хадисі секілді нақты мәтіні келмеген мәселелерді, аталмыш қағидаға сала отырып үкімін беретін. Сондай‑ақ, имамдар фиқһи мәселелерде әр адамның жағдайы бөлек болғандықтан, оның өзіне жеке пәтуа беріп, оған қатысты шариғаттың үкімін бекітіп отырды. Сондықтан, фиқһ және фиқһ негіздері [4,11 б.] ғылымдарында әдет‑ғұрып мәселесі көбірек талқыланудың өзіндік маңызы бар. Фиқһ ғалымдары өздерінің көптеген пәтуаларын адамдардың күнделікті өмір сүру үрдістеріне негіздей отырып айтып кеткен. Әсіресе адам өміріндегі сауда‑саттық, егін, шаруашылық отбасылық өмірдің мәселелері және қоғамдық қағидаларға қатысты шариғаттың көптеген үкімдері әрдайым әдет‑ғұрыпқа негізделіп отырған.

Ислам ғұламалары қандай да бір мәселеге қатысты дәлел табылмаған жағдайда әдет-ғұрыптың шариғи дәлел орнына жүретініне бір ауыздан келіскен. Мысалы, ислам шариғатында әйелдің нәпақасын табу ер адамның міндеті болып саналады. Бірақ, нәпақаның арнайы мөлшері айтылмаған. Осы тұста нәпақаның мөлшері әдет-ғұрыпта қалыптасқан мөлшермен өлшенеді [5].

Алайда ислам ғұламалары, әдет-ғұрыптың жеке-дара шариғи дәлел ретінде саналып-саналмауына қатысты әр түрлі көзқарас білдіреді. Ханафи мен Мәлики және Ханбали мәзһаб ғалымдары әдет-ғұрыптың өзі шариғи дәлелге жататынын айтақан. Дәлел ретінде ибн Масғұдтан жеткен: «Мұсылмандар жақсы деп тапқан нәрсе, Алланың құзырында да жақсы, ал мұсылмандардың жаман деп қабылдағаны жаман болып есептеледі» – деген хадисті келтіреді [6, 71:241 х.].  Ханафи мәзһабының үлкен имамдарының бірі Әл-Кәмәл ибн Әл-Хумәм өзінің Фатхул-қадир атты кітабында: «Шариғаттың мәтіні (аят, хадис, сахабалар сөзі) келмеген тұста, ғұрыптың үкімі ижмағ үкімімен тең болады», [7, 2:839 б.] – дейді [8].

Шафиғи мәзһабы ғалымдарының көзқарасында шариғаттың қуаттауынсыз әдет-ғұрып шариғи дәлел болып саналмайды.

Ислам ғұламалары әдет-ғұрыптың дәлелге жарамды болуы үшін арнайы шарттар қояды:

  1. Әдет-ғұрып адамдар арасында кең таралған һәм жалпыға ортақ болуы тиіс.
  2. Құран мен сүннет бекіткен шариғи дәлелге қайшы келмеуі қажет [9], [10]

Әдет-ғұрыптың пәтуә шығарудағы орны

Пәтуа сөзінің ұғымы

Пәтуа сөзі «фақиһтің берген пәтуасы», «берілген сұрақты баяндап пәтуа берді» деген мағыналарды білдіреді. Терминдік мағынасы: Орындалуын талап етпеу шартымен шариғи үкімді баян ету дегенді білдіреді. «Ән-Науазил, әл-мәса-ил, әл-әжуиба», – деп те аталады.

Пәтуаның жүзеге асуы

Пәтуа жалпылай жазбаша және ауызша формада жүзеге асады. Кей жағдайларда ишарат арқылы да іске асады.

