Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Куәлік сөзін айта алмасам некем дұрыс бола ма?
16:16, 21 қыркүйек 2016

Куәлік сөзін айта алмасам некем дұрыс бола ма?


Сәлеметсіздер ме? Менің сұрайын дегенім, осыдан бір жыл бұрын тұрмысқа шыққанмын. Мешітке барып неке қидарғанда айтылатын дұғаны (куәлік сөзі) арабша айта алмадым, қазақша ғана айттым, олай болады ма? Әлде қайта қидыру керек пе? (Кәмшат)

Ассаламуғалайкум уа рахматулла қарындасым!

Асылында Алла тағаланың алдында мешітте неке қидырушылардың негізгі шарты екі жастың мұсылман болуы. Ал, өзін мұсылман санамайтындар әлбетте Алланың жердегі үйлерінен бойларын аулақ салары сөзсіз. Десек те, кейбір кездері түрлі ұлт өкілдері мешітке неке қидыруға келген сәтте, оның мұсылманшылық жолын ұстанатынын, яғни Ислам дінін қабылдағанына көз жеткізіп алуымыз үшін «Кәлима шәһәдат» куәлік сөзін айтқызамыз. Осы сәтте әркімнің діни білім деңгейіне қарай әртүрлі қиындықтар туындайды. Мәселен, біреулер ата-бабам мұсылман, мен де мұсылманмын деп жүргенмен, өмірінде бір мәрте де Куәлік сөзін айтпаған болуы мүмкін. Сондықтан имамның алдына келіп, көпшіліктің көзінше, некелесу сәтіндегі қобалжуы тағы бар осы «Әшһаду әл-Ләә Иләәһә иллалла уә әшһәду әннә Мухаммадур-Расулалла» сөзіне тілдері келмей жатады. Әлбетте, мұсылмандығыңды айғақтайтын алғашқы сөзіңді айта алмау, айып екені ақиқат. Дегенмен, Алла тағаланың мейірім есігі әрдайым кең екенін де естен шығармаймыз.

Осы орайда, неке қидырушы жастардың жоғарыдағы күйлерін ескере отырып бұл сөз жүрегіңізде нақ орын алған болса, сол жеткілікті екенін ескерткіміз келеді.

Себебі, біреулер тек қана тілмен айтып, бірақ жүрегі Алланың жалғыздығын, Мұхаммад (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) Оның пайғамбары екенін мойындамаған болса тілінің келгенінде не пайда?!

Қорытындылай келе, Сізге айтарымыз некенің шарттарын дұрыс орындаған болсаңыз, некелеріңіз дұрыс болып саналады. Ал, арабшасына тіліңіз келмеген Куәлік сөзінің мағынасын терең түсініп, жүрегіңізде ұлықтай білсеңіз жеткілікті.

Ардақты Алла елшісі (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын):

«Шын мәнінде, Алла тағала сендердің дене-бітімдеріңе де, түр-тұрпаттарыңа да емес, жүректерің мен істеріңе қарайды», – деп айтқанын Әбу Һурайра (Оған Алла разы болсын) жеткізген еді. /Муслим, бирр 33/

Алла тағала отбасы шаңырақтарыңызға екі дүниенің жақсылықтары мен берекесін жаудырсын! Елді туралық пен әділдікке бастайтын салихалы ізгі ұрпақтар келуін нәсіп етсін!

«Al-Azim.Kz» сайтының
сұрақ-жауап бөлімі


Талқылау: 1 пікір бар
  1. Азамат Бурабай:

    Ассаламуалейкум уарохматуллохи уабарокатух. Рамазан Мубарак. Сайт өте жақсы жасалған. Өте ыңғайлы. Керекті ақпараттар жеткілікті. Алла разы болсын. Сіздерге Әрі қарай Алла жар болсын

    Ответить

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.