Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Салихалы отбасы — 3: ШЫНШЫЛ ӘРІ АШЫҚ БОЛУ
0:45, 20 қараша 2017

Салихалы отбасы — 3: ШЫНШЫЛ ӘРІ АШЫҚ БОЛУ


Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Әлбетте, шыншылдық игілікке бастайды, ал игілік жәннатқа апарады. Адам шыншыл болған сайын, Алланың қасында шыншыл деп жазылады. Ал енді, өтірік, әлбетте, азғындыққа бастайды, ал азғындық отқа апарады. Адам өтірікші болған сайын, Алланың қасында өтірікші деп жазылады»[1].

Адам шыншыл болса, айналасындағы адамдардың махаббатына ие болады және өзіне деген сенімін арттырады, ал өтірікші адам, керісінше, адамдардың жек көрінішін тудырып, олардың өзіне деген күдігін арттырады, сол сияқты адам сөзі мен ісінде ашық болса, достық пен бауырмашылық тұрақтығына ие болады, ал сөзі мен ісі бұлыңғыр түсініксіз адаммен өзгелердің байланыс орнатуы қиынға соғады.

Адамның шыншыл және ашық болуы тек сөзінде ғана емес, сонымен қатар куәлігі мен ісінде де, ниеттері мен сезімдерінде де талап етіледі. Алла тағала айтады: «Әй, иман келтіргендер, Алланың әділдікті орнатушы куәгерлері болыңдар, куәлік тіпті өздеріңе, немесе ата-аналарыңа және туыстарыңа қарсы айтылса да, мейлі бай, мейлі кедей болсын, Алла екеуін де біледі. Әділдікті аттап, қалауларыңа ермеңдер, егер қулық жасасаңдар немесе бет бұрсаңдар, әлбетте, Алла не істеп жатқандарың жайлы хабардар» («ан-Ниса» сүресі: 135).

Ниеттің растығы жайлы пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кім жақсылық істеуге ниет қылып, істей алмай қалса, Алла тағала оны Өз қасында бір жақсылықты толық істеді деп жазады, ал ниет қылып, істеген болса, онда Алла тағала оған он жақсылық істеді деп, тіпті жетпіс есе, тіпті одан да көп есе арттырып жазады..»[2].

Кәпірлердің иман келтірмегені Алланың елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сезіміне тиіп, олар үшін қатты қиналатын, сонда Алла тағала оған Құран Кәрімде былай дейді: «Олардың қылықтарына қарап, бұл Құранға иман келтірмегендігі үшін, уайымға беріліп өзіңді өлтіре жаздайсың» («ал-Каһф» сүресі: 6). Осылайша пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тіпті кәпірлерге деген сезімі шынайы болған еді.

Амр ибн ал-Ас, Алла тағала оған разы болсын, келінінен баласының хал-жайын сұрайды, сонда ол: «Еркек болған адам қандай жақсы еркек! Біз келін болып түскеннен бері төсегімізге аяқ баспайды, қасымызға іздеп келмейді» – деп жауап береді[3]. Бұл сөздерімен келін күйеуінің өзіне көңіл бөлмейтіндігі жайлы ашық айтып атасына шағымданады.

Кейбір жағдайларда пайдасы болғандықтан шындықты жасыруға болады

Мысалы, күйеуі жұмыстан кешігіп келді делік, себебі жұмыстан кейін Алла тағаланың разылығын іздеп, жағдайы нашар адамдарға азық-түлік апарған екен. Ниетіне рия жұқтырмас үшін, әйелінен шындықты жасырып, бүгін көп жұмыс болды деп жауап беруі өтірікке жатпайды, өйткені жұмыстан кейін істегені де жұмысқа жатады.

Ерлі-зайыптылардың қызғанышы күшті болған жағдайларда, осындай тәсілдерге сүйенбесе болмайды, алайда оны көп қолдануға да болмайды, өйткені ол өтірік болмағанымен, адамды өтірік айтуға жақындатуы мүмкін.

Үмму Күлсім, Алла тағала оған разы болсын, – Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш жағдайда ғана өтірік айтуға рұқсат бергенін естідім, –дейді ол, «Екі адамның арасын жарастыру үшін өтірік айтқан адам, соғыс майданы қажет етіп өтірік айтқан адам, ер адамның әйеліне айтуы және әйелдің күйеуіне айтуы»[4].

Әрине, адамдардың арасын жарастыру үшін, немесе қауіпті кетіру үшін, немесе ерлі-зайыптылар бір-бірінің көңілін көтеріп, жүректеріне қуаныш ұялатуы үшін жақсылықты асырып, жаманшылықты жасырып өтірік айтудың пайдасы – өте мол, хадистегі рұқсаттың да көздейтіні – осы. Мысалы, күйеуі әйеліне: «Тамағың қандай дәмді, бұндай тамақты ешқашан жеген емеспін» – деуі әйеліне ұнап жатса, неге оны айтпасқа? Сондай-ақ, бұл тәсілді аса қажет болмаса, әрдайым қолдана беруге болмайды. Ал енді өтіріктің пайдасынан гөрі зияны асатын болса, онда оны үзілді-кесілді қолдануға болмайды.

[1] әл-Бұхари мен Мүслім келтірді
[2] әл-Бұхари мен Мүслім келтірді
[3] әл-Бұхари мен Мүслім келтірді
[4] Мүслім келтірді

«Отбасы бақытына апарар отыз жол»
кітабынан


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.