«Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынған тізімі бойынша, ең алғаш рет өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын ауыл мешіттеріндегі молдаларға, ұстаздарға қайырымдылық көмек көрсетіп бастаған болатын. Сондай-ақ, ол тізімге қаланың имамдары да кіргізілді. Атап айтар болсақ, Алматы қаласының өзінен 5 имамға «Уақып» қорынан арнайы жалақы тағайындалды.
Қажеттілікке орай ай-сайын берілетін қайырымдылық көмектің орташа мөлшері – 50-60 мың теңге.
«Бұл игі бастама ҚМДБ-ның сапалы дін кадрларын даярлау жұмыстарына, ауыл-қала мешіттерінің қызметін жандандыруға, аудан орталығынан шалғайда жатқан өңірлердегі құлшылық үйлерін дін қызметкерлерімен қамтамасыз етуге үлкен серпін береді деп есептеймін. «Уақып» қорының бұл қамқорлығы имам-молдалардың әлеуметтік мәселесін шешуге оң ықпал етеді деп санаймын. Бұдан былай жалақы алатын молдадан сапалы жұмыс нәтижесін талап ететін боламыз», – деп атап өтті Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Айта кетейік, елімізде 2563 мешіт бар. Оның басым бөлігі елді-мекендерде орналасқан. Ал республика бойынша 3800 дін қызметкері жұмыс істейді.
Ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген имам-молдалардың бұл қолдаулардан кейінгі жұмыстарының сапасы одан сайын арта түседі деген сенімдеміз. Алла тағала баршаларына салиқалы амалдарды жасауларына сәттіліктер сыйласын.