Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Ислам медицинасы. Алғаш рет көзге ота жасаған кім?
15:14, 09 қазан 2017

Ислам медицинасы. Алғаш рет көзге ота жасаған кім?


Денсаулық – дер кезінде қадірі түсініле білмейтін байлық. Сырқат – Жаратушы тарапынан әрбір адамға берілетін сынақ. Тән – Алланың аманаты. «Аурудың жақсысы жоқ, Дәрінің тәттісі жоқ», «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің», «Ауру кірді — әлек кірді», «Бас ауырса, жан қорқады» деп нақылдай білген қазақ денсаулықты бірінші байлыққа да балайды. Пайғамбар медицинасы – ғылыми медицинаның негізін қалаушы.

Ауру жанға батқанда қолдағы барымызды сатуға даяр болып, тауды да, сайды да асып кететініміз бар. Алайда, жаратылысын бәрінен де артық білетін Жаратушының риза болған діні исламда дерттердің шипасы бар екені ұмыт қалып жатады. Ислам немесе Пайғамбар медицинасы – заманауи ғылыми медицинадан ем табылмағанда немесе шамасы жеткенді жасап, шарасы таусылған адамның жүгінетін жері емес. Пайғамбар медицинасы – ғылыми медицинаның негізін қалаушы. Себебі, Құран – ғылымдардың анасы. Ал медицинаның бастауы – Адам атамыздан (оған Алланың сәлемі болсын), адамдарды қараңғылықтан шығарып, дұрыс өмір сүруді үйрету үшін жіберілген пайғамбарлардан басталады. Бұл сөзімізді Табараниден жеткен мына бір хадис дәлелдей алады: «Алла Тағала Адамды Жәннаттан түсіргенде, Жәннат жемістерін берді және Құдай оған түрлі кәсіп туралы білім берді әрі барлық нәрселердің атауын үйретті».

Сондай-ақ, «Медицинаның» – арабтың «Мәдәт Сина», яғни, «Синаның жәрдемшісі» деген сөзінен шыққандығын әркім біле бермейді. Дәл осы медицина ғылымының атасы атанған ислам ғұламасы Әбу Әли ибн Синаның «Медицина ғылымының заңдары» («Канон») атты еңбегі – медициналық iлiмдердiң нағыз энциклопедиясы ретінде танылған. Бұл еңбек сол кездегi медициналық бiлiмдердiң екшелеп, сараланған және бiр жүйеге келтiрiлген анықтамасы дерлiк.

Ал қазіргі таңда медициналық тәсілдерден тыс шараларды қолданатын топтың атауы болған «тәуіп» сөзі – «табиб», яғни, «емші» деген сөзден шыққан. Соңғы кезде тәуіптердің аты затына сай болудан қалып, ел-жұрт шошына қарайтын адамдарға айналуы өкінішті-ақ…

Айтпақшы, сіз білесіз бе, сонау VIII ғасырдың өзінде ислам мәдениетінің бесігі мен есігіне айналған Испаниядағы Кордова жерінде 50 емхана болған екен. Дәл осы жерде 1400 дәрінің сипаттамасы жасалып, ең алғаш рет адам көзіне ота жасалады. Бұл кезде Еуропада медицина ғылымының иісі енді ғана шыға бастаған еді. Тіпті, бұл аймақта 400 жылдан кейін ғана ең алғашқы емхана құрылады. Яғни, ислам – қазіргі ғылыми медицинаны жоққа шығармайды, керісінше оның қайнар бұлағы бола отырып, бірлесе жұмыс жасауды мақсат тұтады.

asylarna.kz


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.