Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Салихалы отбасы — 1:  ӨЗАРА КЕШІРІМДІЛІК
19:59, 12 қараша 2017

Салихалы отбасы — 1: ӨЗАРА КЕШІРІМДІЛІК


Екі жақтың бірінен пайда болған қателіктердің кесірінен ерлі-зайыптылардың өмірі қайсымыз жеңер екенбіз деп тартысқан соғыс майданына айналып жатады. Осының нәтижесінде, олар бірте-бірте өзара түсінісу қасиетін жоғалтады. Негізінде, ерлі-зайыптылардың шынайы махаббаты өзара жанашырлық сезімінде, бір-бірінің қателіктерін кешіруімен бейнеленеді. Белгілі бір жағдайлардың әсерінен адам орынсыз ашуланып қалуы және қате әрекет жасап қоюы мүмкін. Дегенмен, мұсылманның жан дүниесі Раббысымен байланыс-та болғандықтан, тәубасына келіп, қателіктерін жақсы істермен жууға тырысады. Алла тағала айтқандай: «Расында, тақуалар өз бойларында шайтанның азғырып жатқандығын сезсе, Раббыларын еске алады да алдауға түсіп жатқандарын аңғара қояды» («ал-Ағраф» сүресі: 201). Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да былай деген: «Бүкіл адам баласы қателік қылады, алайда қателік жасағандардың ең жақсылары — тәубасына келетіндер»[1].

Егер отбасы мүшелерінің біреуі ашуланған болса, айналасындағы адамдар оның ашуын одан әрі қоздырудан сақтанулары қажет. Бұндай жағдайда әркім Алла тағалаға сиынып, жағдайдың тынышталуына үлес қосулары керек болады. Дәрет алып намазға тұра қалса, ашуының басылуы жеңілге соғады, пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай: «Расында, ашу – шайтаннан, ал шайтан оттан жаралған. От сумен ғана өшеді ғой, сондықтан кім ашуланса, дереу дәрет алсын»[2].

Ашуын тыя қоятындар жайлы Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Олар — шаттықта да қайғыда да қаражаттарын жұмсайтындар, ызаларын баса қойып, адамдарды кешіре салатындар. Алла игілік қылушыларды жақсы көреді» («Әли Ғимран» сүресі: 134).

Екі жақтың бір-біріне кешірімді болғандары – қандай жақсы амал. Расында, қателік әр адам баласына тән қасиет емес пе? Раббысының кешірімін тілеген әркім өзі де өзгелерге кешірімді болуы қажет. Алла тағала айтады: «…Олар ғапу етсін және кешірімді бол-сын, әлде Алланың сендерді кешіруін ұнатпайсыңдар ма?» («ан-Нұр» сүресі: 22).

Кешірімді болу адамның дәрежесін кемітпейді, керісінше «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей кешіре білу адамның қадірін көтереді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады: «…Құлдың кешірімді болғаны үшін, Алла тағала оның айбындылығын арттырады. Кім Алла үшін сыпайылық білдірсе, Алла оның дәрежесін көтереді»[3].

Қателіктерінің кесірінен ерлі-зайыптылар бір-біріне қылған жақсылықтарды ұмытуларына болмайды. Бұл жайында Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мүмін ер мүмін әйелді жек көруі мүмкін емес, егер оның бір қасиетін жақтырмай қалса, басқа қасиетіне риза болады»[4].

Бір жақ ашуланған болса, екінші жақ оған сөз қайтарып, кінә таққанша, неліктен ашуланғанын білуге тырысуы қажет, өз қамын құрбан етіп, оныкін артығырақ ойласа нұр үстіне нұр болар еді. Алла тағала айтады: «..және олар басқалардың мүдделерін өздерінен артық көреді, тіпті өздері мұқтаж бола тұра. Кім жан дүниесіндегі сараңдықтан құтылса, солар – табысқа жетушілер» («ал-Хашр» сүресі: 9). Ерлі-зайыптылар бір-біріне айна секілді, олар бір-бірінің айыптарын сезімдерін жараламайтын даналық жолдармен түзейді. Пайғамбарымыз осылай қылатын, егер біреу қателік жасап қойған болса, оны ешкімге білдірместен: «Пәлен істі, түген істі қылып жүрген адамдардың жағдайы не болады екен?» – дейтін.

Айша анамыз пайғамбарымызбен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатты сөзге келіп, араларына билік айтуға Әбу Бәкір келеді, Алла тағала оларға разы болсын. Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айшаға: «Сен сөйлейсің бе, әлде мен сөйлейін бе?» – дейді, ол: «Сен сөйле, және шындықтан басқаны айтушы болма» – дегені сол-ақ екен, Әбу Бәкір оны шапалақпен ұрып жібергенде аузы қанап кетеді. Әбу Бәкір оған: «Әй, өз жанына дұшпандық қылушы, ол шындықтан басқаны айтушы ма еді?» – дейді. Айша пайғамбарымыздан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көмек сұрап, арқа жағына тығылады. Сонда пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірге: «Негізінде, біз сені бұл үшін шақырмаған едік, сондай-ақ сенен бұны қаламадық» – дейді[5].

[1] ад-Дарими келтірді
[2] Әбу Дәуд келтірді
[3] Мүслім келтірді
[4] Мүслім келтірді
[5] әл-Бұхари келтірді

«Отбасы бақытына апарар отыз жол»
кітабынан


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.