Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Салихалы отбасы — 7: Тынығу және серуендеу
9:12, 23 қараша 2017

Салихалы отбасы — 7: Тынығу және серуендеу


Ислам – адам баласына тыным бермейтін және қиындық туғызатын дін емес. Алла тағала Құран кәрімде былай дейді: «Таһә. Құранды саған қиыншылық көруің үшін түсірмедік!» («Таһә» сүресі: 1,2).

Адамның жан дүниесі, анда-санда түздің тірлігінен де үйдің тірлігінен біраз тынығуды қажет етеді. Бұл тынығу ерлі-зайыптылардың табиғатқа шығып серуендеуі арқылы немесе оңаша отыруға қолайлы асханаға барып отырулары арқылы жүзеге асады. Тіпті, үйдің ішінде бір-бірімен әзілдесіп көңіл көтерулерінің өзі қайда жатыр.

Айша анамыз, Алла тағала оған разы болсын, былай дейді: Бірде Алланың елшісімен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге сапарға шыққан едім, денеме салмақ бітпеген, енді ғана бойжеткен кезім болатын. Ол адамдарға: «Ілгері қарай жүре беріңдер!» – деп, олар ілгері жүріп кетті. Кейін маған: «Кел, жарысайық» – деді. Екеуміз жүгіріп жарыстық та мен одан озып кеттім. Ол үндемеді. Кейін бойыма ет бітіп салмақ қосқанымда онымен бірге тағы бір сапарға шыққан едім. Ол адамдарға: «Ілгері қарай жүре беріңдер!» – деді, олар ілгері жүріп кетті. Кейін маған: «Кел, жарысайық» – деді. Мен бұрынғы болғанды ұмытып кетіппін. Бұл кезде біраз салмақ қосқандықтан: «Әй, Алланың елшісі, мына күйімде сенімен қалай жарысамын» – дедім. Ол: «Айтқанымды орында!» – деді. Екеуміз жүгіріп жарыстық та ол менен озып кетті. Сосын күліп, маған былай деді: «Бұл – ана кездегі үшін»[1].

Теледидарда иманын арттыруына, сауатын жан-жақты көтеруіне және тәжірибе жинауына көмек беретін пайдалы бағдарламаларды көріп тынығуына болады. Айша анамыз, Алла тағала оған разы болсын, былай дейді: Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мені шапанымен бүркеп тұрып, мен мешіт ішінде эфиопиялық мұсылмандардың әскери ойындарын көретінмін, ол мені емес, мен оны жалықтыратынмын. Олай болса, көңіл көтеруді қатты қалап тұрған бойжеткен қыздың лайықты бағасын беріңдер»[2].

Айша анамыз, Алла тағала оған разы болсын, былай дейді: Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарға шығар кезде әйелдерінің арасына жеребе тастайтын, қайсы әйелінің есімі шықса, соны қасына алатын[3].

Үмму Атия, Алла тағала оған разы болсын, былай деді: «Айт мейрамдарында жақсылыққа куә болып, көңіл көтерулері үшін, бой жеткендер мен етеккір кезіндегі әйелдерді үйлерінен шығаруымыз бұйырылатын»[4].

Анас, Алла тағала оған разы болсын, былай деді: Адамдардың ішінде мінез тұрғысынан ең жақсысы пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болатын. Менің Әбу Умайр дейтін бауырым болатын, – хадисті жеткізуші кісі: емшектен шыққан жаста болса керек, – дейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған келген кезінде: «Әй, Умайр, не істеп қойды Нуғайр» – дейтін[5]. Нуғайр дегеніміз — торғайлардың бір түрі.

Бірде Айша анамыз, Алла тағала оған разы болсын, Исламнан бұрын еркектердің өз әйелдеріне қандай қарым-қатынаста болғанын сөйлейтін нақты әңгімелерді пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтып берген екен. Сөйтіп, әңгімелерде айтылған кейіпкерлердің ішінде әйеліне ең жақсы қарағаны  Әбу Зарғ деген кісі болып шығады. Сонда пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамызға: «Әбу Зарғ Үмму Зарға қалай қараса, мен де саған солай қарадым ғой, ә?» – дейді[6].

Зайд ибн Асламның айтуынша, Алла оған разы болсын, Үмму Айман есімді эфиопиялық бір әйел Алланың елшісіне (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Сізді менің күйеуім шақырады» – дейді, пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Ол ана көздерінде ағы бар кісі ме?» – деп сұрайды, әйел: «Оның көздерінде ағы жоқ» – деп жауап береді, пайғамбарымыз: «Оның көздерінде ағы болу керек» – дейді, әйел: «Аллаға серт, ондайы жоқ» – дейді. Сонда пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көзінің ағы болмайтын ешбір адам жоқ» – дейді.

Айша анамыз, Алла оған разы болсын, былай деді: «Мен еттекір күйде болғанымда пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ыдысымен сусын ішетінмін. Менің аузым тиген жерге аузын қойып, сол ыдыстан ол да ішетін»[7].

Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдерімен де, қыздарымен де, сахабаларымен де анда-санда осылай көңіл көтеріп, өзінің де жан дүниесін, өзгелердің жан дүниесін тынықтыратын еді. Ер адамның мұндай қасиетке ие болуы оның айбындылығын кемітпейді, кеміткен болса, Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны ешқашан істемеген болар еді, алайда оны істеді және оның жүріс-тұрысы мен қарым-қатынасы, әзілі мен көңіл көтеруі біз үшін кәміл өнеге болып саналады. Әрине, әр нәрсе өзінің шегінен аспауымен сүйкімді болады, сол себептен көңіл көтерем деп міндеттер атқарылмай қалып жатқан болса, парыздар қаза болып жатса, пайда емес, зиян шеккен болады, сол себептен тағамға дәм беру үшін, тұз қаншалықты көлемде қажет болса, тіршілікке де көңіл көтерудің, тынығудың соншалықты көлемде араласуы қадағаланса дұрыс болады.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады: «Алланы еске алудан басқа нәрсенің түгелі – ермек пен ойынға жатады, тек мына төртеуі олардың ішіне кірмейді: ер адам әйелімен көңіл көтерсе, біреу тұлпарына күтім берсе, біреу атыс орны мен нысананың арасында жүрсе (яғни садақ атуы), біреу біреуге суда жүзуді үйретсе»[8].

[1] Ахмад келтірді
[2] әл-Бұхари мен Мүслім келтірді
[3] хадис
[4] әл-Бұхари мен Мүслім келтірді
[5] әл-Бұхари мен Мүслім келтірді
[6] әл-Бұхари мен Мүслім келтірді
[7] Мүслім келтірді
[8] ан-Насаи келтірді

«Отбасы бақытына апарар отыз жол»
кітабынан


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.