Жаңалықтарға жазылу  Редакторға хат жазу
Көп оқылған
Отбасы: 6 — Қайшылықтар мен келіспеушіліктер кезінде әділдікті ұстануы
13:51, 17 января 2017

Отбасы: 6 — Қайшылықтар мен келіспеушіліктер кезінде әділдікті ұстануы


Ерлі-зайыптылар өздерінің мінез-құлықтары мен теріс қылықтарына билік айтатын жүйеге әуел бастан келісіп алулары керек, егер араларында қандай да бір қайшылық туатын болса, бірден соған жүгінетіндей. Кейбіреулер ел ішінде қалыптасып қалған әдет-ғұрыптарға сүйенеді, тағы біреулер әке-шешелерін араластырады, енді біреулер жолдастарының айтқандарын істейді, ал олардың ешқайсысы қате кеңес бермейтіндігіне кепілдік бере алмайды, сол себептен кей уақытта мұндай ақыл-кеңестерден жақсы нәтижелер шығып жатады, кейде керісінше бағыт алады, бірақ қанша дегенмен келелі мәселенің бір жағы қарастырылса, екінші бір жағы ескерілмеуі мүмкін, сондай-ақ осы мәселе бір тараптың пайдасына шешіліп, екінші тараптың зиян шегуі әбден ықтимал. Мұның нәтижесінде, екі арадағы қайшылықтар қайта-қайта жаңарып, құдалардың да арасы суып жатады.

Сол себептен ерлі-зайыптылар жер шарын қанша шарласа да, исламның жүйесіндей мыңға бір дауа болатын жүйені ешқашан таба алмайды. Алла Тағала құран кәрімде айтады: «Сені әлемдерге рахым етіп қана жіберген едік»(«Әнбия» сүресі, 108-аят). Бұл аяттағы «рақым» сөзі дүние ақиреттегі бақытты көздейді.

Ислам, Алла Тағала Құран Кәрімде айтқандай, — адамзат өмірінде кездесетін кез-келген саланың егжей-тегжейін қамтитын кәміл жүйе: «Және саған бүкіл нәрсені баяндауы үшін, кітапты бірте-бірте түсірдік» («Нахыл» сүресі, 89-аят).

Бұл жүйеге тән ерекшеліктердің бірі, мұсылман адам оңаша немесе көпшіліктің арасында бола ма, көңілді не көңілсіз бола ма, шаттықта немесе қиыншылықта бола ма, бәрібір, әділдік пен тақуалықты ұстануы қажет.

Алла Тағала мұны құлдарына ескертіп, Құран Кәрімде былай дейді: «Біреулердің өшпенділігі сендерді әділдіктен ауытқытып, қылмысқа апарып жүрмесін, әділ болыңдар, ол — тақуалыққа жақынырақ» («Маида» сүресі, 8-аят).

Ислам отбасы мүшелерінің әрқайсысына құқықтарын және міндеттерін әділ түрде үлестіріп берді. Пайғамбарымыз (ﷺ):«Барлығың  қамқоршысыңдар, әрі барлығың  қол астыларыңа қарайтын нәрсеге жауаптысыңдар. Әмірші де  қамқоршы, ер кісі де  отбасына қамқоршы, әйел кісі де  үйі мен балаларына қамқоршы. Барлықтарың қамқоршы саналасыңдар және қол астыларыңа жауаптысыңдар»-деді.

Әйелінің немесе балаларының қақысы ата-ананың қақысы-мен түйісіп қалған жағдайда, Алла Тағала бұйырғандай, алдымен әке-шешенің қақысы атқарылады: «Адам баласына әке-шешесіне қайырымды болуын өсиет еттік»(«Ахқаф» сүресі, 15-аят). Пайғамбарымыздан (ﷺ): «Әй, Алланың елшісі, адамдардың ішінде жақсы қарым-қатынасқа ең лайықтысы кім?»-деп сұралған уақытта: «Анаң, тағы да анаң, тағы да анаң, кейін әкең, сосын одан кейінгілер, сосын олардан кейінгілер»-деп жауап береді[1].

Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына сөзіне көңіл бөлейік: «Мүмін ақылды, парасатты және қырағы болады»[2]. Мүміндегенге ер адам ғана емес, әйел кісі де жатадаы. Мүмін ешқашан шатақ шығармайды, ұрысып-керісіп үйдің берекесін қашырмайды, болмашы нәрселер үшін ілінбейді, құрбысының да қақысын береді, ата-анасын да риза қылады, баршаның көңілінен шығады, жалпы айтқанда, бәріне де үлгереді.

Анасы мен әйелі бір уақытта қатты ауырып қалған жағдайда, мүмін екі жаққа да бірдей көңіл бөлуі қажет, мысалы анасына өзі қарағысы келсе, әйелінің қасына әпкесі, сіңлісі немесе жеңгесі секілді, туысқандарынан біреуді тағайындайды, әрине, егер мүмкін болса, ал мүмкін болмаса, бір уақыт анасының қасында, бір уақыт әйелінің қасында қалады, өйткені ислам әділдікті бұйырады. Алла Тағаланың иман келтіргендерге: «Мүмкіндігінше қолдан келгенін істеп, Алладан қорқыңдар»[3]-деп бұйыруы осы мәселеге орынды келеді.

Е.Ақатаев


[1] Әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді
[2] Ал-жамиғ ас-сағир
[3] «Тағабун» сүресі, 16-аят


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2020 Al-Azim.Kz
Сайт материалын көшіріп басу үшін міндетті түрде сілтеме қою керек.