Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
«Ешкімге айтып қоймаймын…»
17:06, 30 января 2017

«Ешкімге айтып қоймаймын…»


Қазір адамның бәрі бірдей ұяттан жұрдай болған ба, әлде ауыздан шыққан сөзінің салмағын аңдамай ма, әйтеуір, бүгінде сыр сақтау мүмкін болмай кетті. Мүмкін ғой, бірақ сырыңды жақ ашып ешкімге айтпасаң ғана.

Расында, қазір жақыныңа «жан баласына тіс жарма» деп ант-суын ішкізіп айтқан сырыңды ертеңіне ел-жұрт түгел біліп отырады емес пе? Бұл тіпті біздің сүйегімізге сіңген әдетке айналған сияқты. Кеше ғана бір танысым кездесіп қалып, екеуміз біраз әңгімелескен болатынбыз. Сонда ол сөз арасында кәсіп ашқысы келген досының жаңа жобасы жайлы айтып қалды. «Негізі ешкімге айтпа деп еді, бірақ, саған айтайын» деп ағынан жарылды. Сонда оның әлгі досына берген уәдесі қайда қалды, ал арының алдындағы адалдығы ше? Адамның ауыздан шыққан сөзінің көк тиындық құны болмағаны ма сонда? Осыдан кейін біреуге ашылып сыр айтып көр ендеше.

Бүгінгі жастардың бойындағы және бір қателік – бұл олардың отбасындағы мәселені еш бүкпесіз сыртқа жайып салуы. Әсіресе, әйел адамның күйеуі үйге ішіп не біреуден таяқ жеп, бет-аузы көгеріп келсе, оны көп ұзамай-ақ әуелі көршісі, кейін құрбысы біліп отырады. Жолдасының әлгі ісін ортаға салып, талқылайтындарын қайтерсің тағы. Дәл осындай жаман әдетті өзім жақын араласатын бір келіншектің бойынан жиі байқаймын. Күйеуінің әзіл аралас әңгімесінен бастап арада болған жайттың бәрін еш жатырқаусыз, жасырмай айтып салатын оның бұл әдетін өзім барда барынша тыйып отырамын. Бірақ аузын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдақтығынан ба екен, әлгісін ұят деп те ойламайтын ол кім отырғанға қарамастан, өзімсініп ішіндегісін айтып қоя береді. Сірә, бұл «сөзшеңдігінен» жолдасы бейхабар болуы керек. Әйтпесе, осы уақытта дейін әйтеуір бір жанжалдың тууы тиіс еді. Негізі жұбайлардың арасындағы кикілжіңді не қандай да бір келіспеушіліктерді, екеуара кемшіліктерін болсын үшінші жақтың білуі міндет емес, мүмкін болса, мейлінше білмеуі де керек деп ойлаймын. Себебі отбасы – өте киелі ұғым. Жанұя жариялылықты сүймейді. Оның киесі мен қасиеті өз ішінде болып, құпиясы ошақ қасында қалуы керек.

Индира ІЗБАСҚАН,
«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің
баспасөз хатшысы


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2020 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.