Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Арабтардың діндері
20:25, 10 қараша 2017

Арабтардың діндері


Арабтардың көпшілігі Исмаил пайғамбар оларды әкесі Ибраһимнің дініне шақырған уақытта, оның үндеуін қабылдап, Аллаһқа құлшылық етуге, Оны жалғыз құдай деп сенуге және Ибраһим пайғамбардың дінін ұстануға көшкен болатын. Бірақ уақыт өте келе арабтар өздеріне насихат етілгеннің көбісін ұмытып, оларда Аллаһты жалғыз құдай деп сенушілік пен Ибраһимнің дінінің бірнеше рәсімдері ғана қалды. Кейін хузаға тайпасының көсемі Амр ибн Лухай шықты. Ол жақсылық, садақа, дін істеріне көңіл бөлу сияқты үлкен істерді жаңғыртқан болатын. Сондықтан ол халықтың ыстық ықыласына ие болды және оны адамдар үлкен ғалымдардың, қасиетті әулиелердің бірі деп санады. Бірде Шам өлкесіне сапар шегіп барған Амр ибн Лухай олардың пұт-мүсіндерге табынып жатқандарын көріп, осыны дұрыс санады және соны ақиқат деп ойлады. Өйткені Шам өлкесі пайғамбарлар мен Аллаһтан түскен кітаптардың отаны болатын. Сөйтіп Амр өзімен бірге ол жақтан Һубәл деп аталатын пұтты әкеліп, оны Қағбаның ішіне орналастырды және меккеліктерді Аллаһқа серік қосуға шақырды, ал олар Амрдің үндеуін қабылдады. Көп өтпестен бүкіл Хижаз тұрғындары Аллаһтың үйінің, қасиетті аймақтың иелері саналатын меккеліктердің нанымына ерді.

Арабтардың ең ежелгі пұттарының бірі – сол кездері Қудайд мекені маңындағы, Қызыл теңіздің жағалауында жатқан Мушәлләл тауында орнатылған Манат атты пұт. Уақыт өте Таиф жерінде Лат, Нахла жазығында Ғұзза деген пұттар пайда болды[1]. Осы үшеуі – олардың пұттарының ең үлкендері. Кейінірек Аллаһқа серік қосу одан да кең етек алып, Хижаздың барлық жерінде пұттар көбейді. Тарихи деректерде Амр ибн Лухайдің жындармен байланысы бар адам болғандығы айтылады. Жындар оған Нұх пайғамбардың елі табынған пұттар: Уад, Суағ, Яғус, Яғуқ және Нәср Жиддада көмулі жатқандығын хабарлап, Амр барып, оларды қазып алады. Сөйтіп пұттарды Тиһама жеріне әкеліп, қажылық маусымы кезінде оларды тайпаларға табыстайды және тайпалар ол пұттарды елдеріне алып кетеді. Тіпті әрбір тайпаның, сосын әрбір үйдің өз пұты болды. Арабтар әл-Харам мешітін пұттарға толтырып тастаған еді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) Меккені бағындырған кезде, Қағбаның айналасында үш жүз алпыс пұт болатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл пұттарды алдымен асасымен нұқып, құлатып шықты. Сосын оның бұйыруымен пұттар мешіттен шығарылып, өртелді.

Осылай Аллаһқа серік қосу және пұттарға табыну Исламға дейінгі арабтардың дінінің басты негізі болды. Соған қарамастан арабтар өздерін Ибраһим пайғамбардың дініндеміз деп есептейтін.

Арабтардың пұттарға табынуға қатысты салт-жоралары мен құлшылық рәсімдері болатын. Бұлардың көбісін Амр ибн Лухай ойлап тапқан еді. Ал олар Амр ибн Лухайдің ойлап тапқандарын Ибраһимнің дінін өзгертпейді, керісінше, оған ендірілген жақсы жаңалықтар деп ойлайтын. Арабтар пұттарына арнап, мынадай құлшылық рәсімдерін жасайтын:

– оларды қастерлейтін, оларға жалбарынатын, мінәжат ететін, қиын-қыстау кезеңдерде олардан медет тілейтін, мұқтаждықтары үшін оларға дұға ететін; Олар пұттары Аллаһтың алдында өздеріне шапағатшы болады және тілектерін орындайды деп сенетін.

