Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Исламға дейінгі арабтардың қоғамдық ахуалы
11:30, 20 қараша 2017

Исламға дейінгі арабтардың қоғамдық ахуалы


Араб қоғамының отбасында ер адам толықтай басшылық жасады, отбасындағы соңғы сөзге ер адам нүкте қоятын. Әйелді күйеуге қамқоршылары ұзататын және әйелдің қамқоршыларына қарсы шығуға құқығы болмайтын. Әдетте жәһилият дәуірінде арабтар үйленетін болса, Исламның кезіндегідей біреудің қызына немесе қамқорлығындағы әйелге құда түсіп, әйелге тиесілі мәһрін беріп, отау құратын. Алайда оларда еркек пен әйелдің қатынасында сондай бір жеркенішті, масқара, арсыз қылықтар да кездесетін. Мысалы, ер адам әйеліне етеккірінен тазарған кезінде: «Пәленшеге барып, онымен жақындас», – дейтін. Сөйтіп әлгі кісіден бала көтергені анықталғанға дейін әйелімен жақындаспайтын. Ал одан жүкті болғаны анықталған соң, қаласа, күйеуі әйелімен жақындаса беретін. Олар мұндай сорақылықты асыл тұқымды бала алу ойымен жасайтын.

Исламға дейінгі араб қоғамында зинақорлық кең етек алған-ды, тіпті жезөкшелер есіктеріне белгі ретінде жалау іліп қойып, өздеріне келген еркектерді қабылдайтын. Мұндай жезөкшелердің бірі жүкті болып қалса, жақындасқан адамы оннан аз болған жағдайда, босанғанынан бірнеше күн өткен соң, өзімен жақындасқан кісілерді жинап, баланы олардың арасындағы өзі қалаған кісіге таңып: «Бұл – сенің балаң», – дейтін. Ал оның жақындасқан адамы оннан көп болса, жақындасқан адамдары жиналып, қаифтарды [1] шақыратын да, бала қаифтар нұсқаған кісіге таңылып, соның баласы саналатын және кісі баланы қабылдаудан бас тарта алмайтын. Ислам келген соң, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) мұндай арсыздықтардың барлығына тыйым салды.

Арабтар тайпаралық соғыста жеңіліс тапқан рулардың әйелдерін тұтқынға алып, тұтқынға түскен әйелдермен жөн-жосықсыз жақындасатын және олардан туған балалар өмір бойы масқаралықтан арылмайтын.

Жәһилият кезінде арабтар әйелдердің санын шектеместен, көп әйелдерге үйленетін, апалы-сіңлілі әйелдерге қатар үйленетін және әкелері ажырасқан, әкелерінен жесір қалған әйелдерге үйлене беретін. Бұл туралы Аллаһ тағала: «Әкелерің үйленген әйелдерге үйленбеңдер. Бірақ, бұрын өткені өтті. Өйткені, бұл – бір арсыздық, жеккөрінішті іс және жолдың жаманы. Сендерге аналарыңа, қыздарыңа, әпке-қарындастарыңа, әкелеріңмен бір туған әйелдерге, шешелеріңмен бір туған әйелдерге, бір туған бауырларыңның қыздарына, бір туған әпке-қарындастарыңның қыздарына, өздеріңді емізген сүт аналарыңа, бір еміскен сүт бауыр әпке-қарындастарыңа, әйелдеріңнің аналарына, үйленіп, жақындасқан әйелдеріңнің (бұрынғы күйеуінен болған) қолдарыңдағы өгей қыздарыңа үйлену тыйым салынды, егер ол әйелдерге жақындаспаған болсаңдар, сендерге күнә жоқ. Әрі бел балаларыңның әйелдері және әпке-сіңліліге қатар үйленулерің тыйым салынды. Бірақ, бұрын өткені өтті. Ақиқатында, Аллаһ – өте Кешірімді, ерекше Рақымды» [2] , – деген.