Пәтуа нені қамтиды

Пәтуа парыз, сүннет, харам, мәкрүһ және мубах секілді шариғи, тәклифи үкімдерді қамтуымен қатар, сахих, фасид немесе батыл тәрізді уадғи үкімдерді де қамтиды. Пәтуа ақида үкімдерін де қамтиды. Атап айтсақ «ридда» мәселесін және оған қатысты үкімдерді қамтиды. Мәселен қандай да бір ақидаға қатысты сауал сұралса, аталмыш сауалға мүфти күпірлік немесе ридда немесе харам бидғат секілді үкімдер бере алады. Негізінде бұл ақидаға араласу дегенді білдірмейді. Керісінше дұрыс ақидаға (сенімге) қайшы келген көзқарастардың теріс тұсын айтып беруден туындайды.

Пәтуа үлгісі

Қандай да бір мәселенің үкімі, пәтуасы сұралғанда ол сауал мүфтидің ой шеңберінде төрт кезеңнен өтеді:

1.Тасауур – мәселені көз алдына келтіру, елестету

2.Тәкииф – мәселені фиқһи бір бөлімнің аясында қарастыру

3.Үкім – мәселеге қатысты фиқһта келген үкімін баян ету

4.Пәтуа – мәселенің пәтуасын беру

Тасауур кезеңінде мустафти (пәтуа сұраушы адам) мәселені толықтай суреттеп береді. Мустафтидің сауалын жіті тыңдай отырып немесе оқи отырып мүфти мәселені нақты көз алдына келтіруге күш салады. Негізінде мәселені баяндап беру тікелей мустафтиға байланысты. Сондай-ақ, мүфти мустафтиге қосымша сұрақ қоя отырып та мәселенің көрінісін елестетуге қол жеткізе алады. Міне, осы кезеңде «хаср» жүзеге асады. «Хаср», – деп, баяндау процесі жүріп жатқанда өзге сауалдардан аулақ бола отырып тек мәселеге қатысты сұрақтармен ғана шектелуді атайды. Мәселен, мустафти сауалынан ауытқып, өзінің жеке проблемаларын айтып кетпеуі немесе бір сауалдың ішінде бірнеше сауал қойып кетпеуі тиіс.

Такииф – мәселені фиқһи бір бөлімнің аясында қарастыру дегенді білдіреді. Яғни, қарастырылып отырған мәселе қай бабқа (ғибадат, муғамалат (қарым-қатынас), жинаят (қылмыстық кодекс) немесе ахуалуш-шахсияға (отбасылық құқықтар) кіретіндігі анықталуы ләзім. Сұралған мәселе фиқһта келсе «ташбих» деп аталып, фиқһта келмесе «тамсил» деп аталады. Тамсилге мәселен салым салуды (депозитті) келтіруге болады.

Шариғи үкім – мукаллафтың ісін сипаттау (уасфул фиғлил мукаллаф) дегенді білдіреді. Егер мәселе фиқһта қарастырылған болса үкімі фиқһтан шығарылады. Ал, егер фиқһта қарастырылмаған болса шариғи-ижмали дәлелдерге сүйене отырып жаңа зерттеу жүргізіледі.

Пәтуа шығару

Пәтуа – шариғат үкімдеріне, қатғи (нақты) насқа, келіскен ижмағқа (ғұламалардың бір ауыздан келісе отырып шығарған үкімі), фиқһи жалпылама қағидаға қайшы келмеуі керек. Ескеретін жайт, пәтуа заман, мекен, тұлғалар және хәлдерге қарай өзгеріп отырады.

