Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Арабтардың пайғамбарлық қарсаңындағы саяси ахуалы
8:25, 10 қараша 2017

Арабтардың пайғамбарлық қарсаңындағы саяси ахуалы


Қараңғылықтың көгінде Исламның күні жарық сәулесін шашқан уақытта, араб жазирасында билеушілер екі топта болды:
1) тәж кигізілген патшалар; Бұлар – Йеменнің патшалары, Шамның жоғарғы жақтарының ғассан әулетінен шыққан патшалары және Ирак аймағындағы Хира патшалары. Бірақ бұл патшалар өзге мемлекеттердің боданы болғандықтан, өз беттерінше тәуелсіз билік жүргізген жоқ.
2) ру, тайпа басшылары. Араб тайпаларының басшылары патшалармен бірдей билік жүргізді, тіпті олардың көпшілігі қарамағындағыларды ешкімге бағынышсыз, тәуелсіз биледі. Олардың кейбірі ғана тәж кигізілген патшаға тәуелді болған.
Ислам келгенде, Йемен парсы патшалығының боданы болатын, оларды Кисраның парсы әкімі елдің астанасы Санғада отырып, басқаратын. Парсы әкімдерінің ең соңғысы – Базан, ол миләди жыл санауымен 638-жылы Исламды қабылдаған және оның Исламды қабылдауымен парсылардың Йемен аймағына өкім жүргізуі тоқтады.
Ислам тарай бастаған жылдары Хираны да Кисраның Азазбеһ есімді парсы әкімі билейтін. Кейіннен миләди 632-жылы билік ләхм әулетіне қайтып, таққа әл-Мағмур лақабымен танымал Мунзир ибн Нұғман отырды. Алайда оның билік тізгінін ұстағанына сегіз ай толмастан, мұсылмандардың Халид ибн Уәлид бастаған әскері барып, Хираны тізе бүктірді.

Ал Шам өлкесінің арабтарына Византияның қол астындағы ғассан әулетінің патшалары өкім жүргізетін. Олардың астанасы Хауран уәлаяты еді. Шам өлкесін ғассандықтардың Византия патшаларының боданы ретінде билеуі һижраның 13-жылы болған Йармук шайқасына дейін жалғасты. Ғассандықтардың соңғы патшасы Жәбәлә ибн Әйһәм мүміндердің әміршісі Омар ибн әл-Хаттабтың (Аллаһ оған разы болсын) тұсында Исламға мойынұсынды.

Аллаһ елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық міндет жүктелгенде, Меккенің билігі құрайыш тайпасының қолында еді, бұл билік оларда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бесінші атасы Қусай ибн Киләбтан жалғасып келе жатқан болатын. Атап айтқанда, құрайыш тайпасының абдуманаф және абдуддар рулары үлкен мансаптарға ие болды. Абдуддар руының мансаптары:

1) мәжіліс үйіне басшылық ету; Бұл үйде құрайыштар бастарына түскен маңызды мәселелер жайын кеңесетін және онда қыздарын күйеуге ұзататын.
2) ту тігу; Соғыс байрағы мәжіліс үйінде осылардың қолымен ғана тігілетін.
3) Қағбаны күзету. Қағбаның есігін осылар ғана ашатын және олар Қағбаның шаруалары мен қызметтеріне басшылық ететін.

Абдуманаф руының мансаптары:

1) қажыларды сумен қамтамасыз ету; Олар қажылар үшін әуіздерді суға толтырып, оған кептірілген құрма, мейіз қосып, судың дәмін кіргізетін және Меккеге келген адамдар сол судан ішетін.
2) қажылардың сыйы, яғни қажыларға қонақасы беру. Құрайыштар қажылық маусымы кезінде осы мансапқа ие болғандарға салық төлеп, сол ақшаға қажылар үшін тамақ дайындалатын және одан азық-ауқаты жоқ қажылар тамақтанатын.
Соңғы екі мансапты абдуманаф руының ішінде Һашим ибн Абдуманаф, одан кейін Пайғамбарымыздың (с.а.с.) атасы Абдулмутталиб ибн Һашим ибн Абдуманаф иеленді. Абдулмутталибтен кейін оған оның ұлдары ие болып қалды, Ислам келгенде бұл мансап Аббас ибн Абдулмутталибтің қолында болатын.

