Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Сахабалардың «муһажирлер» және «аңсар» деп аталуы
17:38, 06 қараша 2017

Сахабалардың «муһажирлер» және «аңсар» деп аталуы


Сахаба: мәні мен мағынасы

Сахаба – арабшадағы схб түбірінен туындаған көпше түрдегі есім сөз, жекеше түрі – сахаби. Сахаба (етістігі) серік, жолдас, дос болу және сұхбаттасу деген мағынаны білдіреді[1]. Мейлі аз, мейлі көп болсын, сұхбаттасқан адамға осы есім беріледі.

Терминдік мағынасына келсек, Аллаһ Елшісін (с.а.у.) көрген, аз уақыт болса да Оның сұхбатын тыңдап, иман келтірген және дүниеден иманды өткен «сахабаға» жатады[2].

Сахабалардың «муһажирлер» және «аңсар» деп аталуы

Муһажирлер: Пайғамбарымызға пайғамбарлық келгеннен кейін ең алғаш иман келтіріп, бүкіл қиындықтарға қарамастан Аллаһ пен сүйікті Расулдың қауіпке толы жолында ешнәрседен тайынбаған жанкештілер. Ақиқат дінінің дәстүр-талаптары бойынша өмір сүре білу үшін Меккенің алынуынан бұрын Меккеден Мәдинаға туған жер, бала-шаға, шаруа-кәсіптерін Аллаһ үшін тастап көшкен әзиз жандар. Олар – Исламның кең таралуы жолында үлкен қызмет атқарып, өшпес із қалдырған, Аллаһтың ризашылығына және Пайғамбары-мыздың (с.а.у.) сүйіспеншілігіне ие болған ардақтылар.

Мекке азат етілгеннен кейін һижрет ету біржолата тыйылса да, алғашқы муһажирлердің даңқтары, мәртебе-лері мәңгі сақталып қалды. Муһажирлік дәреже – ең жоғарғы дәрежелердің бірі болды. Құранда муһажирлер жайында былай делінеді:

“Сонда олардың Раббылары тілектерін қабыл етті: “Шын мәнінде Мен сендерден еркек, әйел амал етушілердің амалдарын зая етпеймін. Және сондай босқындардың (муһажирлер), жұрттарынан шығарыл-ғандардың және Менің жолымда жапа шеккендердің, соғысқандардың, өлтірілгендердің жамандықтарын жасырамын. Сондай-ақ бұл істерінің сыйы ретінде оларды астынан өзендер ағатын Жәннаттарға кіргіземін. Әрине, сыйдың ең жақсысы Аллаһтың қасында” (Әли-Имран, 195).

Ансар: Ансардың өздік мағынасы – жәрдем ету. Терминдік мағынасы – Ислам дінінің дәстүрлері бойынша өмір сүріп, оны таратуға Меккеден Мәдинаға көшкен Пайғамбарымыз бен муһажирлерді ыстық ықыласпен құшақ жайып, құрақ ұшып қарсы алған, оларды өздерінің күйбең тіршіліктерінен де жоғары қойып, барын солармен бөлісіп, қолынан келген жәрдемдерін аямай, муһажирлер-мен бауыр болып, бауырлары үшін қилы-қилы қиындық-тарға төзуге ризашылығын білдірген сахабалар.

Өмірлерінің соңына дейін Ислам жолында қызмет етті. Олардың көмегінің арқасында муһажирлер мұқтаждықты білмеді, бір-біріне жәрдемдесулері мен  жанқиярлық-тарының дәнекерлігімен Ислам мемлекеті құрылып, аз уақыттың ішінде һәм рухани, һәм материалдық жағынан басқа мемлекеттерді басып озды.

Ансардың жасаған жақсылықтары Құранда ерекше аталып, олар жайлы: “Міне, нағыз құтылушылар осылар”,– делінген[3].

Ансардың дәрежелерін Аллаһтың Елшісі (с.а.у.) былай бағалап, аңғартқан:

“Һижрет болмағанда мен ансардың қатарынан табылар едім. Барлық адамдар бір жолға, ансар да басқа жолға түссе, мен ансардың жолымен жүрер едім. Аллаһым, ансарды, балалары мен олардың ұрпақтарын да қорғай гөр![4]”.

Муһажирлердің көшуі және ансардың оларға жәрдем етіп, қолдауының нәтижесінде Аллаһ Расулы Мәдинаға көшті. Осылайша Мәдина Ислам төңкерісінің орнығуы мен таралуының орталығына айналды. Ислам шуағын тарату орталығы болған бұл қала „Мәдина мунаууара” (нұрлы қала) деп аталды[5].

[1] Ибн Манзур, Лисануль-араб, Каир, т.ж., IV, 2400-1, схб.
[2] Ибн Хажар әл-Әсқалани, әл-Исәбә фи темиизис-сахаба, Мысыр, 1928, 1:7.
[3] Хашр, 9.
[4] Бухари, ас-сахих, Бейрут, манақибуль-ансар, 1,2; Муслим, ас-сахих, Бейрут, закат, 132-141.
[5] В.Иылдыз, Хидаиет иылдызлары, Измир, 2002, 4-5.

Алау Әділбаев
«Саңлақ сахабалар» кітабынан


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.