Заманның өзгеруіне байланысты пәтуаның өзгеруі

  • Зәйд ибн Халид әл-Жуһани риуаят еткен хадисте бір бәдәуи Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп тауып алған нәрсе жайында сұрайды. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Тауып алған нәрсеңді бір жыл бойы адамдарға айта жүр. Дорбасының сипатын да айта жүр. Біреу сипаттарын айтып, сұрай келсе бер.  Ал, ешкім келмесе садақа етіп беріп жібер», – деп жауап береді. Бәдауи: «Тауып алған нәрсе қой болса қалай болады?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Олай болса саған немесе бауырыңа немесе қасқырға бұйырады», – деп жауап қатады. Бәдауи: «Түйе қалай болады?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) реңі өзгеріп: «Оның жейтін шөбі, ішетін суы бар. Оны еркіне жібере сал»,-деп жауап қатады. Ал, Осман (Алла ол кісіге разы болсын): «Жоғалған заттың сипаттарын жұртқа айта жүреді. Бір жыл күтеді. Табылмаса сатады.  Иесі келсе ақшасын береді», – деп пәтуа берген. Жоғарыда келтірілгендер заманның өзгеруіне байланысты пәтуаның өзгеруіне мысал болады.
  • Пайғамбарымыз (ﷺ) заманында, Әбу Бәкірдің халифалығының тұсында және Омар (Алла ол кісілерге разы болсын!) халифалығының алғашқы жылдарында егер күйеуі әйеліне үш талақ десе, бір талақ түсетін еді. Кейін Омар (Алла ол кісіге разы болсын!) сахабаларға былай деді: «Расында кей адамдар талақта асығыстық жасап жатыр, оларға үш талақ сөзімен бірден үш талақ түсуіне қалай қарайсыңдар?», – деп сұрайды. Нәтижесінде сахабалар бір ауыздан үш талақ сөзімен үш талақ түседі деген шешімге келген.

Мекеннің өзгеруіне байланысты пәтуаның өзгеруі

Мекеннің өзгеруінен туындайтын пәтуа ауа райының ыстық, суық, жаңбырлы, құрғақ болуына тікелей қатысты. Мысалы ауа райының ыстық, суық болуына байланысты балиғатқа жету де әр түрлі болады. Аббаси халифаларының бірі имам Мәлікке Ибн Аббастың рұқсаттарын және ибн Омардың табиғаты қаталдау пәтуаларынан аулақ бола отырып бір кітап жазуын сұрайды. Имам Мәлік халифа сөзін жерге тастамай «Муатта» кітабын жазады. Халифа барша мұсылманды сол кітапта келген үкіммен жүргізбекші болады. Ал, аталмыш еңбекті жазған Имам Мәлік болса: «Уа мүміндердің әміршісі! Бұлай жасамаңыз. Себебі әр жердің өзіне тән әдеттері бар», – дейді.

Тұлғалардың өзгеруіне байланысты пәтуаның өзгеруі

Амр ибн Ас (Алла оған разы болсын!): «Біз Пайғамбарымыздың (ﷺ) қасында едік. Бір жігіт келіп, Уа Алланың елшісі! Мен ораза халінде әйелімді сүйе аламын ба?», – деп сұрады. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жоқ», – деп жауап берді. Артынша бір қария келіп: «Уа Алланың елшісі! Мен ораза бола тұра, әйелімді сүйе аламын ба?», – деп сұрады. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Иә», – деп жауап берді. Біз бір сауалға Пайғамбарымыздың (ﷺ) екі түрлі жауап бергеніне таң қалып, бір-бірімізге қарадық. Мұны байқаған  Пайғамбарымыз (ﷺ): «Мен сендердің бір-бірлеріңе түсінбей қарағандарыңды көрдім. Қария өз нәпсісін ұстай алады», – деді. Бұл риуаят пәтуаның адамдарға байланысты өзгеруіне мысал болады.

Халдің өзгеруіне байланысты пәтуаның өзгеруі

Сәлама ибн Акуағ Пайғамбырымыздың (ﷺ)  былай дегенін риуаят етеді: «Кімде-кім биыл құрбан шалса, үш күннен артық үйде етін сақтамасын». Келесі жылы сахабалар Пайғамбарымызға (ﷺ)  келіп: «Уа Алланың елшісі! (Құрбан етін) биыл да былтырғыдай жасаймыз ба?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Биыл құрбан етін өздерің жеңдер! Өзгелерге де жегізіңдер. Қажет болса, қор жинап алыңдар. Себебі, былтыр адамдар қиыншылыққа душар болған еді. Сол шақта бір-біріңе қол ұшын берулеріңді қалаған болатынмын», – деп жауап береді. Міне осы риуаят халдің өзгеруіне байланысты пәтуаның да өзгеріске ұшырайтындығына мысал болады.