Ерлі-зайыптылардың ажырасуы да толықтай ер адамның қолында болды.

Жәһилият дәуіріндегі арабтардың басы азат әйелдерге қарағанда күңдермен ойнастық жасауы жиірек кездесетін. Мысалы, Әбу Дауд Амр ибн Шұғайб арқылы оның атасынан жеткізген хадисте бір кісі орнынан тұрып: «Уа, Аллаһтың елшісі! Негізінде, пәленше – менің балам. Жәһилият кезінде оның анасымен ойнастық жасағанмын», – дегенде, Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Исламда баланы біреуге таңушылық жоқ, жәһилияттің ісі жоғалды. Бала төсектікі, ал ойнастық жасағанның балаға құқығы жоқ», – деп шешім айтқан [3]. Сондай-ақ Сағд ибн Әбу Уаққас пен Абд ибн Зәмғаның Зәмғаның күңінің баласы Абдур-Рахман ибн Зәмғаға таласқаны жайлы хадис те бар [4].

Араб қоғамында ер адамның балаларымен қатынасы әр түрлі болды. Олардың кейбірі балаларын бауыр еті санайтын, ал кейбіреулері масқаралық пен мұқтаждықтан қорқып, қыздарын тірідей жерге көметін, кедейлік пен жарлылықтан қорқып, туған балаларын өлтіретін. Аллаһ тағала: «Балаларыңды кедейлікті себеп етіп өлтірмеңдер. Сендерге де, оларға да Біз ризық береміз» [5]; «Олардың бірі қыз баламен сүйіншіленген кезде, ішінен тынып, жүзі қарайып кетеді. Өзіне сүйіншіленгеннің қапалығынан адамдардан жасырынады. Ол оны қорлықта ұстайды ма әлде оны топыраққа көмеді ме? Естеріңде болсын! Олардың шешімдері қандай жаман!» [6]; «Мұқтаждықтан қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Оларға да, сендерге де Біз ризық береміз» [7]; «Тірідей көмілген қыз сұралған кезде; Ол қай күнәсі үшін өлтірілді» [8], – деген.

Алайда мұндай тағылық аса кең тарамаған, өйткені арабтар жауларынан қорғанулары үшін балаларға мұқтаж болатын.

Арабтардың бауырларымен, көкелерінің ұлдарымен және аталастарымен арақатынасы берік болды. Олар әулеттің намысын қорғау үшін жан беріп, жан алысатын. Тайпаларды рулық намыспен бірге ауызбіршілік басқаратын, қоғамдық жүйе ұлттық және туысқандық намысты қорғауға негізделген болатын. Олар бауырына қысым көрсетіліп жатса да, бауырының өзі біреуге қысым көрсетіп жатса да көмектесетін. Ал Ислам бұған тура қырынан қарап, бауыры біреуге қысым көрсетіп жатса, жәһилият кезіндегідей қосыла қысым көрсетпестен, бауырына оны бұдан тыю арқылы көмектесуді бұйырды.

Дегенмен, үстемдікке, басшылыққа таласушылық көбінесе бір атадан тараған рулардың арасында соғыс өртінің тұтануына алып баратын. Бұған мысал ретінде әус пен хазраж, абс пен зибйан, бәкір мен тағлуб тайпаларының, т.б. рулардың текетіресін атау мүмкін.

Ал түрлі аталардан тараған тайпалардың арақатынасы толықтай ымырасыздықта, ыдыраушылықта еді. Күштері соғыстарға зая болатын. Тек дін мен аңыздың қоспасынан туған кейбір ғұрыптар мен салттардан қорқу ғана кейде соғыстың өртін басатын. Кейбір жағдайларда достастық, одақтастық және бодандастық та әр түрлі тайпалардың бірігуіне себеп болатын. Тыйым салынған айлар олардың өмірлері мен тұрмыс-тіршілігіне көп қайырын тигізетін [9].

