Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Жануарлар әлемінің құпия мінез-құлықтары
0:26, 25 қазан 2017

Жануарлар әлемінің құпия мінез-құлықтары


Жануарлар мен аң-құстарда кез келген адам біле бермейтін немесе аңғармайтын өзіндік тіршіліктеріне тән қасиеттері, әдеттері мен қызықты әрі сирек кездесетін табиғи ерекше мінез-құлықтары болады. Ол белгілі бір дәрежеде адам баласы мен қоғамға, табиғатқа, жалпы тіршілікке қызмет ететінін ескерсек, мұның зор пайдасы бар екенін анықтай аламыз. Бұл қызықты жайларды біздің ежелгі ата-бабаларымыз далада еңбек етіп жүріп, мал бағып немесе аң аулап жүріп, әр құбылыс пен табиғи жағдайды пайымдай отырып анықтаған. Сонымен бірге осы жайларды зердесіне тоқи жүріп, жан-жануарлардың осы «қызметтерін» өз тіршіліктері мен алуан түрлі шаруашылық саласы мен тұрмыс жағдайына ұтымды пайдалана алған. Әрі қызықты, әрі тағылымды осындай жайлар өмірімізде әрқашан қажетті екенін ескеріп, жиған-тергендерімізді көпшілікке ұсынып отырмыз.

Жан-жануарлар

Мал өз төлін тастап кетпейді және оны қорғайды.
Желтоқсан айының соңғы онкүндігінде болатын «текенің бұрқағы» деп аталатын боранда киік текесі маталады, яғни киік күйегі 2-3 күн ішінде өтеді. Мамыр айының аяғында күнде мыңдаған киіктер 2-3 күнде лақтап болады.
Мамыр айының аяғында соғатын «құралайдың салқыны» амалында киіктер лақтарын аяқтандырып, желге қарсы өргізеді. Киіктердің ұрғашылары лақтаған соң, текелері бөлініп шығады. Лақтар есейген соң күзде қайта қосылады. Басқа малдай емес, киік (ақбөкен) кез келген құралайды (киік баласын) нешеу болса да емізе береді.
Киік қолға түскенде тартынбайды және ба­уыздап жатқанда аяғын серіппейді.
Жылқы өліп бара жатса да жаман су ішпейді. Жылқыда өт болмайды.
Ат аунаса өзінің шаршап, шалдыққанын ұмытып кететін көрінеді.
Түйе өзіне зәбір берген адамды ұмытпайды және кек алуға тырысады.
Жылқы, түйе, сиыр қандай қатты боран болса да, өз ауылын адаспай табады.
Жылқы мен түйе жүздеген, мыңдаған шақырым жерлерден өзі өскен жерлерді тауып бара алады.
Түйе, сиыр, жылқы егіз тумайды.
Түйе екі жылда бір боталайды.
Жан-жануарлар ішіндегі ең кішіпейіл мал – түйе. Ол кішкентай бала жетелесе де елпілдеп ере береді.
Ең сұлу әрі әдемі көз – бота мен киіктің көзі.
Ешкі жылына екі рет төлдейді.
Қандай қалың шаң, тұман, боран болса да, құлан өз бағытынан адаспайды.
Мал ішіндегі ең төзімдісі – түйе, ең момыны – қой.
Шөлге ең төзімді жануар түйе емес, керік екен.
Ең нәзік жануар – түйенің ботасы.
Мысықты қалай тастасаң да, төрт аяғымен түседі. Адамға ең жақын жүретін және бірге тұра алатын – ит пен мысық.
Ит – онға, мысық жүзге жуық түрлі дыбыс шығарады екен.
Ит иесін сатпайды, далаға тастап кетпейді және оны дұшпандарынан қорғайды.
Жақсы ит пен тазы иесі өлгенін біледі және жоқтап ұлиды.