– пұттарына қажылық жасап, оларды айналып, тауаф ететін, оларға құлдық ұратын және сәжде жасайтын;

– пұттарына түрлі әрекеттермен жақындауға тырысып, оларға арнап құрбандық шалатын және олардың аттарын атап мал соятын. Бұл туралы Аллаһ тағала: «Сондай-ақ (сендерге Аллаһтан өзгеге құрбандық шалу үшін) орнатылған тастар үстінде сойылған малдар (тыйым салынды)» [2]; «Аллаһтың есімі аталмағандардан жемеңдер» [3], – деген.

– азықтары мен сусындарының және егіндері мен малдарының бір бөлігін пұттарына арнап, құрбандыққа ажырататын; Бір қызығы, арабтар аталмыш мүліктерінен Аллаһқа да арнап, үлес бөлетін және көбінесе әлдебір себептермен Аллаһқа ажыратқандарын ауыстырып, пұттарының үлесіне қосатын. Бірақ ешқашан пұттарына арналғанды Аллаһтың үлесіне ауыстырып қоспайтын. Аллаһ тағала: «Олар Аллаһқа Оның Өзі жаратқан егін мен малдардан үлес ажыратып, жалаң ойларымен: «Бұл – Аллаһқа, ал бұл – серік етіп қосқандарымызға», – деді. Серік еткендеріне арналғанды Аллаһқа деп бөлген үлестеріне қоспайтын да, ал Аллаһқа арналғанды серік еткендерінің үлестеріне қосатын. Олардың ұйғарғандары қандай жаман» [4], – деген.

– олардың пұттарына жақындық іздеу тәсілдерінің бірі егіндері мен малдарынан нәзір атау еді; Аллаһ тағала: «Олар өздерінің жалаң ойлары бойынша: «Мына малдар және егін тыйым салынған. Оны біз қалағаннан басқа ешкім жемейді», – дейді. Сондай-ақ кейбір малдарды мінуге тыйым салды. Ал бір малдарға олар Аллаһқа жала тоқып, оның есімін атамайды» [5], – деген.

 Олар мұндай нәзірлерін бахира (құлағы тілінген), сәиба (босатып жіберілген), уасила (жалғастырушы) және хами (тыйым салынған) деп атайтын. Ибн Исхақтың түсіндіруінше, бахира – бір түйенің арасында еркек бота болмаған, қатарынан ұрғашы боталаған оныншы ұрғашы төлі. Мұндай төл мен оның анасы босатып жіберіліп, мінілмейтін, жүні алынбайтын және қонақтардан өзгелерге сүтін ішуге рұқсат етілмейтін. Оның анасы сәиба, ал баласы бахира деп аталатын. Уасила – қатарынан бес рет егіз туып, тек ұрғашы төлдеген қой. Мұндай қойдың бұдан кейінгі төлін еркектер ғана жеп, әйелдер жемейтін. Бірақ оның төлі әлдебір себеппен өліп қалса, оны еркектер мен әйелдер қосылып жей беретін. Хами – баласы қатарынан он рет ұрғашы болып туылған бура. Оған мінуге тыйым салынатын, жүні алынбайтын және түйелердің арасына жіберіліп, оны басқа мақсатқа пайдаланбайтын. Осыған қатысты Аллаһ тағала: «Аллаһ бахира, сәиба, уасила және хамға қатысты еш нұсқау бермеді. Бірақ кәпірлер Аллаһқа (нұсқау берді деп) өтірік тоқиды. Негізінде, олардың көбісі ақылмен ұғынбайды» [6]; «Олар: «Бұл малдардың құрсағындағы біздің еркектеріміз үшін арналып, жұбайларымызға тыйым салынған. Ал егер өлі болса, онда олар оған ортақ болады», – деді» [7], – деген. Мұндай малдардың түсіндірмесі жайлы өзге де пікірлер бар.

Сағид ибн Мусаййаб мұндай малдардың мүшріктердің пұттарына арналғандығын нақты нұсқаған және бір «сахих» хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) Амр ибн Лухайдің сәибаларды босатқан алғашқы кісі болғандығын айтқан [8].

Арабтар мұндай істердің барлығын пұттары үшін жасайтын және оларды өздерін Аллаһқа жақындатады, Оның алдында шапағатшы болады деп сенетін. Құранда Аллаһ тағала: «Одан өзге қамқоршылар етіп алғандар: «Біз оларға өзімізді Аллаһқа көбірек жақындатулары үшін ғана табынамыз»(, – дейді)» [9]; «Олар Аллаһты қойып, өздеріне зиян да жасай алмайтын, пайда да тигізе алмайтындарға табынады және: «Бұлар – Аллаһтың алдында біздің шапағатшыларымыз», – дейді» [10], – деген.

