Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Тәңіріңіз бергелі тұрған берекені қашырып алмаңыз!
18:36, 20 ақпан 2017

Тәңіріңіз бергелі тұрған берекені қашырып алмаңыз!


Қу дүниенің қамы деп әрі-бері шапқылап жүріп, өзімізге қымбат болған жандарды ұмытып кетіп жатамыз. Қуанышымызға ортақтасып, ауыртпашылықты бірге көретін «алыстағы ағайыннан жақын» болған көршіміздің хақысын беруді ұмытып кеткен жоқпыз ба осы? Дана халқымыз: «Итің жақсы болса – ырысың, көршің жақсы болса – тынысың», – деп, сол көршімен тату-тәтті ғұмыр кешіп, сыйласып өту керек екендігін алға тартып, өскелең болашақ ұрпаққа насихат етіп отырған. Бұрындары алыстан қонақ келе қалса, білекті сыбанып, көмекке ұмтылып, меймандар кеткенше қызметте жүретін сол көршілер еді.

Ал бүгінде зәулім-зәулім үйлер, дардай дарбазалардан көршің тұрмақ үйінің шатыры көрінбейтіндей күнге жеттік. Қойы қоралас жататын көрші ауылдарда да бұл көрініс орын алып жатқаны жаныңа батады. Подьезден шыға бере, көршісін көре қалса амандасу былай тұрсын, бет қырын көрсетпестен тік өте шығатын жандардың көбейіп бара жатқаны ұлттың осы бір құндылығының сөніп бара жатқанының көрінісі емес пе?

Ілгеріде, Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) миғражда бір бейбақтың екінші бір кісіге жабысып, соңынан қалмай жүргенін көреді. Ол қайда барса да, қасынан бір елі ажырамай: «Хақымды бер», – деп тақымдап қоймай жүреді. Пайғамбар (с.ғ.с.) жанына барып: – Ей, бұл адамда не ақың бар? Не істеді саған? – деп сұрайды. – Бұл кісіде менің алынбаған ақым бар, – дейді. – Қандай ақы? – Бұл менің көршім еді. Алла оған байлық берді. Ауласынан үнемі ауқатты адамдар арылмайтын. Ал мен өте кедей, пақыр болдым. Күнде оның есігіне сығалап телміріп тұратынмын. Ол маған көзінің қиығын да салмайтын. Бала-шағам аш жатты. Бір татым нанға зар болдым. Алла дәулетті бір басына үйіп бергенде ішіне кедей-кепшіктің де несібесін берген еді. Бұл байлығын қажетсіз жерге шашты. Қияметте екеуміз қатар келіп, Алла берген сол хақымды сұрап жүрмін, – дейді. Пайғамбар бұрынғы байға қараса, мүсәпір күйге түскен екен. Көршісіне қарауға беті шыдамай, қарайып кетіпті. Пайғамбардың алдында жер шұқиды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): – «Көрші ақысы – Тәңір ақысы». Көршісіне қарайласпаған, халін сұрамаған адам менің үмбетімнен емес, – дейді де, жүре береді. Алла расулінің бұл сөзі дүйім үмбетке таралып, кейінгіге үлгі-өнеге болыпты. «Көршінің ақысы» деген ұғым осы кезден бастап дәстүрге енген екен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәбірейіл (ғ.с.) періште көрші ақысын маған өсиет еткені соншалықты менен кейін менің мирасқорым сол көршім ба деп ойлап қалдым», – деген екен. Көршіңізге көңіл бөлмей қоюмен, Тәңіріңіз бергелі тұрған берекені қашырып алмаңыз.

Саят Тоқтасын


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2019 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.