Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Дінтанушы ғалымдар докторлық диссертация қорғады (фото)
12:53, 18 қаңтар 2017

Дінтанушы ғалымдар докторлық диссертация қорғады (фото)


Еліміздің дін саласына жаңа леппен келген бірқатар ғылыми ізденушілер ҚР Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сай философия докторы (PhD) дәрежесіне лайық деп танылды, деп хабарлайды Nmu.kz.

«Нұр-Мүбарак» университетінде екі күнге созылған докторанттардың ғылыми зерттеу жұмыстарын қорғау аяқталды. Исламтану ғылымы бойынша белгілі дін қайраткері Қайрат Жолдыбайұлы, Асқар Әкімханов, Нұрлан Анарбаев, ал дінтану саласы бойынша белгілі заңгер Мұхан Исахан мырзалар 3 жыл бойы зерттеген тақырыптары арқылы тың дүниелерді жарыққа шығарды. Академик Әбсаттар қажы Дербісәлі бастаған ғалымдар тобы әр диссертанттың зерттеуін мұқият тыңдап, сан түрлі сауалдарын ортаға салды.

Төрт диссертанттың да еңбегі дін саласымен қоса қазақ тарихында да маңызды тың деректерімен құнды. Нақтырақ айтсақ, исламтану ғылымы бойынша алғашқы болып сыннан өткен докторант Нұрлан Анарбаев «Орта ғасырлық ханафи ғалым Әбу-л Қасым әл-Фараби //әл-Фарйабидің (?-1210) «Халисатул хақа-иқ» трактатындағы моральдық-этикалық нормалар: мәні мен маңызы» тақырыбында зерттеу жасаған.

Қазақ даласындағы орта ғасырлық ғұламалардың сеңін қозғаған академик Әбсаттар қажы Дербісәлі еңбектеріндегі 30 шақты Фарабидің бірі бұл ғалым еңбектері әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткен. Мысырда жиған білім қорымен диссертант Нұрлан Анарбаев сол еңбектердің біршамасын зерттеп, ғалымның есіміндегі өзгешеліктерден бастап, ислам ғылымына едәуір жаңалықтар әкелгені, соның бірі қызықтыру және қорқыту тәсілдері қорғауды тыңдауға келген өзге ғалымдарды да бей-жай қалдырмады.

Ал докторант Асқар Әкімханов «Әбу Мансур әл-Матуридидің «иман» мәселелеріне қатысты ұстанымы («Китаб әт-Тауилат» атты еңбегі негізінде)» атты диссертациясы қазіргі қоғамымыздағы даулы тақырыптарға нақты ғылыми дәлел. Ғылыми еңбек халқымыздың діни ұстанымына күмән келтіруші жат ағымдарға ғана емес, тарих алдында ата-бабаларымыздың ұстанған сара жолының саңлақтығын дәлелдейтін құнды зерттеу болды.

Диссертант Қайрат Жолдыбайұлы «Ханафи мазхабындағы хадистерді қабылдау өлшемдері және оның фиқһи тармақтарға әсері» атты ғылыми жұмысы халқымыздың ұстанған жолының қайнар көзінің қайдан бастау алғанын нақты дәлелдеп шығады. Тіпті, қазіргді сөздік қолданысымыздағы «әдіс» сөзінің түпкі негізі «хадис» сөзімен байланысты болу мүмкіндігінің де дәлелдері келтіріледі. Егер қазіргі жат ағым жетегіндегілер әлемдік кітапханалардан аршылып алынған осы ғылыми деректерді оқыса, дауласуға дәйегі болмасы анық.

Ал дінтану бойынша Мұхан Исаханның «Мәдина конституциясының ислам мемлекеттілігінің пайда болу және қалыптасу кезеңіндегі орны мен рөлі» тақырыбындағы диссертациясы қазіргі зайырлы еліміздегі басты құндылықтарға да тікелей байланыстылық бар екендігі талқыланады. Яғни ислам дінінің ұстанымындағы адам құқығының маңыздылығы, өркениет пен мәдениет, толеранттылық мәселелерінің түп тамыры сонау ислам тарихында жатқаны ғылыми дәйектер келтірілді.

Жаңа ғылыми жұмыстардың қазақ тарихындағы маңыздылығына мән берген Диссертациялық кеңес мүшелері айтылған деректердің „Қазақстан тарихында„ ойып орын алу керектігін, бұл өскелең ұрпақ, болашақ үшін аса құнды мағлұматтар екеніне тоқталды.

Диссертанттардың оппоненттері де нақты дәлелді дәйектермен ғылыми жұмыстардың салмақтылығына тұздық қосқандай. Дискеңес мүшесі профессор Шамшәдин Керім болашақта әрбір ғылыми зерттеу жұмыстар монографиялық еңбек ретінде жарыққа шығару мәселесін алға тартты. Ал дінтанушы ғалым Досай Кенжетай мырза: «Бірнеше ғасырға ислам мен ғылымның ажырап қалған кезеңінде алтын көпірге айналған жаңа кезең әрі ғылым қағидалары да өзгерістерге ұшырауда. Сондықтан бұл жас ғалымдарға артылар үміт те міндет те зор» деп сенім білдірді.

Халықаралық деңгейде өзіндік орны бар профессорлар академик Әбсаттар Дербісәлі бастаған ғылыми кеңес тобы екі күн бойы докторанттардың еңбектерін жан-жақты жіті тыңдап, талқылады. Сондай-ақ еліміздегі дін ғылымы қазір жалпыдан нақты тақырыптарға ойысқанын әрі отандық дін ғылымының ұстанған бағытының дұрыстығына жан-жақты тоқтала кетті. Осылайша аға буын ғалымдар тобы бірауыздан төрт диссертанттың еңбекқорлығы мен ізденімпаздығына жоғары баға беріп, ғылым әлеміне басқан қадамдарына сәттілік білдірді.

Ғылыми шараға «Нұр-Мүбарак» университетінің ұстаз-оқытушыларымен бірге магистрант, докторанттары қатысты. Осылайша «Нұр-Мүбарак» университетінде елімізде жаңадан қалыптасып жатқан дін ғылымына қосылған жас ғалымдар тобы тарихты таразылай келе дәйекті дәлелдермен ел келешегіне нық қадам жасауға жаңа леп ала келгеніне куә болдық.

e-islam.kz


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.