Ескерту:

Өзгеріске ұшыраған үкім негізінен қатғи настарға қатысы болмайды. Әдет-ғұрыпқа, ижтихади мәселелерге (мәселен, қияс, истихсан, масалихул мурсала тағы да басқа дәлелдерден алынған үкімдерге) тікелей байланысты болады. Пәтуа шығаруда ұстанатын жол шариғи дәлелдерді ретімен пайдалануы керек. Олар: Құран, сүннет, қияс. Бастысы шығарылған үкімдер ижмағқа қайшы келмеуі тиіс.

Пәтуа берудің жалпылай ережесі

  1. Насты жете түсіну; Бастысы нас шариғат ілімдері шеңберінде ұғынылуы тиіс.
  2. Мәселені толық түсіну; Себебі, мәселені дұрыс түсінбеу (тасауур жасай алмау) қате пәтуаның берілуіне себепші болады.
  3. Мустафтидің (пәтуа сұраушы адам) жағдайын ескеру; Себебі, шариғи дәлелдер негізінде кейбір үкімдер өзгеріп отырады.
  4. Мәселенің шариғи үкімін білу
  5. Асықпай шешім қабылдау
  6. Пәтуаны бүге-шүгесіне дейін толық баян ету
  7. Пәтуаның ықпалын, әсерін пайымдай білу

Себебі мүфти дәрігерге ұқсайды. Мәселен бір тұлғаға берілген дәрінің оған пайдасы тигенімен, келесі бір тұлғаға дәл сондай әсер бермеуі мүмкін. Сондықтан мүфти бір сауалдың өзіне екі түрлі жауап беруі әбден мүмкін. Өйткені мүфти қоғамдағы кейбір жайттарды ескере отырып үкімді қатайтып жіберуі ықтимал. Немесе кейбір жағдайларда үкімді жұмсартуы да әбден мүмкін.

  1. Пәтуаның дәлелін, дереккөзін көрсету
  2. Пәтуаны өзгерту [11]

Ислам шариғаты негізінде пәтуа шығарушы адам кез келген қоғам мен ортаның әдет-ғұрыптарын ескермей пәтуа шығаруға ғылыми да, діни де құқығы жоқ. Себебі сөздер мен адамдардың дүниетанымы олардың сенімі мен ниетін анықтауда үлкен маңызды рөл атқарады…

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Ибн Манзур. Лисән әл-араб. – Бейрут: Дәр әл-фикр әл-араби. 1997 ж. – 940 б.
  2. محمد عبد الرحمن المرعشلي. اختلاف الاجتهاد وتغيره وأثر ذلك في الفتيا. بيروت: مجد المؤسسة الجامعية للدراسة والنشر والتوزيع. 2003 م. ص 552.
  3. Р.С. Мухитдинов. Фиқһ әл-ғибадат. – Алматы: Кәусар-саяхат, 2011 ж. – 544 б.
  4. Мустафа әз-Зарқа. Шарх әл-қауағид әл-фиқхия. – Дамаск: Дәр әл-қалам, 2001 ж. – 509 б.
  5. تلقيح الأفهام العلية بشرح القواعد الفقهية وليد بن راشد السعيدان.
  6. Имам Мәлик ибн Әнәс. Әл-Муатта. – Ислам істері жоғары кеңесі, 1994 ж.
  7. Уәһба әз-Зухайли. Усул әл-фиқһ. – Бейрут: Дәр әл-фикр. 2004 ж. – 1262 б.
  8. http://fatua.kz/kz/page/view?id=1
  9. شرح المعتمد في أصول الفقه, محمد حبش
  10. العرف عند الأصوليين وأثره في الأحكام الشرعية. مصطفى محمد رشدي
  11. http://fatua.kz/kz/page/view?id=1

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2019 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.