Құрайыштар өздерінше кішкентай бір мемлекет құрып алған болатын. Өзге арабтар олардың үкіметіне құрметпен қарайтын және оларды діни орталықтың басшылары, қызметшілері санайтын. Негізінде, бұл үкімет діни және үкіметтік басшылықтың қоспасы еді. Діни басшылықтың атын жамылып, арабтарға билік жүргізетін, қажылардың мұқтаждықтарын өтеуге басшылық жасап отырған, Ибраһимнің шариғаты үкімдерін орындайтын үкімет ретінде Харам аймағы мен оның төңірегіндегілерді билейтін. Олардың өздерінің мәжіліс алқалары мен құрылтайлары бар еді. Бірақ олардың үкіметі қиындықты көтере алмайтын әлсіз болатын. Олардың әлсіздігі эфиоптар Меккеге шабуыл жасаған күні көрінді[1] .
Өзге араб тайпаларына келсек, олардың Хира аймағы маңында қоныстанғандары арабтардың Хирадағы патшасына, Шам өлкесінің шөл далаларын мекендегендері ғассандықтарға тәуелді болды. Алайда бұл тәуелділік сөз жүзінде, ресми түрде ғана еді. Ал Араб жазирасы аймағындағы шөл далаларда өмір сүретін араб тайпалары ешкімге тәуелсіз, толықтай азат болды. Бұл тайпаларды ру көсемдері биледі. Мұндай тайпалар саяси құрылымы рулық тұтастыққа және жер аумағын қорғау мен жауға тойтарыс беру сияқты ортақ мүдделерге негізделген кішкентай дербес мемлекет еді.

Ру басшыларының тайпа ішіндегі мәртебесі патшалармен бірдей болды. Тайпа бейбітшілік және соғыс мәселелерінде түгелімен көсемнің пікіріне бағынды, көсемге ешкім қарсы келмейтін. Көсемдер халықты жеке-дара билейтін, ешкімнің пікірімен санаспайтын. Тіпті көсем бірдеңеге ашуланса, ол үшін себебін анықтамастан-ақ бүкіл тайпа өре түрегелетін. Алайда бір атаның балалары арасындағы рубасылыққа таласушылық салдарынан олар адамдардың алдында жасанды қылықтар көрсетуге, ұстамдылық, жомарттық, қонақжайлылық танытуға, ерлік жасауға, өзгелерді қорғауға, біреулерге жақсылық істеуге тырысып бағатын. Олар мұндай жасандылықтарды халыққа жақсы көріну үшін, бақталастарынан шоқтығы биік тұруы үшін істейтін. Әсіресе, олар сол кездері тайпаның тілі қызметін атқарған ақындардың ықыласын табуға тырысатын.

Тайпа көсемдері мен басшылары қара халықтан үстем тұрып, артықша құқықтарға ие болды.

Қорытындылай келгенде, жалпы араб халқының, әсіресе шет мемлекеттермен шекаралас аймақтардың саяси ахуалы езілген, жаншылған күйде еді. Қоғам көсемдер мен құлдарға, билеушілер мен езілушілерге бөлінді. Көсемдер оңай олжаға кенелсе, қара халық салықтан көз ашпады. Қарапайым халық үкіметке өнім беретін егін алқабы қызметін атқарды. Биліктегілер қара халықты өздерінің ләззаттары мен құмарлықтарын, қалау-тілектерін қанағаттандыру үшін, озбырлықтары мен дұшпандықтарын іске асыру мақсатына пайдаланды. Қарапайым халық адасушылықта, бүліктерге ұрынған халде, жан-жақтан жапа шеккен күйде болатын. Олар биліктегілерге арыз-шағымдарын өткізе алмайтын, қорлыққа ұшыраған, озбырлық көрген, түрліше азап шеккен халдерінде үнсіз бағынды. Билік жеке-дара билеп-төстеушілікке негізделді, құқықтар аяқ асты етіліп, мүлдем сақталмады.

Шет мемлекеттермен шекаралас араб тайпалары жан-жағына жалтақтап, әрі-сәрі күй кешіп, біресе Иракты барып паналаса, біресе Шам өлкесін барып паналайтын. Ал Араб жазирасы ішіндегі араб тайпаларының ахуалы өзара алауыздықта, тайпаралық дау-жанжалдарға, діни қайшылықтарға бой алдырған күйде еді. Олардың тәуелсіздіктерін ұстап тұратын патшалары да, қиын-қыстау кезеңдерде арқа сүйейтін орталықтары да болмады. Пайғамбарлық таңы атқанда, ол (с.а.с.) дүниеге келген араб қоғамының саяси ахуалы осындай жағдайда еді.

 

[1] Мұнда Құранның «Піл» сүресінде қысқаша баяндалған, Ислам тарихынан бұрын орын алған танымал оқиғаға сілтеме жасаған. Сонда құрайыштардың әлсіздігі күштерін жұмылдырып, Қағбаны өз беттерінше қорғауға шамалары келмеген-ді.

«Мұхаммед пайғамбар өмірбаяны»
кітабынан


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.