Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Араб халқының жағдайы мен тайпалары
18:11, 06 қараша 2017

Араб халқының жағдайы мен тайпалары


Ақиқатында, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмір тарихы ол арқалап, адамзат қоғамына жеткізген, сол арқылы адамдарды қараңғы түнектерден жарық нұрға, жаратылғандарға табынудан Жаратушыға құлшылық етуге алып шыққан елшілік міндетін баяндайды. Ал оның тамаша үлгісін бұған дейінгі ахуалдар мен пайғамбарлық міндеттің жемісті нәтижелерін салыстырмас бұрын оқырманға толыққанды бейнеде ұсыну мүмкін емес. Осы орайда, Аллаһ елшісінің (с.а.с.) қандай ортада дүниеге келгеніне, қандай адамдарды тәрбиелеуіне тура келгеніне, сол кездегі қоғамдық, саяси, әлеуметтік, экономикалық, моральдық, діни ахуалдарға шолу жасап өту лазым. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Араб жазирасы аймағындағы Мекке шаһарын қоныс еткен араб отбасында дүние есігін ашқан. Сондықтан да алдымен сол тұстағы араб тайпаларының Исламға дейінгі кезеңіне, қоғамдық ахуалына тоқтала кетуді жөн көрдік.

Араб тайпалары

Тарихшылар араб тайпаларын ата-тегіне қарай үш топқа бөледі:
1) жойылып кеткен арабтар; Бұлар – түгелдей жойылып кеткен ад, сәмуд, имлақ сияқты ежелгі арабтар.
2) таза арабтар; Бұлар – Қахтаннан тарайтын арабтар. Негізгі қоныстары Йемен өлкелерін жайлаған бұл арабтар «қахтан арабтары» деп те аталады.
3) арабтанған арабтар. «Аднан арабтары» деп аталатын бұл арабтар Исмаил пайғамбардан тараған. Аллаһ елшісі (с.а.с.) осы аднан арабтарынан тараған құрайыш тайпасының тумасы, Аднан – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жиырма бірінші атасы.
Аднан арабтарының үлкен атасы – Ибраһим пайғамбар. Олардың тарихы Ибраһим пайғамбардың әйелі Һажар мен кішкентай ұлы Исмаилді сол кезде жер бетінен төмпешіктей ғана көтеріңкі Қағбаның маңына орналастырғанынан бастау алады. Ол кезде Мекке шаһары елсіз, сусыз, бос жатқан жер болатын. Һажар мен Исмаил қоныстанғаннан кейін ол жерде Аллаһтың кеңшілігімен Зәмзәм бұлағы пайда болды. Кейінірек ол жерге Исмаилдің анасының рұқсатымен йемендік журһум тайпасы қоныстанды. Исмаил осы журһум тайпасының ішінде есейіп, араб тілін меңгерді және олардың қызына үйленіп, ұрпақ өрбітті. Ол әкесі Ибраһим пайғамбар екеуі Қағбаны тұрғызып, адамдар жан-жақтан қажылық жасауға келе бастады.
Уақыт өте келе Исмаилдің ұрпақтары көбейіп, арабтанған арабтардың негізін қалады. Осы арабтардың аталарының бірі Кинәнәдан құрайыш тайпасы тарады. Ал құрайыш тайпасындағы ру аталарының бірі Абдуманаф ибн Қусайдың һашим әулетінен Пайғамбарымыз Мұхаммед ибн Абдуллаһ ибн Абдулмутталиб ибн Һашим (с.а.с.) дүниеге келді. Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Ақиқатында, Аллаһ Исмаилдің ұрпақтарынан Кинәнәні таңдады, Кинәнәнің ұрпақтарынан құрайышты таңдады, құрайыштан Һашимнің әулетін таңдады және Һашимнің ұрпақтарынан мені таңдады», – деген[1] .

 

[1] Хадисті Муслим (Пайғамбардың (с.а.с.) тегінің артықшылығы туралы тарауда (2/245) Уәилә ибн Асқағдан) және әт-Тирмизи (2/201) жеткізген.

«Мұхаммед пайғамбар өмірбаяны»
кітабынан


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.