Тоқ етері, Исламға дейінгі арабтардың қоғамдық ахуалы төмен жағдайда, нашар әрі адасушылықта еді. Надандық тамырын тереңге жайған, халықтың санасын аңыз әңгімелер жаулаған болатын. Адамдар мал тәрізді өмір сүретін, әйелдер саудаға салынатын, кейде оларды еркектер зат сияқты көретін. Ұлттың тұтастығы ыдыраған, сын көтермейтін күйрек халде еді. Билеушілердің басты мақсаты халықтың есебінен өзінің қазыналарын толтыру немесе басқыншылықтары негізінде соғыс жүргізу ғана болды.

[1] Қаиф – із кесуші әрі адамдардың табандарына қарап олардың өзара туыс немесе туысқан еместігін ажырата алатын адам.
[2] «Ниса» сүресі, 22-23 аяттар.
[3] Хадисті Әбу Дауд («Бала төсектікі» деген тарауда) және Ахмад «Муснадында» (2/207) келтірген.
[4] Мұнда әл-Бұхари, Муслим және басқалар Айшадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген хадиске сілтеме жасалған. Онда Айша: «Сағд ибн Әбу Уаққас пен Абд ибн Зәмға бір балаға қатысты дауласқан еді. Сағд: «Уа, Аллаһтың елшісі! Мынау менің бауырым Ғұтба ибн Әбу Уаққастың баласы. Ол маған бұл өзінің баласы екенін айтып тапсырған еді. Оның ұқсастығын қарашы», – деді. Абд ибн Зәмға: «Уа, Аллаһтың елшісі! Бұл – менің бауырым, әкемнің төсегінде оның күңінен туылған», – деді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) оның ұқсастығына қарап, Ғұтбаға анық ұқсайтынын көрді. Бірақ (Пайғамбар (с.а.с.)): «Ол сенікі, ей, Абд! Бала төсектікі, ал зина жасаушының балаға құқығы жоқ. Ей, Сәудә бинт Зәмға! Оның алдында хижабпен жүр», – деді. Содан ол (бала) Сәудәні ешқашан көрмеді», – деген. Хадисте баланы зинақорға телімеу меңзелген, бірақ бұл бала оныкі емес дегенді білдірмейді. «Бала төсектікі» деген тіркес, бала өз күйеуінен құрсақ көтеруі мүмкін әйелдің төсегінде туылса, ол ата-анасынан мұра алады, ал ата-анасы одан мұра алады. Мұнда ол ата-анасына ұқсай ма, ұқсамай ма – оның айырмашылығы жоқ. Ал Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әйелі Сәудәға баланың алдында хижабпен жүруді бұйырғанына келсек, ән-Нәуәуидің айтуынша, бұл сақтық шарасы үшін жасалған болатын. Өйткені ол шынымен де Ғұтба ибн Әбу Уаққастың баласы болып, Сәудәнің махрамы болмауы мүмкін еді. Әйтсе де шариғат үкімі сыртқы белгілерге қарайды, сондықтан бұл бала Сәудәнің бауыры саналады. Сағд ибн Әбу Уаққас жәһилият кезінде бауыры Ғұтбаның бұл бала оныкі екенін айтқанын естіген болатын. Бірақ Сағд Ислам шариғаты мұндаймен келіспейтінін білмеген еді.
[5] «Әнғам» сүресі, 151-аят.
[6] «Нахл» сүресі, 58-59 аяттар.
[7] «Исра» сүресі, 31-аят.
[8] «Тәкуир» сүресі, 8-9 аяттар.
[9] Арабтар ай күнтізбесіндегі бірінші, жетінші, он бірінші және он екінші айлар – мухаррам, ражаб, зул-қағда және зул-хижжа айларында тайпаралық соғысқа тыйым салатын.

«Мұхаммед пайғамбар өмірбаяны»
кітабынан


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.