Арабтар қауырсыны жоқ жебелермен бал ашып, бақтарын сынайтын. Олар сапарға шығу, үйлену, т.б. істерге кіріспес бұрын жебелерге «иә», «жоқ» және «беймәлім» деп жазып, оларды суырып, бал ашатын. «Иә» деп жазылған жебе шықса, сол шаруаға кірісетін, егер «жоқ» деп жазылған жебе шықса, ол шаруаны сол жылдан кейінге қалдырып, келесі жылы бақтарын сынайтын, ал егер «беймәлім» деп жазылған жебе шықса, жебені қайтадан суыратын. Тіпті олар «құдық қазамыз ба, жоқ па», «өлтірілген адамға құн төленеді ме, жоқ па» деген мәселеде де осындай жебелерге жүгінетін. Және де арабтар араларындағы біреудің тегіне қатысты күмән пайда болса, оны пұттары Һубәлге апарып, бал ашатын адамға жүз түйе беретін. Ал ол жебелерге «сендерден», «сендерден өзгелерден» және «көршілес» деп жазып, бал ашатын. «Сендерден» деп жазылған жебе шықса, бұл адам олардың аталасы саналатын, егер «сендерден өзгелерден» деп жазылған жебе шықса, олардың одақтасы болатын, ал егер «көршілес» деп жазылған жебе шықса, бұл адам олардың арасында қалатын, бірақ олардың аталасы да, одақтасы да болмайтын.

Сондай-ақ арабтар түйе сойып, оның етін жебе суыру арқылы ұтысқа тігіп, құмар ойнайтын. Сәуегейлер мен көріпкелдердің және жұлдызшылардың хабарларына сенетін. Олар сәуегей (каһин) деп келешекте болатын істер жайлы хабарлайтынын, құпияларды білетінін жариялайтын адамды атайтын. Сәуегейлердің кейбірі өзінің хабар жеткізетін жын көмекшісі барын, кейбірі ғайыпты өзіне берілген ерекше пайым-түсінікпен білетінін айтатын. Ал кейбіреулері істерді оның алдында болатын жайттар мен оның болатынын көрсететін себептер арқылы, мысалы: сөйлескен адамның сөзіне, ісіне немесе жағдайына қарап білемін деп жариялайтын. Олардың бұл түрі көріпкел (арраф) деп аталатын. Олар сияқтылар ұрланған, жоғалған, т.б. заттарды тауып беремін дейтін. Жұлдызшылар – әлемде келешекте болатын жағдайлар мен оқиғаларды білу үшін жұлдыздардың, яғни аспан денелерінің қозғалыстары мен орындарын бақылайтын адамдар. Негізінде, жұлдызшылардың хабарларына илану жұлдыздарды құдіретті деп сену болып табылады. Сонымен бірге арабтар жұлдыздарды жаңбыр жаудырады деп сеніп: «Бізге мына-мына жұлдыз себепті жаңбыр жауды», – дейтін.

Арабтарда жаман ырымға сену, яғни бірдеңені кесірлі санау әдеті бар еді. Негізінен арабтар бір құсқа немесе бөкенге тақап барып, оны үркітетін және ол оң жағына өтсе, мұны жақсыға балап, бетке алып шыққан жолдарын жалғастыратын. Ал ол сол жақтарына өтсе, мұны жаман ырым санап, кері қайтатын. Сондай-ақ олар жолда қарсы алдарынан құстың не бір жануардың шығуын да жаман ырымға балайтын.

Олардың кейбір күндер мен айларды, кейбір жануарларды, кейбір үйлер мен әйелдерді кесірлі санауы, аурудың Аллаһтың қалауынсыз өздегінен жұғатындығына және байғыз құсын өлім шақырады деп сенуі де осыған ұқсас. Арабтар өлтірілген адамның кегі алынбайынша, оның жаны тынышталмайды, оның рухы байғызға айналып, сахараны кезіп: «Шөлдедім, шөлдедім (немесе маған сусын беріңдер, маған сусын беріңдер)!» – деп ұшып жүреді. Ол кегі алынған соң ғана жаны жай тауып, тынышталады деп сенетін.

