Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
23 елді шайтанарбамен аралаған
14:17, 13 қараша 2017

23 елді шайтанарбамен аралаған


Велосипедпен әлемді шарлап жүрген француз Роман Пишар Қара­ған­дыға келді. Жол жүруге оның 14 айы кеткен. Осы уақыт ара­лы­ғын­да ол 23 елде болыпты.

– Мен Францияда инженер болып жұмыс істеймін, – дейді ол. – Бізде әр адам жұмыстан бір жылға үзіліс ала алады және сол уақытта өзі қалаған іспен айналысып, уақы­тында қайта жұмысына келеді. Мен де сондай үзіліс алып, алдыма Моңғолияға дейін жетемін деген мақсат қойған едім. Алайда, оған үлгермеймін, себебі күн суытты. Меніңше Астанаға дейін барамын, ал ол жақтан Францияға ұшамын. Ағымдағы жылдың 1 жел­тоқ­санында жұмысқа шығуым керек.

Романның айтуынша, ол өз елінде мүлдем автокөлікке отырмайды екен, оның ойынша көлік эколо­гияға зиян келтіреді және қыз­меті тым қымбат. Жұмысы мен жеке кездесулеріне велосипедпен барады. Сол себепті саяхат үшін де көліктің осы түрін таңдаған.

Барлық жүріп өткен жолында Роман велосипедтен басқа еш көлікке отырмаған. Ол шатырларда қонып, тамақты отта дайындаған, қол шам мен ұялы телефонын кішкене күн ба­та­­рея­­сының көмегімен қуаттап отырған.

Саяхаты барысында ол Италия, Швейцария, Түркия, Иран, Грузия, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және басқа елдерде болды. Роман атап өткендей, жолда шағын апаттан басқа ешқандай оқыс оқиға болмаған. Апат салдарынан дөңгелегі жарылып қалыпты.

– Мен Иранда екі ай болдым, – дейді саяхатшы. – Ол жерден өзіме достар таптым. Барлығы маған ол елге бару қауіпті, сен қателік жасайсың деген-ді. Бірақ нәти­жесінде олай болмай шықты. Мен онда болғанымда ол сөздердің жал­ған екенін түсіндім. Иран – мен бол­ған елдердің ішіндегі ең сүйіктісі.

Роман Қазақстанда кідірем деп ой­ламаған. Алайда Қарағанды маңын­да 200 шақырым жерде орна­ласқан автокешенге кіргеннен соң жоспары өзгерген.

– Сол күні кешкілік мен автокешенге бардым, – деп бастады әңгімесін тұрақтың иесі Ғазиз Ысқақ. – Романды көріп, онымен сөйле­сіп кеттім. Ол Шудан Қарағандыға дейін келіп Қазақстан туралы ештеңе білмеген. Мен намыстандым. Мен оған біздің қазақстан­дық қонақжайлығымызды көрсетуді шештім. Менің автокешенімде сау­на бар, біз сонда бардық, кешкі ас іштік. Дәл осы уақытта біздің кешенде халық аспаптар ансамблі болған-ды. Мен олардан Роман үшін аспаптарында ойнап берулерін сұрадым. Оған домбыраның үні ерекше ұнады. Ол тіпті өзі ойнап көрмек болды.

Қарағандыда Романды Ғазиздің туыстары күтіп алып, біраз қалуын сұрап, ет асып, қаланы аралатқан.

Романның сөзінше, осы саяхаттан соң оның әлемге деген көзқарасы өзгерген, тіпті еліне оралған соң өзінің өмір стилін өзгертуі де мүмкін.

– Мен жалпы адамдарға қатысты пессимисттік ойда болдым, – дейді ол. – Адамдар осынша мейірімді және жақсы деп ойламадым. Бұл саяхат менің адамдарға деген пікірімді өзгертті.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы

egemen.kz


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.