Аңдар

Жолбарыс пен арыстан өзі аулап алған аңның ғана етін жейді екен. Жемтікке көз салмайтын көрінеді.
Қасқыр әр ісін ақылмен істейді.
Қасқыр арқан аттамайды.
Қасқыр өз апаны жанындағы ауылдың малына шаппайды.
Қасқыр өз «заңына» ғана бағынады, қолға үйренбейді.
Қасқырлар ақпан айының қатты суық әрі боранды күнінде ұйығады.
Қасқыр бөлтіріктерін алдырса, өш алмай қоймайды.
Маймыл мен тауық жем тапса өздері жемей, басқаларды шақырып, бөлісіп жейді.
Мысық көзінің қарашығы тәулік ішінде үлкен-кішілі болып өзгеріп тұрады.
Қоян жылына 3-4 рет балалайды.
Ақкіс қыста көбінесе қардың үстімен емес, астымен жүреді.
Кенгуру 10 метрге секіре алады.
Аю қыста ұйықтап қалады.
Қоян алды-артын мойнын бұрмай-ақ көре алады.
Жан-жануарлар алыбы піл тышқаннан өлердей қорқады екен.
Қасқыр мен түлкі сонар кезінде жатқан орнынан қозғалмайды екен.
Бұғы мүйізі кесілген соң анадай жерге барып тоқтап, міндетті түрде артына қарайтын көрінеді.
Қолтырауын су түбіне тереңірек бату үшін тас жұтып алатын көрінеді.
Қолтырауын жемін өлтіріп жеп алып, артынан ағыл-тегіл жылайды екен.
Егеуқұйрық бес қабатты үйден құласа да өлмейді.
Көртышқан бір күнде 100 метр жер қаза алады.
Нағыз қасиетсіз нәрсе – доңыз. Ол жем, су талғамайды, тіпті ол өз торайын да жей береді.
Жан-жануарлар, аңдар, құстар мен жәндіктер ауа райының өзгеретінін (бұзылатынын) күні бұрын сезеді.
Суда адамға ең жақын жүретін – дельфин.
Дельфиндер бір көзін жұмып, бір көзін ашып ұйықтайтын көрінеді.
Суыр мен зорман өз індерінің жанындағы шөптерді жемейді екен.
Үйірі бөлек қасқырлар жайшылықта бір-біріне өш болады. Егер олар торға түсе қалса немесе терең орға құласа, әдеттегідей бір-бірімен жауласпайды, үнсіз отырады.
Арыстандардың кейбіреулері күніне 50 ретке дейін жұптаса алады екен.
Кірпінің жүрегі сағатына 300 рет соғатын көрінеді.
Кірпі өзіне керек жапырақтарды инелері арқылы арқасына жабыстырып әкетеді.
Хамелеон өзінің түр-түсін өзгертіп тұрады.
Кенгуру баласын өзінің қарын-қапшығына салып өсіреді.
Ақсуар деген аппақ аң үстіне кір жұқтырғаннан өлімді артық көреді. Мысалы, аңшылар оны батпаққа қамаса, олар оған түспей, аңшылардың қолына өздері келіп түсетін көрінеді.

Құстар

Ең қырағы құс – бүркіт. Ол бірнеше шақырым жерден көреді.
Ең көреген құс – үкі. Ол қараңғы жерден де анық көре алады.
Қаз бен бүркіттен басқа құстардың балапандары қолға (асырауға) көнбейді.
Көкек жұмыртқа баспайды. Олар өз жұмыртқасын басқа құстың ұясына апарып салады.
Құстар көктемде өздері өскен жерлеріне қайтып келеді.
Бүркіт әбден қартайған кезде өзін-өзі аспаннан тас­тап өлтіреді.
Бүркіт балапаны жетілген кезде оны ұясынан итеріп, құлатып жібереді.
Аққу – сұлу әрі киелі құс. Аққуды атпайды. Аққу жалғыз жүрмей­ді, жалғыз өспейді. Сыңарынан айырылған аққу да аспандап барып, құлап өледі.
Бозторғай туған жерінен қыста да, жазда да кетпейді.
Бозторғай таң атқанын білдіріп шырылдайды.
Әтеш күн шыққанын хабарлап, шақырады.
Қандай тұман болса да құс өз жолынан адаспайды.
Адамға ең жақын жүретін құс – қарлығаш. Ол ұясын адам бар жерге салады.
Әнші құс – бұлбұл.
Сап түзеп, салтанатпен ұшатын құстар – тырналар.
Мүлде ұша алмайтын құс – түйеқұс.
Дауысы ең зор құс – әупілдек.
Мекиен (тауық) жұмыртқалағанын шақырып білдіреді. Тауықтар жеміне бірін-бірі шақырып, бөлісіп жейді.
Шағалалар жалғыз ұшпайды.
Италақаз ұясын інге салады.
Адамнан ең қашық жүретін құс – қоқиқаз.
Ең сақ құс – сауысқан.
Үкі екі көзімен бірдей көре алады. Басқа құстарда ондай қасиет жоқ.
Сұңқар бір шақырым жердегі ұсақ жәндіктерді көре алады.
Күн көзіне тіке қарай алатын – тек бүркіт қана.
Ешкімаңырауық деген құс дыбысты аузымен емес, құйрық қауырсынымен шығарады.
Мойнын созбаса әтештің дауысы шықпайды екен.
Көгершіннің ұрғашысы жанында аталық кептер болмаса, жұмыртқалай алмайтын көрінеді.
Ұрлық жасайтын құс қарғалар екен.

Жәндіктер

Ара мен құмырсқалар еңбек етпейтіндерін талап өлтіреді екен.
Жылан өзі келіп шақпайды, тек өзіне қауіп төнгенде ғана шағады.
Кірпінің терісі мен иісі бар үйге жылан мен тышқан жоламайды.
Көлбақа – күйдіргі жарасына таптырмайтын ем.
Жылан дәуіттен қорқады.
Дәуітті, өрмекшіні өлтірмейді.
Жылқы терісі жатқан жерге жылан жоламайды.
Жылқы тезегі жатқан жерге құмырсқа бармайды.
Құмырсқа су астында аз уақыт болса да өмір сүре алады.
Көбелектер отқа түсіп өледі.
Тасбақа мен көлбақа суда да, құрлықта да өмір сүреді.
Қандала мен бүрге түбіт үстінде жүре алмайды.
Жауынды-шашынды, бұлтты, желді-дауылды күндері шегіртке шырылдамайды.

Сейіт Кенжеахметұлы


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.