Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Шамаң жетсе шыншылдармен бірге бол!
12:40, 07 февраля 2017

Шамаң жетсе шыншылдармен бірге бол!


Иә, шындық адам баласын дүние және ақыреттік бақытқа жеткізетін ұлы мінездерден. Тіпті, Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранның аяттарында өмірі шындықпен басталып, шындықпен өткен әрбір құлын пайғамбарларынан кейінгі орынға қоятынынан хабар берген. Әрине, шындық дегеніміз тек қана сөзімен емес, бүкіл болмысы, күйі, ісі, қарым-қатынасы осы ақиқат шындық болуы міндет. Алла тағала Өзінің адамзатқа жолдаған Ұлы Кітабында, «Тәубе» сүресі, 119-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ

«Уа, иман еткендер! Аллаға тиісінше тағзым етіңдер әрі Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар, сондай-ақ (ісі де, сөзі де түзу, Аллаға берген уәделеріне берік) шыншыл жандармен бірге болыңдар!», – деп ақиқатпен жүргендерге қарай ұмтылуға шақырады.
Иә, егер кішкене ақылымызды қозғап, назар салып, ойланар болсақ Раббымыз айтқан ақиқатты көре алатынымыз шындық. Адам баласының табиғаты, жаратылысында өзін қоршаған ортаның мінездері мен істеріне тез еріп кету бейімділігі бар. Ал, қоршаған ортамыз өтірікке белшесінен батқан, достарымыздың барлығы тек қана суайттықпен күнелтіп жүрген болса біздің де күндердің күні солардың істеріне еріп, өтірікшілерден болып қалуымыз ықтимал. Өмірлері даналыққа толы қазақ ата-бабамыз даналық сөздерінің бірінде: «Сен маған балаңның досының кім екенін көрсет, мен балаңның қандай екенін айтайын», – деп осы Құранда қозғалған ақиқатты дөп айтты емес пе?! Яғни, күнделікті қарым-қатынас жасайтын, аралас-құралас өмір сүретін ортамыздағы достарымыздың мінезі мен жүріс-тұрысына аса мән беруіміз қажет екен бауырлар! Шамамыз жеткенінше Раббымыз бұйырғандай шыншылдармен бірге жүрсек, не болмаса өзімізді шындыққа тәрбиелеп ортамызды өзгертуге тырыссақ ақиқатпен жүретін қоғамның қалыптасуына себепкер болатынымыз сөзсіз.
Алла тағала баршаларымызды шыншылдардан етсін! Сол арқылы дүние және ақыретімізді бақытқа бөлеп, Қиямет сағатында шыншылдармен бірге болуымызды тағдыр етсін!

«Al-Azim.Kz» ұлттық-ағарту порталы


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2020 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.