Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Кітап оқу – ұят емес
20:06, 04 маусым 2018

Кітап оқу – ұят емес


Соңғы уақытта «балам кітап оқығанды ұнатпайды»,- деген сөзді жиі естіп жүрміз. Расымен де, әсіресе, жастар жағы көркем әдебиеттерді оқудан қалып барады. Тек көркем әдебиеттерді ғана емес, танымдық, ғылыми, тарихи кітаптар да сөрелерде шаң басып тұр десек, қате айтпаған боламыз. Кімге кінә артамыз? Өзімізге ме әлде адам ақылымен ойлап табылған заманауи технологиялық құралдарға ма? Бәлкім, ең басты себеп өміріміздің басқа қырында жасырын жатқан болар?..

Қалай болғанда да, балалардың балалық шағы ұрланғаны ақиқат. Ең алдымен, көпшілікпен араласуға тәрбиелейтін «аула» деген түсінік жоғалды, артынан ата-ананың материалдық мүмкіншілігіне қарай балабақша мен мектептерді таңдау пайда болды да, жасөспірімдер арасында таптық бөлінушілік тудырды.

Бұл жағдай «бала кездегі досым» деген түсініктің бұзылуына әкелгеніне бәріміз келісеміз. Бұрын балалар ортақ қызығушылықтары болған соң немесе көзқарастары бір болғандықтан дос болса, қазіргі таңда олардың қарым- қатынастары мүлде басқа құндылықтар негізінде құрылып жатқанын байқауға болады.

Бұл үрдіс ғаламтордың берген жемісі. Көптеген елдерде жас өспірімдер ғаламторды, өзге де технологияларды еркін пайдаланды және қалаған ақпараттарына еркін қол жеткізе алуда. Бір қарағанда, мұның ешқандай зияны жоқ секілді, тіпті кейбір адамдар «ғаламтордың көркем әдебиетке не қатысы бар?» деуі мүмкін. Алайда көптеген адамдардың таным- түсінігін кеңейтіп, мүмкіншіліктер ұсынғандықтан ғаламтор ол адамдардың «әлемге қарайтын көзі» болып кеткен. Дей тұрғанмен, қоғамдағы орын алып жатқан осы жағдайға басқа тұстан назар салып көрейік.

Баламыз виртуалды әлемнен не алады? Жан- жақты болып өсуіне көмектесетін пайдалы кеңестер ме? Әп- сәтте музыка жүктеп алады, достарының парақшасына бір- екі «лайк» еш қиындықсыз баса салады. Ғаламтордағы топтарға тіркеліп, өсек- аяң, ұрыс- керіске еркін араласа алады. Ал сөредегі шаң басқан әдебиеттер сол күйі тұрады.

Құлаққа түрпідей тисе де, баласының планшет пен компьютермен әуестенуі көптеген ата-аналарды еш алаңдатпайтын болып шықты. Олардың ойынша, өзіңе емін- еркін уақыт бөле аласың, оларды театрға апарудың, жаңа ойыншық сатып алып берудің қажеті жоқ екен. Заманауи виртуалды «бала күтуші» «бәрі қосулы» принципі бойынша жұмыс істейтін көрінеді.

Соңғы жылдары адамдардың көзқарастары неліктен күрт өзгерген? Жандүниемізге баға жетпес байлық сыйлап, жауапсыз қалған сұрақтарымызға жауап тауып беретін құнды дүниеден неге оңай бас тартып үлгердік екен? Әлеуметтік желідегі тұтынушылардың жұтаң сөздері жағымды естіле ме? Таң қалатыны жоқ, бұрынырақта сөйлеу әдебі мен сөйлесу мәдениеті шебер жазушылардың ықпалымен қалыптасқан, ал әлемдік әдебиетпен танысу ойды дұрыс тұжырымдау мен сөз әсемдігін жүйесіздіктен ажыратуды үйреткен.

Біздің көтеріп отырған мәселеміздің шегі жоқ әрі адам баласынан құралған қоғамды жауыр қылып жіберуі мүмкін. Бәлкім, бұл мәселе жандүниеміздің тереңдегі тетігін басып, адамдықтың нағыз құнын жоқ қылуы бек мүмкін. Кітап- қағаздан жырақ қалу өзге әлемге қарағанда, мұсылман үмметіне тигізер зияны басым, осы жерде «біздің үммет аянышты кейіпкердің рөлін ойнауға дайын ба?» деген сұрақ туады. Егер дайын болса, ешқандай қарсылық жоқ. Ендеше, мұсылман жастары қазынаға толы кітап әлеміне енбей, ғылым мен білімнен артта қалса да, обал жоқ. Әлдекімдер надандықтары себепті ата- анасы қартайғанда көзін жәудіретіп қарттар үйінде қалдырып, шала сауатты оқымыстылар шариғатты желеу етіп әйел- баласынан бас тартып, кейбірі тіпті Отанын тастап, бейбіт елде атыс жасап жатса да «қайда барады, қояды» деп үйреншікті әлемімізде отыра бергеніміз жақсы.

Алайда, тоқырау мен құлдырудан құтылуды қалайтын болсақ, бізге ақыл мен парасат, кең көзқарас пен терең ілім қажет. Қатардан қалмай, саптың алды болып әрі өзгелерге үйретуге лайық ілімді алуға ондаған жыл жұмсап, тәжірибеде қолданып, дамыту қажет болады. Әзірге күдік пен үрейге толы жанарымызды ғаламторға салып отырғанда Құран:

«Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?»,- деуде.  («Зүмәр» сүресі, 9- аят)

Расымен де, тең бе?

muftyat.kz


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.