Жәһилият кезіндегі арабтар осындай жағдайда болғанымен, оларда Ибраһим пайғамбардың дінінің қалдықтары да бар еді, олар Ибраһимнің дінін түгелдей тастамаған болатын. Бұл діннің қалдықтарына мысал ретінде Қағбаны қастерлеуді, оны айналып тауаф етуді, қажылық пен умра жасауды, Арафат пен Муздалифаға тоқтауды, құрбандық малдарын шалуды атауға болады. Бірақ олар бұл рәсімдерге түрлі өзгерістер, жаңалықтар енгізген. Мысалы, құрайыштар «біз Ибраһимнің ұрпағымыз, қасиетті аймақ пен Қағбаның иесіміз, Меккенің тұрғындарымыз, арабтардың ешқайсысының біздікіндей құқығы, біздікіндей мәртебесі жоқ, бізге Харам аймағынан сыртқа шығуға болмайды» деп, Арафатқа бармастан, Муздалифадан қайтатын. Аллаһ тағала оларға қатысты: «Сонан соң ел қайтқан жерден қайтыңдар» [11] деген аятын түсірген.

Құрайыштар өздерін «хумс» (дінге берілгендер) деп атайтын және «ихрам жағдайында хумстарға құрт қайнатуға, май шайқауға болмайды» дейтін. Сондай-ақ олар ихрамнан шыққандарына дейін киіз үйлерге кірместен, тері шатырларда ғана көлеңкелейтін.

Олар «қасиетті жерге сырт аймақтардан қажылық не умра жасап келгендердің өз елдерінен әкелген азықтарын жеуіне болмайды» дейтін.

Және олар сырт аймақтағыларға Меккеге келген кездеріндегі алғашқы тауафтарында Қағбаны хумстардың киімімен ғана айналуды бұйыратын. Сөйтіп шеттен келгендер мұндай киім таппаса, ер адамдар Қағбаны жалаңаш күйлерінде тауаф ететін. Ал әйелдер іш көйлектерінен басқа барлық киімін шешіп, тауаф ете жүріп:

«Бүгін (әуретімнің) кейбір бөлігі немесе барлығы көрінуде
Бірақ оның көрінгеніне (қарауға) рұқсат етпеймін», – деп өлеңдететін. Аллаһ тағала бұған қатысты: «Әрбір мешітте көріктеріңді ұстаңдар» [12] деген аятты түсірген. Ал біреу арланып, елінен әкелген киімімен тауаф жасаса, тауафтан соң оны лақтырып тастап, бұдан кейін оны өзі де, басқа біреу де пайдаланбайтын.

Және де құрайыштар ихрам халінде үйлеріне есіктен кірместен, үйлерінің арқа жағынан кіріп-шығу үшін ор қазып алатын және мұндай сорақылықты игілік деп санайтын. Бірақ Құранда Аллаһ тағала оған тыйым салып: «Үйлерге арт жағынан келулерің игілік емес. Алайда, игілік – біреудің тақуалық етуі. Үйлерге есіктерінен келіңдер әрі Аллаһтан қорқыңдар» [13], – деген.

Мұндай дін ұстанушылық Аллаһқа серік қосуға, пұтқа табынушылыққа, болжамдар мен аңыз әңгімелерге негізделген еді және арабтардың көпшілігі осы дінді ұстанатын. Сонымен бірге араб жерлеріне иудей, христиан, мәжуси және сабилік діндер де кірген болатын.

Кезінде яһудилердің бірнеше тайпасы сыртқы күштердің қысымымен Палестинадан Хижаз жеріне босып келген-ді. Олар Ясриб, Хайбар және Тәймәда қоныстанып, онда елді мекендер құрып, қамалдар мен бекіністер тұрғызды. Осы босқындар арқылы арабтардың бір бөлігіне иудей діні тарады. Ислам келген уақытта, арабтардың арасында яһулердің хайбар, надир, мусталиқ, құрайза және қайнуқағ деп аталатын белгілі тайпалары өмір сүрді. Сонымен қатар иудейлік Йемен жеріне де тараған.

Христиан діні негізінен араб елдеріне эфиоптар мен византиялықтардың басқыншылығы, яғни эфиоптардың Йемен аймағын, ал византиялықтардың Шам өлкесін жаулауы арқылы кірген. Ал нажрандықтар христиандықты бір тақуаның уағыздауымен қабылдаған. Тіпті кезінде эфиопиялықтардың патшасы Абраһа Йеменде христиандықты тарату мақсатымен «Йемендік Қағба» деп аталатын шіркеу тұрғызып, Меккедегі Қағбаны бұзуды және арабтардың қажылығын Йеменге ауыстыруды қалаған. Бірақ Аллаһ тағала оның бұлай жасауына жол бермеді.

Христиан дінін ғассан әулетінің арабтары, тағлуб пен тай тайпалары және Византиямен шекаралас өзге тайпалар, Хираның кейбір патшалары да қабылдаған.

