Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Ұлтыңды сүю – иманнан
14:23, 13 қараша 2017

Ұлтыңды сүю – иманнан


Соңғы кезде баспасөз бен әлеуметтік желілерде қазақ халқының ұлттық құндылығы саналатын киелі ұғымдарға жөн-жосықсыз тіл тигізу көріністері қылаң беруде. Мәселен, жуырда Айсәуле есімді бойжеткен орыстілді бір сайтта «ұят» тақырыбын қозғап, өзінің құрбыластарын еркін өмір сүруге шақырды. Оның айтуынша, біздегі қиыншылықтың бәрі өзімізді ұятпен шектеп, батыстық түсініктермен өмір сүрмеуімізден екен. Осы тәрізді қазақы ұғым-түсініктерді өздерінше тергеп, тәпсірлеу, тіпті мазаққа айналдыру орыстілді желілердің әдетіне айналған сыңайлы («уятмен», «уяталити», т.с.с.).

Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда тілдік, тәрбиелік ала-құлалық салдарынан нигилистік сипаттағы топтардың қарасы көбейе түскені аян. Түп-тамыры тереңде, арғы ата-бабаларымыздан бермен қарай келе жатқан ұлттық тәрбиелік дәстүрден нәр алмағандар қазіргі заманғы өтпелі, кездейсоқ әлеуметтік құ­бы­­лыстардың жетегінде жүр­генін түсінбегенімен қоймай, өздерінің таяз тұжырымдарын көпшілікке таңуды шығарды. Олар нағыз халықтық мағынадағы дүниетанымды, өмірге көзқарасты өз өлшемдеріне салғысы келеді. Және де ол өлшем өмірлік тәжіри­беден туса бірсәрі, бұқа­ралық мәдениеттің ықпалымен бойға сіңген шалажансар пайымдаулар. Алайда мұндай түсініктегі жандардың таяз пікірлеріне сыни көзқараспен қарауға өресі жете қоймайтындар да бар екенін естен шығаруға болмайды. Шоу-бизнесте жүргендердің үлгісін қазіргі заманғы өмір сүрудің салты деп түсінетін субмәдениет өкілдері, әсіресе жастар осы салада қандай да бір жетістікке жеткендердің әрбір сөзін қанатты қағида деп қабылдауы әбден мүмкін. Әлбетте, мұндай оғаш ой-пікірлердің болуы заңды да шығар, бірақ сөз бостандығы ойыңа не келсе соны айта беру емес қой. Бұдан бөлек, осындай тақырыптағы пікірлерді жариялаудың өзі қазақтың ұлттық болмысының ерекшелігін жете ұғынбастан оны жоққа шығаруға, мойындамауға тырысушылықтың бар екенін көрсетеді. Мемлекетке деген құрмет оны құраушы ұлттың қасиетті ұстындарына құрметтен бөлек емес, сондықтан қыңыр пікірлерді жариялауға құштар басылымдардың нені көздейтіні алаңдатпай қоймауға тиіс.

Қазақтың «ұят» атты ұғымының мән-мағынасы басқа бір де бір халыққа ұқсамайтын, өзгеше құбылыс. Адамдықтың өлшемі – қадір-қасиет, ар-намыс, ұят түсініктерімен ержеткен ұл, бойжеткен қыз үшін бұдан артық өмір сүру ережесі болған емес. Адамды адам еткен іс-әрекеттің бәрі ұяттан бастау алған, ал ненің ұят, ненің ұят емес екенін айыра білу – ақылмен екшеу, өз өмірің үшін жауапкершілік арқалау арқылы біртіндеп қалыптаса береді. Және де ондай қасиеттер туған ұлтының әдет-ғұрпы мен дүниетанымын бесігінен бойына сіңірген адамның ғана қолынан келетіні күмән туғызбаса керек. Көп мәселелерде осы жағынан кемшін түсіп жүргеніміз ұлттық тәрбиенің босаңсуынан екені айтылып та келеді. Қазіргі біздің қоғамда жас ұрпақтың мүлде бөлек ағымда өмір сүруі, өз тегінен жаттануы белең алғаны соның көрінісі. Сондықтан ізгілікке толы отбасылық дәстүрлерді қайта жандандыру арқылы ғана кейбір кертартпа көзқарастарға тежеу сала алатынымыз анық. Ұлттық тәрбие мен имандылықтан бас тарту дамығандықтың белгісі деу қате. Керісінше, нағыз өркениетті қоғам тіл мен ділді, әдет-ғұрып пен дәстүр-салтты ешқашан тәрк етпейді.

Дина Имамбаева

anatili.kazgazeta.kz


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.