Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Салихалы отбасы — 2:  ТІЛ ПӘКТІГІ
16:29, 13 қараша 2017

Салихалы отбасы — 2: ТІЛ ПӘКТІГІ


Алла тағала айтады: «Әй, иман келтіргендер, бір адамдар екінші бір адамдарды мазақ қылмасын, мүмкін олар аналарға қарағанда жақсы болар, сондай-ақ әйелдер де басқа бір әйелдерге күлмейтін болсын, мүмкін олар аналарға қарағанда жақсы шығар. Кемшілік іздеп, өздеріңе нақақтан жала тақпаңдар және бір-бірлеріңді сөгіс атаулармен қорламаңдар» («ал-Хужурат» сүресі: 11).

Бейпіл ауыз адам, мейлі ер кісі болсын, мейлі әйел кісі болсын, оны дүниеде де ақыретте де бақытсыздық күтуде. Ол біреуді балағаттап қойса, анау да тыныш тұрмас, егер тек сөз қайтарып құтылса, онда істің оңай айналғаны, ал енді сөзге келмей жазатайым қылса, онда бұл – бақытсыздық емей немене? Бұл қылығы үшін, дүниеде көретіні осы болса, ақыретте үлкен күнәлардың жазасына бұйырылады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адамның әке-шешесін қарғауы — үлкен күнәлардың қатарына жатады», сонда оған: «Әй, Алланың елшісі, адам өзінің әке-шешесін қалай қарғай алады?» – делінді, ол: «Ол біреудің әкесін қарғайды, сонда анау бұның әкесін қарғайды. Ол біреудің шешесін қарғайды, сонда анау бұның шешесін қарғайды» – деді[1].

Мүміннің тілі пәк болады, ол ешкімнің сыртынан сөз айтпайды, адамдардың арасында өсек тасып, бауырмашылықтың берекесін қашырмайды, өзіне айтылған сырды ешкімге ашпайды, ешкімді балағаттамайды. Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады: «Мүмін – тіл тигізетін, қарғыс айтатын, балағаттайтын және былапыт сөйлейтін ұятсыз адам емес»[2].

Адамның мұсылманшылық мінезі тілінен-ақ көрінеді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ең абзал мұсылман кім?» – деп сұралғанда, былай деп жауап береді: «Кімнің тілі мен қолынан адамдар зиян шекпесе – сол»[3].

Ерлі-зайыптылар бір-біріне сеніп айтқан сырларын ешкімге ашпаулары қажет, сондай-ақ төсек қатынастарын ешкімге суреттеп айтуларына болмайды, өйткені бұлар қиянатқа және ұятсыздыққа жатады. Алла тағала иман келтіргендерге әдептілікті ескертіп былай дейді: «Олар сендерге – киім, сендер оларға – киімсіңдер» («ал-Бақара» сүресі: 187). Яғни, араларыңдағы айтылған және болған нәрселерді ешкімге ашпай сақтайсыңдар.

Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады: «Кім мұсылманды жасырса, Қиямет күні Алла да оны жасырады»[4]. Әрине, әр адамның, әр ерлі-зайыптылардың  және әр отбасының сыры болады, бұл – адам баласына тән табиғат. Олар күнәларын, қателіктерін және кемшіліктерін жасыруды қалайды, өйткені бұл құпиялардың ашылуы олардың жүрек дәрежелерінің өзгешелігіне байланысты, оларды әртүрлі қылықтарға итермелеуі мүмкін, бұның салдарынан тәубадан үміті үзіліп, біреуінің өмірі сынады, енді біреуі одан әрі жалғастырар, ал енді біреуінің күнәсы біреулерге өнеге болып, өзгелердің құлшынысын арттырып, осындай жаман нәтижелер беруі мүмкін. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген екен: «Шындығында, Қиямет күні Алланың алдында дәрежесі пәс адам, ол – ері әйелімен сырласса және әйелі ерімен сырласса, кейін екеуінің бірі жұбайының сырын басқаларға таратып қояды»[5].

Отбасы мүшелері шаңырақтың астында болып жатқан немесе болып жатқан нәрселерді ешкімге ашуына болмайды, әсіресе ашу кернеген кезде абай болулары қажет, өйткені ашуланып айтып қойдым деген сөздің өзі әлсіз пәс адамның ісіне жатады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Күресте қарсыласын жерге жыққан кісі мықты бола алмайды, алайда ашулы кезінде кім өзін ұстай алса, сол мықты болады»[6].

[1] әл-Бұхари мен Мүслім келтірді
[2] ат-Тирмизи келтірді
[3] әл-Бұхари мен Мүслім келтірді
[4] Мүслім келтірді
[5] Мүслім келтірді
[6] әл-Бұхари мен Мүслім келтірді

«Отбасы бақытына апарар отыз жол»
кітабынан


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.