Мәжуси дінін ұстанатын арабтардың көпшілігі парсылармен көршілес елдерде, Иракта, Бахрейнде, Һажарда және Араб шығанағы жағалауларына жақын аймақтарда өмір сүрді. Парсылардың билігі тұсында Йеменнің біраз тұрғындары да мәжуси дінін ұстанды.

Бір кездері Иракта, Шам өлкесінде, Йеменде және Араб шығанағының жағалауларында сабилік дінді ұстанушы арабтар да болған.

Исламның таңы атқанда, арабтардың діни ахуалы осындай жағдайда болатын және олардың ұстанған діндері өзгеруге, бұрмалауға ұшыраған-ды. Мысалы, Ибраһим пайғамбардың дінін ұстанымыз дейтін мүшріктер Ибраһимнің шариғатының бұйрықтары мен тыйымдарынан алыс, ол үндеген көркем мінез-құлықтарды елеусіз қалдырған, көптеген күнәлі істерге бой алдырған күйде еді. Уақыт өте келе олардың арасында пұтқа табынушыларға тән, діни аңыз әңгімелерге негізделген әдет-ғұрыптар пайда болды және бұл әдет-ғұрыптар қоғамдық, саяси, діни ахуалдарға барынша
теріс ықпал етті.

Иудей діні рия мен билеушілікке негізделген, дінбасылары Аллаһтан өзге раббыларға айналған жағдайда болды. Олардың дінбасылары халыққа билігін жүргізетін және оларды көңілдеріндегі ойлары, еріндерінің қыбырлағаны үшін де есепке алатын. Олар мақсаттарын байлық пен билікке арнап, оған қандай жолмен болса да жетуге тырысты және діннің зая болуына, шектен шығушылық пен кәпірліктің тарауына, Аллаһ тағала қастерлеуді бұйырған тағылымдардың аяқ асты болуына мүлдем көңіл бөлмеді.

Ислам келгенде, христиан діні түсініксіз пұтқа табынушылыққа айналған жағдайда еді, христиандар құдай мен адамның таңғаларлық қоспасын ойлап тапқан болатын. Христиандық осы дінді ұстанушы арабтардың жүректеріне шынайы түрде ықпал еткен жоқ, өйткені христиан дінінің тағылымдары арабтардың үйреншікті, бас тарта алмайтын өмір сүру үлгілеріне жат еді.

Жалпы қай дінді ұстанса да, барлық арабтардың ойлары мен сенімдері ұқсас, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері ортақ болатын.

[1] Аллаһқа теңестірген бұл құдайларын мүшріктер осындай атаулармен атап, бұл есімдер олар ие болған сипаттардан алынғандығын айтқан. Мысалы: Лат атауын құлшылық етілуге лайық құдай (иләһ) сөзінен алған. Ғұзза атауын аса Үстем (әл-Азиз) есімінен, ал Манат атауын аса Игі (әл-Маннан) есімінен алған. Осылай олар Аллаһ тағаланың есімдерін бұрмалаған және Оған біреулерді серік етіп қосуға барған. Олардың пұттарының бұл атауларының еш мағынасы жоқ. Оны надан, адасушы мүшріктердің өздері және аталары қойып алған. Олар пұттарына мүлдем лайық келмейтін жалған аттарды ойлап тауып, өздерін және басқа да адасушыларды алдаған. Аллаһ тағала «Нәжм» сүресінің 19-20 аяттарында: «Лат пен Ғұззаны көрдіңдер ме және басқа үшіншісі Манатты», – десе, осы сүренің 23-аятында: «Олар небәрі өздерің және аталарың атаған есімдер ғана, Аллаһ олар жайында ешбір дәлел түсірмеген», – деген.
[2] «Мәида» сүресі, 3-аят.
[3] «Әнғам» сүресі, 121-аят.
[4] «Әнғам» сүресі, 136-аят.
[5] «Әнғам» сүресі, 138-аят.
[6] «Мәида» сүресі, 103-аят.
[7] «Әнғам» сүресі, 139-аят.
[8] Хадисті әл-Бұхари «Сахихында» (1/499) келтірген.
[9] «Зумәр» сүресі, 3-аят.
[10] «Юнус» сүресі, 18-аят.
[11] «Бақара» сүресі, 199-аят.
[12] «Ағраф» сүресі, 31-аят.
[13] «Бақара» сүресі, 189-аят.

«Мұхаммед пайғамбар өмірбаяны»
кітабынан


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.